Биыл Астана қаласы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл белеске елорда абыроймен жетті. Оның қайталанбас сән-салтанаты мен тәуелсіз Қазақстанның «бірінші нөмірлі» қала атануынан бөлек, халықаралық саяси аренадағы беделі де көпке мәлім. Соңғы бірнеше жылдан бері әлем назарын өзіне аударып, айтулы оқиғаларға төрін ұсынған шаһардың көркеюіне тамшыдай үлес қосу «Имсталькон» металл өңдеу зауыты мен монтаждау фирмасының ұжымы үшін үлкен мәртебе екендігін нық сеніммен айта аламын.

Арқа төсіндегі ару қаланың бойтұмарына айналған  «Бәйтеректің» құрылысына бір кісідей атсалыстық. Бүгінде елордалықтар мен қала қонақтарының игілігіне жарап тұрған бірқатар әлеуметтік нысандар мен сауда-саттық кешендерінің құрылысына өз қолтаңбамызды қалдырдық. Осы орайда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі қазақстандық павильон «Нұр әлем» сферасының құрылысына қатысқанымызды ерекше  мақтанышпен айтқым келеді.

 Соңғы 10 жылдың ішінде «Имсталькон-Жамбыл монтаждау фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысуымен Астана қаласындағы 8 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мәселен, біздің ұжым 2007 жылы Есіл өзенінің бойындағы 1 ықшам ауданда 1200 орындық мектептің, кейіннен қаладағы бизнес-орталықтардың біріне көпфункциялы залдың құрылысына атсалысты. Арада бір жыл өткен соң «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағындағы 30 мың орындық жабық стадионның құрылысының басы-қасынан табылғанымыз бар.

Ал, 2011 жылы Астанадағы «Қазмедиа» орталығы, «Бавария» автосалоны,  М.Өтемісов  атындағы Оқушылар сарайы, теннис корты  сынды нысандардың құрылысын металл құрылымдармен жабдықтау  жұмыстарын жүргізу міндетін мойнына алуға тура келді. Өз ісінің кәсіби мамандарынан құралған біздің ұжым бұл тапсырманы да тиянақты етіп орындай білді. Ара-тұра теледидардан Оқушылар сарайы мен көрме қалашығындағы «Нұр әлем» сферасын көзіміз шалғанда ондағы құрылыстың сапалы аяқталуына септігімізді тигізгенімізді мақтанышпен айтып отырудан жалыққан емеспіз.

Халық даналығында «Жақсы басталған іс-жартылай біткен іс» деген сөз бар. Елорда ә дегеннен алып құрылыс алаңына айналып үлгерді. Қала күннен күнге құлпыра түсуде. Алдағы ақарылатын жұмыстардың ауқымы да үлкен. Бұл тұрғыда бас шаһарда әлі де талайдың таңдайын қақтыратын сәулетті нысандардың бой көтеретіндігіне сене отырып, ондағы қарқынды құрылысқа қай кезде болсын үлес қосуға әзір екендігімізді жеткізгім келеді. Асқақтай бер, Астана!

Владимир НОВОСЁЛОВ,
«Имсталькон-Жамбыл
монтаждау фирмасы»
жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің  директоры

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *