Көктем келді. Құрал-сайманымыз сай ма?

Көктем шығып, көк көтеріле дала төсі дүбірге бөленеді. Қазірдің өзінде диқандар уақыттан ұтуға ұмтылып, көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Жамбыл облысының басшылығы да көктемгі егіске байланысты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жиі-жиі жиын өткізіп, маусымда атқарылатын жұмыстарды жүйелеуде. Осы орайда, аталған мәселеге байланысты бірқатар жауапты тұлғалармен жүздесіп, биылғы науқанға дайындық барысының жай-жапсарымен танысқан едік.

Өткен жылы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 630, 2 мың гектарды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 37 мың гектарға немесе 6, 2 пайызға артқан. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы 255, 5 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты, 37 мың гектарға көкөніс-бақша, 85, 7 мың гектарға майлы дақылдар, 10 мың гектарға қант қызылшасы, 8, 8 мың гектарға картоп, 209, 2 мың гектарға мал азығы егілмек. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытып қана қоймай, өңір экономикасын көтеруге де негіз болатыны анық.

Ал, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Көкеев белгіленген межені асыра орындауға мүмкіндігіміздің бар екенін айтады.

–Көктемгі дала жұмыстары аса жауапты науқан болғандықтан, бірнеше ай бұрын дайындық шаралары басталып кетті. Әрине, егіс алқаптарын әртараптандыру да сала үшін маңызды мәселе екені бесенеден белгілі. Осы орайда, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру туралы меморандумға сәйкес облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 602,7 мың гектарға орналастыру көзделгенімен,  салада жүргізілген жемісті жұмыстардың нәтижесінде егіс алқаптарының көлемін 647 мың гектарға жеткізіп отырмыз.

Тұқым шаруашылығы, тыңайтқыштардың уақытында жеткізілуі, техникалардың дайындығы, жанармай мәселелерін бақылауымызда ұстап отырмыз. Дақылдар бойынша қажетті тұқымдардың қай-қайсысы да жеткілікті. Жалпы, 2018 жылдың өнімі үшін егілетін жаздық дақылдарға қажетті тұқым көлемі 52534, 3 тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда 42009, 4 тонна тұқым көлемі құйылып, ол 81, 4 пайызды құрап отыр. Сол секілді, жаздық арпа дақылына қажетті тұқым 23959, 4 тонна болса, қазіргі таңда оның 22599, 5 тоннасы дайындалды. Ал, дәндік жүгері бойынша қажетті 154 тонна тұқым, майлы дақыл бойынша 1 523  тонна тұқым дайын тұр. Өзге де дақылдарға да тиісті тұқымдар жеткізіліп, осы бағытта шаруашылықтармен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде, – деді Ерлан Елібайұлы.

Расында да, егіннен мол өнім алу кепілі  сапалы тұқым екені даусыз. Бұл орайда сала мамандары тұқымды жеткілікті көлемде әзірлеп, агротехникалық талаптарға сай сараптамадан өткізуде. Биыл аймақта шығымдылығы төмен тұқымдар түгелдей жойылып, орнына басқа түрлері ауыстырылыпты. Оның үстіне қазіргі күні шығымдылығы жоғары деп сұрыпталған тұқымның өзі де қайта тазартылуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары репродукциялы тұқымдары өзге облыстардан, шет мемлекеттерден сатып алынуда. Мәселен, қант қызылшасына қажетті тұқымдар шет мемлекеттерден алынып, қазіргі таңда тұқымдарға сараптама жұмыстары жүргізілуде екен.  Ерлан Көкеевтің айтуынша, Франциядан 8,5 мың тонна қант қызылшасының тұқымы наурызда жеткізілетін болса, Германиядан 4 мың тонна тұқым алынған.

Егіс алқаптарын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Бұл бағыттағы жұмыстарға 800 миллион теңге қарастырылып, 18, 2 мың тонна субсидияланған минералды тыңайтқыштарды алқаптарға енгізу жоспарлануда. Өткен жылы 109,0 мың гектар егістік алқапқа 17,142  мың тонна минералды тыңайтқыш пайдаланылды.  Биыл да тыңайтқыш қолданылатын егістік алқабын ұлғайта отырып, өнім көлемін арттыру көзделуде.

Басқармадан алған мәліметтерге сүйенсек, көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау барлық аудандарда жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дала жұмыстарына барлығы 8 700 данадан астам ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылады. Бүгінде тракторлардың 80, доңғалақты тракторлардың 80, соқалардың 79, тырмалардың 80, қопсытқыштардың 76, дәнсепкіштердің 79, тұқым дәрілегіштердің 80 пайызы көктемгі дала жұмыстарына дайын.

Көктемгі дала жұмыстары туралы сөз қозғағанда жанармай мәселесіне де соқпай кетуге болмайды. Себебі, науқан барысында жыл сайын елімізде жанармай тапшылығына байланысты түрлі дау туындап, ақырында дихандар қауымы шығынға батып жатады. Алайда, жауапты мамандар жанармайға байланысты биыл ешқандай түсінбеушіліктің болмайтынына сендіріп отыр.  Ағымдағы жылы Үкімет тарапынан облысқа көктемгі дала жұмыстарына 15 500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Әр айда  ауданға белгілі мөлшерде жанармай бөлініп, нарықтағы бағадан бірнеше есе төмен сатылады деп күтілуде.

Ал, Т.Рысқұлов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов өңірдегі егістік алқаптарын тиімді пайдаланып, жоғары көрсеткішке қол жеткізу мақсатында нәтижелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтуда.

–Негізі, аудандағы егістік алқабының көлемі 143 623  гектарды құрайды. Биыл жаздық арпаны 45 754, мақсарыны 16 915, жаңа жоңышқаны 2 900, картопты  500, қант қызылшасын 500, көкөністі 400, бақша дақылдарын 100 гектарға  отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, ауданға 34 мың гектар күздік бидай егу тапсырылса, бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 36 мың гектарға жетіп отыр. Науқан кезінде 293 дана трактор, 171 дәнсепкіш, 162 соқа, 1 660 тырма, 17 тұқым дәрілегіш, 211 тұқым тасымалдайтын техникалар жұмыс жасайтын болады, – дейді бөлім басшысы.

Шаруалар да соқаларын сайлап, кетпендерін қайрап күннің жылынып, жердің құрғауын тағатсыздана күтуде. Барлығы да қыста қар қалың түскендіктен мол өнім алудан дәмелі. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев биыл 80 гектарға картоп отырғызуды жоспарлап отыр.

–Былтыр 80 гектарға картоп егіп, әр гектарынан 230 центнерден өнім алдық. «Қысың қарлы болса — жер семіз, көктемің жаңбырлы болса — дән егіз» деген дана халқымыз. Қыста қар қалың түссе, жердің ылғалы мол болады. Осы қыста қар қалың түсті. Енді көктем айы жауын-шашынды болса, биыл да мол өнім аламыз деген ойымыз бар. Қазір дала жұмыстарына соңғы дайындық жұмыстарымызды пысықтап жатырмыз. Ауа райының жағдайына байланысты сәуір айының басында егіс даласындағы жұмыстарымызды бастайтын боламыз, – дейді К.Бегалиев.

Облысымыздың құнарлы алқаптарын игеру мен одан алынатын өнімді молайту диқанның бүгінгі әзірлігіне тікелей байланысты. Бұл орайда «Көктемнің бір күні — жылға азық» деп білетін шаруалар жауапты науқанға сақадай сай дайын отыр. Ендеше, қара күзге дейін бел жазбайтын майталмандардың  еңбегі берекелі болып, табыс тайқазанын тасыта берулеріне тілектеспіз.

Талғат НҰРХАНОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru