Таңдаулы жаңалықтар:

 Қордайда суармалы су мәселесі шешілуде

Осыдан бір ай бұрын ауданымызға Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің және «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының өкілдері келіп, аудан әкімдігінде шаруалармен кездескен болатын.  Онда биылғы жылы су шаруашылығына байланысты туындап отырған мәселелер және суармалы су тарифінің қымбаттауы турасында сөз болған еді.

Сол кезде келген министрлік пен «Казсушар» өкілдері  қордайлық шаруалардың суармалы суға тәуелділігі туралы мәселемен қанық екендерін айтып, диқандар көтерген сұрақтарды тиісті орындарға жеткізуге уәде еткен еді.

Ал, жақында Қарасай ауылында аудан әкімі бастап өткізген қоғамдық қабылдауда бұл жай тағы да көтерілді. Негізінен диқаншылықты кәсіп ететін қарасайлық шаруалармен бірге аудан әкімі Рүстем Дәулет Қарасай мен Еңбек ауылдарына Қазақ-қырғыз шекарасы арқылы келетін суармалы судың мәселесін өзі барып зерделеп қайтты. Осы жерде айта кетерлігі, негізгі су келетін Шу өзені шекараның арғы жағынан өтеді. Қарасай мен Еңбекке Кеңес Одағы кезінде тартылған «Колос» каналының бір тармағынан су үздіксіз жеткізіліп отырған. Бүгінде шекара шегенделіп, ары-бері өту шектелгелі бері шаруалардың жылдағы басты проблемасы арғы жақтан келетін судың мардымсыздығы болып отыр. Аудан әкімімен аталмыш «Колос» каналы және салынғанына 100 жыл болған «Ақжал» каналының жайын «Қазсушардың» аудандық өкілдері, шекарашылар және ауыл ақсақалдары бірге барып көрді.

Қарасайға су толық көлемде келу үшін шекара сызығында тұрған канал трубасын кеңейту қажет. Бұл мәселенің шешімі биыл табылуы бек мүмкін. Өйткені,  «Колос» каналының мемлекеттік актісі жасалып, «Казсушардың» қарамағына өткен. Оған жөндеу жұмыстары да жасалған. Басты проблема темір сымның арғы жағына техника өткізу, жөндеу жұмыстарын жүргізу болып отыр. Өйткені, Шудан үлкен көлемде келіп отырған су сиымдылығы аз арнаға сыймай, кері қайтып жатқан жерлері де бар екен. Қос ауылды толыққанды суармалы сумен қамту үшін округтегі шаруалар мен ақсақалдар аудан басшысына өз ұсыныстарын айтып, оның барлығы зерделенетін болды. Рүстем Рысбайұлы аталмыш жағдайға байланысты жақын күндері арнайы жиын өткізіп, барлық ұсыныстар мен проблемаларды қарастырып, соның ішінен оңтайлысын алу керек екенін айтып, шекараны жағалай жүретін каналдағы өзге де қандай проблемалар орын алып отырғанын өз көзімен көріп, су шаруашылығы мамандарымен, ауыл үлкендерімен сұхбаттасты.

Осыдан түйгеніміз, жақын күнде мұндағы суармалы су жайы толығымен шешімін таппаса да күрмеуі сетіней түседі дегенге сенім мол. Өйткені, суармалы судың жайы аудандық деңгейден басталып, республикалық деңгейде қаралып отыр. Бұдан бір нәтижесі шығады деп ойлаймыз.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *