ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУРИCТІК МАУСЫМНЫҢ ҮЗІЛУІ НЕМЕСЕ COVID-19-ДЫҢ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫН АҚСАТУЫ

Ж.А.Назикова, э.ғ.кандидаты, доцент, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі,

Ж.Ж. Аубекова, экономика ғылымдарының магистрі, «Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы», бас есепші орынбасары

COVID-19 коронавирустық пандемиясы әлемнің қай жерінде, елінде өмір сүргеніне қарамастан, әр адамның әдеттегі өмір ырғағына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Белен алған ауруды алдын алу және жұқтырған адамның инфекциясын болдырмау үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды, бұл көптеген деңгейдегі кәсіпорындарды, оқу және ғылыми мекемелерді жабылуына, салалар мен өндірістердің тоқтауына алып келді.

2019 жылдың аяғында Қытайдың Ухань қаласынан белен алған пандемия бүкіл қызмет көрсету нарығынада өз әсерін тигізе білді. Алайда, оның әсері әсіресе, ауыр әсер еткен аймақ бар. Ол – туристтік индустрия.

Туризм индустриясы — дәстүрлі түрде экономикалық қызметтің жоғары табысты саласы болып саналады, әлемнің көптеген елдері мен аймақтарында әлеуметтік-экономикалық дамудың катализаторы ретінде әрекет етеді. Сонымен қатар, туризм индустриясы экономикалық қызметтің көптеген басқа салаларына мультипликативті түрде әсер етеді: көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда, қоғамдық тамақтану және т.б.

Коронавирустық пандемия 2020 жылдың басында әлемдік экономиканың, оның ішінде туризмнің барлық дерлік салаларының жай-күйіне және одан әрі дамуына үлкен әсерін тигізді.

Туризм индустриясы — бұл коронавирустық инфекция салдарынан алғашқылардың бірі болып зардап шеккен Қазақстан экономикасының салаларының бірі болып табылады. Дәлірек айтқанда, Қазақстанда алғашқы эпидемиялық жағдай бастау алған сәттен бастап, ел азаматтарын шетелдік саяхаттардан оралуына, сонымен қатар, бүкіл әлемге COVID-19 таралуына байланысты қазіргі туристік турлардың үзілуі мен қайта жоспарлауына алып келді.

Қазақстандық туристік индустрия елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі 1,1 % -ды құрағанын есте ұстаған жөн, бұл қаржылық тұрғыдан 2020 жылдың бірінші жартыжылдық жағдай бойынша 406,4 мрлд теңгені құрайды. Тиісінше, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында туризм индустриясының ел экономикасының 1,4 %-ын (701,1 млрд теңге), 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы 1,2 %, ол дегеніміз  558,2 млрд теңгені құрайды [1].

Егерде әлем бойынша туризм саласының ел экономикасына ЖІӨ-ге қосар үлес салмағы жоғары және бәсекелестікке толы болса, біздің елдің мәлеметтеріне сәйкес, жалпы туризм саласы Қазақстан экономикасында алар үлес салмағы аса жоғары дәрежеде деп айтуға келмейді және аталмыш бағыт индустриясы жас сала екенін айқын байқауға болады. Тіптен, әлем бойынша белен алған індет салдары туризм индустриясының Қазақстан экономикасына қосар үлес салмағын төмендете түсті. Яғни, байқағанымыздай аталмыш сала 2020 жылдың бірінші жартыжылдығы нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда 57,9 %- ға төмендегенін анық ағаруға болады. Бұл дегеніміз – сала өте күрделі, тоқырау деңгейінде тұрғанын аңғартады және қалыпты жағдайға түсу үшін уақыт пен мемлекет тарапынан қолдау қажеттілігін талап етіп тұр.

Ел ішінде енгізілген карантиндік және саяхаттық тыйымдар туризмді дамыту стратегиясын түбегейлі өзгертуге мәжбүр болды. Іскерлік кездесулер, жарнама және пресс-турлар сияқты танымал жарнамалық іс-шаралар бұдан былай туристік фирмаларға қол жетімді болмады.

Оның үстіне, ел туризмін қалпына келтіру перспективалары әлі де болса бұлыңғыр, демек, туризм кеңселері енді алға жылжу стратегиясын өзгертуі керек — жақын арада жаңа туристерді тарту емес, болашақ үшін жұмыс жасау және имиджді сақтау болу керек.

Мемлекет ел ішінде саяхат шектеулерінің енгізілуімен (әлемнің көптеген шетел азаматтарына Қазақстан жері өз шекараларын жауып тастады) бұл өз кезегінде, ел ішіндегі туристік кеңселерінің жұмысын өзгертті.

Дәлірек тоқталсақ, егер 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 95 341 бірлік туристік фирмалар қызмет көрсету нарығында туристерге өз қызметін ұсынса, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бұл туристтік бизнес өкілдерінің саны  109 265 бірлікке жетті, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижесі бойынша туристтік нарықта не бары 85 002 бірлікте осы сала негізінде қызмет жасайтын турфирмалар қалғанын көрсетіп отыр [2].

Демек, егер жоғарыдағы мәліметтерге сүйенсек, пандемия салдарынан 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде туристік нарықта қызмет жасап жүрген фирмалар мен операторлар саны өткен жылдармен салыстырғанда 77,7 % — ға қысқарғаның аңғарумызға болады.

Жоғарыдағы цифрлық көрсеткіштерден қандай түйін жасаймыз, туристік индустрия нарығындағы ойыншылар міндетті түрде нарықтан кетуде. Ең алдымен, бұл туристік агенттерге әсер етті. Шағын компанияларға бүгінде үлкен қысым жасалып, олардың кейбіреулері жабылуыда. Сонымен қатар, осындай күрделі дағдарыстан кейін сала бірқатар агенттіктердің де, туроператорлардың да бірқатар банкроттықтарымен бетпе-бет келіп, нәтижесінде нарық тазарады. Бөлшек сауда сегментінде, ең алдымен, шағын комиссияда жұмыс істейтін фирмалар өз жұмысын тоқтатуына алып келгенін байқатуда. Яғни, ел ішіндегі пандемиялық ахуал салдарынан туроператорлары мен фирмаларының қысқаруы, тек нарықтың тазару мен кіл мықтылардың қалуына ғана әсер етіп қоймайды, сонымен қатар, өз кезегінде еңбек нарығына әсер ете отырып, жұмыссыздықтың белен алуына тағыда түрткі болуда.

Пандемиялық дағдарыс жағдайындағы туризм — бұл экономикалық қызметтің осал түрі, ол болып жатқан өзгерістерге тез әрекет етеді, ал қалпына келтіру кезеңі салыстырмалы түрде аз. Жалпы, қай елді алмасақ та туризм индустриясын негізгі кірпіші — ол келушілер, яғни ғылыми тұрғыда айтқанда «туристер» болып табылады.

Сондықтанда, туристік ағымдардың төмендеуі тікелей келушілерге байланысты болады. Пандемия жағдайында Қазақстанға келушілер деңгейін зерделеп тоқталсақ.

2020 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындылары бойынша өткен жылғы ұқсас сәйкес кезеңмен салыстырғанда шығу және кіру туризм келушілерінің саны  0,6%-ы құрай отырып, 28,2% азайғаны байқалуда және сәйкесінше 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында келу көрсеткіші бойынша 164,6 мың адамды құрады. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ішкі туризмнің келушілерінің саны 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақ жеріне келушілер саны 979,7 мың адам құраса, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 830,2 мың адам тең болған, сәйкесінше пандемия салдарынан Қазақстанға келушілер саны  16,7%-ға төмендегенін байқаймыз.

Ал шығу көрсеткіші бойынша 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында шығу туризмі не бары 1203,8 мың адамды құраса, тиісінше, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 2256,1 мың адам болса, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 1845,6 мың адамды құрады [3]. Егерде цифраларға нақтырақ тоқталсақ, әлемді жайлаған COVID-19 пандемия салдарынан 2020 жылдың  бірінші жартыжылдығында шығушылар саны өткен жылдармен салыстырғанда 53,3 %-де төмендегенін байқауымызға болады. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанда енді қолға алынып, дамудың жаңа сатысына көтеріліп келе жатқан жас сала үшін аса ауыр жағдай.

Жалпы, Қазақстанда пандемия кезінде туризм индустриясының басты элементтері: қонақ үйлер мен басқа орналастыру орындары ұсынатын қызметтердің көлемі, қызмет көрсетілген келушілер саны сияқты, жартысына жуық төмендеді.

Дәлірек тоқталсақ, қонақ үйлер, мотельдер, кемпингтер, туристік лагерлер, қонақтар, демалыс үйлері, пансионаттар және басқалары сияқты орналастыру орындарымен көрсетілетін қызметтердің көлемі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында не бары 28 миллиард теңгені құрады, сәйкесінше 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 51 миллиард  теңгені құраса, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткішке сүйенсек, жалпы қызмет көлемі 43 миллиард теңге шамасында болды. Жоғарыдағы мәлеметтерге сүйене отырып, жалпы Қазақстанда туристтік қызметтер көлемі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында пандемия салдарынан 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда 53,4%, яғни 1,8 есе азайғанын анық байқауға болады [4].

Сонымен қатар, ел бойынша жайлаған пандемия салдарынан орналасу санаттарына келушілер санының едәуір төмендеуі байқалады. Туристтік келушілердің басым бөлігі бір жұлдызды ең бюджетті қонақ үйлерге орналасуда, яғни 2020 жылдың бірінші жартыжылдықтың өзінде бір жұлдызды қонақ үйге орналасу деңгейі бірден 10,8 есеге, 1,6 мың адамға дейін.

Үш жұлдызды қонақ үйлерге келушілер саны 3,6 есеге, 83,6 мың адамға дейін, екі есеге — бес жұлдызды қонақ үйлерге, 159,1 мың адамға дейін азайды. 806,7 мың адам санаты жоқ қонақ үйлерге орналастырылды [5].

Коронавирустық пандемия өмірдің барлық салаларында із қалдырды. Уақыттың баяулауынан басқа, үлкен қалаларда өмірдің ессіз қарқыны тоқтап қалды, көптеген салалар жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр болды.

Коронавирустық пандемия бүкіл әлем бойынша кеңінен қанат жая бастаған сәттен бастап рейстер саны қысқартылып, тіптен тоқтатыла бастады. Туристік индустрияның айнымас бөлшегі болып табылатын авиакомпанияларда вирустың таралуынан экономикалық жағынан зардап шеге бастады.

Саяхатшылар бұрын танымал болған көптеген бағыттарға аз рейстердің болуына дайындалуы керек. Қазірдің өзінде шығарылған қауіпсіз ұшулар туралы жаңа ережелер белгілі бір шығындарды талап етеді. Мысалы, бұрыннан таныс әлеуметтік дистанцияға байланысты сізге көптеген бос кеңістіктер қалдыруға тура келеді, осылайша ұшақ тек жартылай жүктеледі. Бұл дегеніміз, авиакомпания мұндай рейстерде жай ақша таба алмайды. Ал авиакомпаниялардың негізгі тұтынушылары дәл осы — туристік саяхатшылар болып табылады. Қазақстан Республикасындағы пандемия кезіндегі авиа кеңістік пен туристік салаға осы жағдайдың өзіндік әсері туралы төмендегі мәліметтерде кеңінен ашып тоқталсақ.

2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы нәтижесінде елге туристік бағыт бойынша ұшып келген рейстар саны не бары 3 291 мың айналым, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының мәлеметтер негізінде 10 685 мың айналым болса, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы 8 644 мың айналыммен аяқталған [6].

Жоғарыдағы мәлеметтер негізінде қандай қорытынды жасауға болады, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде өткен жылдармен салыстырғанда 30,8 %-  ға қысқарғаның байқауға болады. Бұл жағдайлардың нәтижесінде қаншалықты рейстер қалпына келтірілгеннен кейін де авиакомпаниялар ұзақ уақытқа «өздеріне келуі» керек екені айдан анық. Ал бұл өз кезегінде аталмыш  авиа кеңістікте орын алып жатқан жағдай да туристік индустрияға да өзіндік әсерін тигізетіні сөзссіз.

Әлемді діндеп бара жатқан COVID-19 коронавирустық пандемиясы бұрын-соңды болмаған құлдырау (туризм саласында) өте ауыр әлеуметтік-экономикалық зардаптарға әкеліп соқтыруда, жұмыс орындары мен компаниялардың тағдыры қауіп-қатерге ұшырай отырып, бұл жағдай туризм саласын қайта бастаудың шұғыл қажеттілігін көрсетеді.

Қазақстандық туризм индустриясы да ел тарихындағы ең үлкен соққыға ұшырады. Ел ішіндегі шектеулер, шекара мен қалалардың жабылуы, демалыс орындары мен туристік бағыттардың жабылуы, тур фирмалар мен операторлардың дағдарыс салдарынан жұмыстарының тоқтауы, тіптен, нарықтан шығып қалуы, демалушылардың сұранысының жоқтығы туристтік нарықтың жай-күйінің өзгеруі мен төмендеуіне әкеліп соқтыруда.

Жоғарыдағы зерттеулер нәтижесінде COVID-19 салдарынан Қазақстандық туризм индрустриясының бүгінгі таңдағы мәселер мен қандай жағдайға ұшырағанын атап көрсетсек:

  • ЖІӨ (2020 жылдың І жартыжылдығында)- 57 ,9%-ға;
  • Тур фирмалар үлесі (2020 жылдың І жартыжылдығында)- 77,7%-ға;
  • Шығу және кіру туризм деңгейі (2020 жылдың І жартыжылдығында)- 28,2 %- ға;
  • Туристерді орналастыру орындар деңгейі (2020жылдың І жартыжылдығында)- 53,7 %-ға .

Осыған сәйкес, Қазақстандық туризм индустриясы COVID-19 коронавирустық пандемиясы салдары толыққанды зартаптарға ұшырағаның және белгілі мәселелердің туындауына түрткі болғаннын байқауға болады. Мәселен:

  • туристік нарықта сұраныстың төмендеуі;
  • нарықта ойыншылар санының қысқаруы;
  • тур фирмаларының шығынға ұшырауы;
  • шығу және кіру туризм деңгейінің төмендеуі;
  • қызмет көрсету нарығындағы кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерліктің тоқтауы;
  • жұмыссыздық деңгейінің жоғарлауы;
  • тұтынушылардың қажеттілігінің қанағаттанбауы;
  • туризм индустриясынның ел экономикасына қосар үлес салмағының төмендеуі;
  • туристтік ағынның тоқтауы;
  • туристік операторлар мен фирмалардың стратегиялық жоспарларының бұзылу.

Сонымен, қазіргі жағдайда дағдарыстан шығудың лайықты жолдарын іздеу бірінші кезектегі міндетке айналды.Дағдарыс жағдайындағы туризм — бұл экономикалық қызметтің осал түрі, ол болып жатқан өзгерістерге тез әрекет етеді, ал қалпына келтіру кезеңі салыстырмалы түрде аз. Сонымен бірге, туристік өнім мен қызметке деген сұраныс азаяды, бірақ толығымен сөнбейді[7]. Қазіргі дағдарыстың барлық жағымсыз салдарларымен келесі маңызды сәтті атап өту маңызды: яғни, қазіргі заманғы туризм индустриясы үлкен өзгерістер қарсаңында тұр десекте болады. Қазақстанның туристік индустриясын жандандыру және қалыпқа келтіру үшін ұзақ уақыт кететіні сөзсіз. Сол себептенде, пандемия кезінде де осы саланы қалпына келтіру үшін аса үлкен назар мен дең қою басты мақсат болу керек, өйткені, еліміздің басты мақсаты – «туризм индустриясының құлдырауының салдарымен емес, басты себебімен күресуі керек».

Осыған байланысты қазіргі уақытта дәстүрлі және жаңа туристік бағыттар үшін жаңа  бағытты ұсынуымыз керек :

  1. ішкі туризм сегментіне назар аудару;
  2. саяхат қауіпсіздігінің аспектісін нығайту (болу орнының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын, сақтандыру өнімінің сапасын және т.б. ескеру);
  3. бюджеттік туризмге, сондай-ақ жеке туризм мен шағын топтардағы туризмге бағытталған жаңа ұсыныстар мен өнімдерді әзірлеу;
  4. жоспарлау, кешенді көзқарас, экологиялық туризмді аймақтық даму жоспарларына кіргізу;
  5. пандемия аяқталғаннан кейін оны туризтік қызметтерге қол жетімді ету үшін туристік өнімнің құнын төмендетуге арналған акцияларға субсидиялар ұсыну;
  6. туризмді цифрландыруды жеделдету, ұсынылатын қызметтерді цифрландыру, яғни, жаңа технологиялар, QR кодтар, дисплей объектілеріне арналған мультимедиялық қосымшаларды және т.б. пайдалану.

Қазіргі уақытта жағдай өте күрделі болып көрінеді: миллиондаған адамдар пәтерлерінде қамалып, рейстер тоқтатылды, қонақ үйлер бос, мейрамханалар күн көруге тырысып жатыр, көбісі жұмыссыз қалып жатыр. Бірақ ерте ме, кеш пе, пандемия аяқталады. Басқаша айтқанда, туристік бизнестің субъектілері жалпыға бірдей мемлекеттік қолдаумен қатар, өмір сүру стратегиясын ғана емес, сонымен қатар, тұтынушылардың талғамдарының өзгеруіне байланысты күтуді қажет етеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. «Туризм дамуының индикаторлары»Қазақстан туризмі статистикалық жинақ , Нұр – Сұлтан қ, 2020 жыл.
  2. «Туризм дамуының индикаторлары»Қазақстан туризмі статистикалық жинақ , Нұр – Сұлтан қ, 2020 жыл.
  3. «Қазақстан Республикасының 2018-2020 жж Туризм статискасы». Негізгі сілтеме: https://stat.gov.kz/.
  4. «Пандемия кезіндегі Қазақстанның туристік индустриясы». Негізгі сілтеме: https://inbusiness.kz/ru/news/turisticheskaya-otrasl-kazahstana-poterpela-100-usherb-iz-za-pandemii.
  5. «Кіру туризм бойынша (резидент еместер) орналастыру орындарымен кызмет көрсетілген келушілер».Негізгі сілтеме: https://stat.gov.kz/.
  6. «Қазақстан Республикасындағы көлік өнімдері және көрсетілген қызметтері (қатынас түрлері бойынша) ». Негізгі сілтеме: https://stat.gov.kz/.
  7. Келлер П.Влияние мировых кризисов на туризм // Вестник РМАТ. 2013. № 3. 17–20 бет.