Таңдаулы жаңалықтар:

Кәріз жүйесімен қамту жұмыстары жалғасуда

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Арғынбеков пен Жібек жолы көшесінен бастап №2 коллекторға дейін жүргізіліп отырған канализациялық коллектор құрылысын қадағалады. Коллектордың жалпы ұзындығы 13,1 шақырымды құрайды. 2020 жылдың қазан айында мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС тарапынан 8 шақырым коллектор тартылып, құрылыс жұмыстарының 78 пайызы аяқталған.

Аталған канализациялық коллектор құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Сайрам, Азат, Тассай, Мирас, Нұртас, Ұлағат, Шапағат, Солтүстік-шығыс және Самал-3 шағын аудандары коллекторға қосылады. Яғни, 18 мың адам кәріз жүйесіне қосылады.

Бүгінде қалада халықты кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 52,3% құраса, жыл соңына дейін қамтылуы 54%-ға өседі. Қаланың оңтүстік пен солтүстік бөлігін кәрізбен қамтудың 2022-2025 жылдарына арналған жоспарына сәйкес кәріз тазалау станциясы мен сорғы станциясының коллекторлары және елді мекендерде ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар аяқталса, 2025 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді.