Таңдаулы жаңалықтар:

ҚОРДАЙДА АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНУДА

Жамбыл өңірінде бал таңдаулы тағамдың бірі екені жасырын емес. Бүгінгі күнге балдың 1,5 келісі 3000 теңгеде саудаланады. Сондықтан балды қалтасы көтергендер ғана сатып алады. Ара шаруашылығы саласындағы жағдайды білмекке біз ауданда аталмыш істі қолға алған омарташы Жанат Көрпебаевтың шаруашылығына барып, оның жұмысымен таныстық. Бұл кәсіпке 20 жыл бұрын бет бұрған омарташы қазіргі таңда аудандық омарташылар қауымдастығының төрағасы болып табылады.

Бұрын ауыл тұрғыны инкубаторда жұмыртқадан балапан шығарып, алабай тұқымды иттерді көбейтіп, емен сыпырғыларын дайындап өткізетін. Кейін достарының кеңесімен өзі үшін жаңа бағыт – ара шаруашылығын меңгерген. Басында бірнеше ұя қойып, ісін әуесқой ретінде бастаған. Тек бертін келе, мемлекет ара шаруашылығын сақтау және дамыту жағына ден қойғаннан соң ол бал бизнесіне белсенді түрде кірісті. Бүгінгі күнге асыл тұқымды150 ара отбасы бар бұл ара шаруашылығы өңірдегі ірілердің бірі болып саналады. Мұнда жылына 4 тоннадан астам тауарлық бал өндіріледі.

Жуырда Ж.Көрпебаев кәсібін дамыту үшін грант алған. Осы мақсатта арнайы курстан өтіп, теориялық білім жетілдірген. Қазір омарташы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ұйымдастырған арашылар курсында дәріс береді. Ол ара шаруашылығы өнімдерін өндіру кезінде барынша мол өнім алу үшін зоотехникалық жұмысты, құжаттарды дұрыс жүргізу, тұқымдық аудандастыру жоспарын орындауды үйретеді.

Жалпы, омарташылардың аяқ алысы жаман емес. Карантин кезінде ұяларды шығарумен байланысты қиындықтар туындаған, дегенмен барлық проблемалар тез арада шешілетін.

Жоғарыда айтып өткеніміздей бал қашан да сұранысқа ие. Кәсіпкер тәтті кәсібін әрі қарай жалғастыруға ниетті. Сонымен бірге омарташы салада бірқатар проблемалардың бар екенін жасырмайды. Көбіне олар селекциялық-тұқымдық жұмыспен, экспортты, табиғи бал брендін ілгерілетумен байланысты.

Кәсіпкер алдағы уақытта апитерапиялық сауықтыру кешенін ашуды жоспарлап отыр. Кешенге келушілер үшін тегін демалу, ем алу мүмкіндігі қарастырылады. Айта кетсек, апитерапия деген ауруларды тірі аралармен және ара шаруашылығы өнімдерімен емдеу, бұл ем түрі күйзеліс, депрессия, қан қысымының көтерілуі, иммунитеттің төмендеуі, жүрек-тамыр аурулары сынды ауруларға шипа болып табылады.

— Омартаның ортасында ара үйшіктерінің үстіне жататын орын салу жоспарда бар. Біздің өңірде апитерапия орталығы жоқ. Демалып жатқан адам аралар гуілінен жағымды тербеліс сезіп, жаны саябырсиды. Ұялардың ішіндегі ауа прополиске қаныққан, оның да шипалық қасиеттері көп. Бұл жерде 3 сағаттан кем емес уақыт жатып демалу қажет. Бұл ағзаның жалпы сауықтыруы болып табылады, — дейді жоспарымен бөліскен омарташы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *