Таңдаулы жаңалықтар:

Қордайда «Ел тірегі — ЕЛБАСЫ» акциясы қарқынды жүруде

«Халық» Қайырымдылық Қорының Қамқоршылар кеңесінің шешімімен 1 шілдеден бастап Қазақстанның барлық аймақтарында кезекті рет «Ел тірегі — ЕЛБАСЫ» акциясы өтуде.

Аталған жоба аясында Қордай ауданының аз қамтылған және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар да тыс қалған жоқ.

Бүгінгі таңға Қордай ауданы бойынша мүгедек балалары үйде оқитын және мүгедек балалары бар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын 113 отбасыға волонтерлар арқылы жалпы салмағы 50 кг құны 30,0 мың теңгені құрайтын азық-түлік жиынтығы таратылды. Онда ұн, күріш, макарон өнімдері, өсімдік майы, қант, шай, сүт, тәттілер бар.

Жалпы, ағымдағы жылдың 5 айдың қорытындысы бойынша Қордай ауданындағы 534 отбасына (2743​ адамға) 66,6 млн. теңгеге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді. Олардың ішінде 3-6 жас аралығындағы 653 балаға 15,0 млн. теңгеге әлеуметтік топтамамен, тұрмыстық химия құралдарымен қамтамасыз етілді. Мүгедектерді оңалту шараларына 228,0 млн. теңге қаражат қаралып, тиісті көмектер көрсетілді. Ал, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1,3 млрд. теңге бөлініп, 5 айда 600 млн. теңге қаражат жоспарға сәйкес игерілді.

Сондай-ақ, ауданның қайырымды жандары мен демеушілері тарапынан 5 айда 1075 отбасыға (5052 адамға) 36,5 млн. теңгеге қайырымдылық көмектер көрсетілді.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы аясында жалпы құны 350 млн. теңгеге 18 нысан жүзеге асырылуда. Оның ішінде: 14 тұрғын үй, 1 күрес залы, 2 спорт және 1 ойын алаңы.