Таңдаулы жаңалықтар:

Кәсіпке ынталы қордайлық жастармен кездесу өтті

Қордай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудан жастарының қатысуымен «Бізбен бірге өз идеяңды іске асыр» шарасы аясында өз кәсібін ашқысы келетін және кәсібін жаңадан ашқан жастармен кездесу өтті.

Кездесуге ауданымыздың жас кәсіпкерлері Жансұлу Мұқатова және Тимур Күмісбеков келіп, бизнестің қыр-сырлары туралы ашық сұхбат берді.

Жансұлу Мұқатова кез-келген түрдегі сабын жасай алатын өз кәсібінің шебері. Ол гүл, мультфильм кейіпкерлері, жануарлар немесе жүрек, жалпы айтқанда жан қалағанның бәрін жасай алады.  Жансұлудың сабын жасау тарихы отбасылық кездесу кезінде, қонақтар үшін ерекше сыйлық іздеуден басталған еді. Кәсібінің бастауы кезінде оған көмекке әлеуметтік желілер келді, онда ол  жаңа туған нәрестелер  түрінде қолдан жасалған сабындардың фотосуретін салды. Өнімдері көпшілік көңілінен шығып, сұраныс пайда бола бастайды. Осыдан бастап  Жансұлу жаңа кәсібін бастайды. Қазіргі таңда жас бизнесмен «Мұқатова» ЖК болып тіркеліп, «Той сәні» дүкенін ашты. Кездесу барысында Жансұлу өз материалдарымен таныстырып, жастарға шеберлігін көрсетіп, тіпті жастар өз қолдарымен сабын жасап та көрді.

Қонағымыздың бірі Тимур Күмісбеков өткен жылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша іске асырылатын «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде мемлекеттік гранттар конкурсына қатысып, нәтижесінде жеңімпаздар қатарына енген болатын. Ол ұтып алған бес миллион теңгеге қант диабетімен ауыратын адамдар үшін кондитерлік өнімдер өндіру бойынша жобаны іске асырмақ.

Жастар бизнесті бастау, туындайтын қиыншылдықтарға төтеп беру, маркетинг, мемлекеттік грант ұтып алу, бизнес жобаны жасау әрі қорғап шығу деген сауалдарына жауаптарын алып, жас кәсіпкерлердің кеңестерінен шабыттанып, олардың сөздері жастарды қанаттандырды деп айтса болады.

Сонымен қатар, кездесу соңында ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене атсалысып, жастарға кәсіпкерліктің дамуына қомақты үлес қосқаны үшін «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Р.Беделбаев кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, естелік сыйлықтарын тарту етті.

Ауданымызда кәсіпкерлікті дамытып жатқан өз ісінің шеберлері  Ж.Мұқатованың инстаграмдағы @mylovarnaya_mukatovykh және Т.Күмісбековтың @timurbakery парақшаларында жұмыстарымен таныс бола аласыздар.