Таңдаулы жаңалықтар:

ҚОРДАЙДА ЖАҢБЫРЛАТЫП СУАРУ ЖҮЙЕСІН ПАЙДАЛАНАТЫН ШАРУАЛАР ҚАТАРЫ КӨБЕЮДЕ

Қордай ауданы бүгінде аграрлы аймақ ретінде танылып, алқап көлемі 134 860 гектарды құрап отыр. Осы орайда аудандағы ауыл шаруашылық саласына да инновациялық технологиялардың көптеп енгізіле бастағанын айта кеткен жөн. Солардың ішіндегі қазіргі уақыт талабына сай тамшылатып суғару технологиясының көлемі 12 мыңға гектарға жетіп, 35 шаруашылықта орнатылса, жаңбырлатып суару технологиясын 10 шаруашылық жеті жүз гектардан астам алқапқа енгізген. Осылайша, қордайлық диқандар алғашқылар қатарында озық технологиялардың оңтайлы тұстарын пайдалану арқылы суармалы су, минералды тыңайтқыш және суғаруға кететін уақытын үнемдеп, өнімділік көлемін еселей арттырып келеді. 

Осындай жаңа технологияны қоданып, өнім көлемін көбейткен шаруалардың бірі Ауқатты ауылынан орын тепкен «Құрылыс» шаруа қожалығы. Бүгінде  егіс алқаптарына заманауи құрылғылар орнатып, тиімді технология, яғни жаңбырлатып суғару әдісіне көшкен.

«Соңғы бірнеше айда аспаннан бір тамшы тамбады. Бұл егістіктегі дақылдарымызға өте қауіпті. Сол себепті біз суғарудың тиімді тәсіліне көшіп, су үнемдеу технологиясын орнаттық», — дейді сөзін бастаған агроқұрылым басшысы Әділбай Семжанов.

Жалпы, аталмыш шаруа қожалығының ғұмыры ел тәуелсіздігімен тығыз байланысты. Сонау тоқсаныншы жылдары әр өңірде жекеменшік орнай бастаған тұста Әділбай Семжанов та өз алдына шаруа қожалығын құруды көздейді. Әрине, бастапқыда ауылшаруашылық техникасының жетіспеушілігі мен өнімге деген сұраныстың жоқтығы кімге де болсын оңай болған жоқ. Дейтұрғанымен, еңбек пен төзімділік адам баласын алға сүйрейтіні өмір заңдылығы. Осыны жақсы түсінген кейіпкеріміз әліптің артын бағып, қиындыққа мойымай, қолға алған ісін шама-шарқы жеткенше ілгерілете берді. Осылайша, тоқырау жылдары артта қалып, ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да күшейе түсті. Бұл өз кезегінде шаруалардың өмірін күрт өзгертіп, саланың сауығуына оң әсерін тигізді. Осының арқасында диқан-шаруаларға несиелер беріліп, субсидиялардың саны артты. Бүгінде қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткеріп, тірлігі түзелген «Құрылыс» қожалығы суармалы су тапшылығын шешуде өзгелерге үлгі болуда. Жақында агроқұрылым жаңбырлатып суғару қондырғысын сатып алған. Бұған мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау да көрсетіліпті.

«Суғаруға арналған заманауи құрылғыны алуға аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан зор қолдау көрсетілді. Қомақты қаржы тұратын қондырғыны несиеге рәсімдеп, құрылғы құнының тең жартысын мемлекет субсидиялады. Бұл біз сияқты шаруалар үшін таптырмас көмек болды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *