Таңдаулы жаңалықтар:

«ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, БАСТАУЫШ ҰЙЫМ?» ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Утешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне қарасты Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Шымкент қалалық ұйымының құрамындағы Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті.

Онлайн форматта өткен кездесуге Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрайымы Айгүл Мұқашева, «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Шымкент қалалық ұйымының төрайымы Лариса Тургинбаева, Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің директоры Бахадир Нуралиев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Фазлиддин Режаметов, сондай-ақ, білім мекемелерінен 46 бастауыш кәсіподақ ұйымының құрамындағы кәсіподақ мүшелері қатысты.

 

Кездесуді «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев ашып беріп, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізіліп жатқан кездесулер тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізіп, конференция қатысушыларымен таныстырды.
Таныстырылымнан соң Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары және жеткен жетістіктері бойынша арнайы дайындалған бейнематериал қатысушылардың назарына ұсынылды.
Сөз кезегін алған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Фазлиддин Режаметов бастауыш кәсіподақ жұмысының негізгі міндеттері мен табыстары және алдағы жоспарлармен бөлісті.
Фазлиддин Мираметұлының мәлімдеуінше, мектепте жұмыс істейтін 213 мұғалім және 53 техникалық қызметкер бар. Барлығы да кәсіподақ мүшелері.

Кәсіподақ ұйымының жұмысшылары үшін қолайлы жағдай жасалған, әр педагогикалық қызметкерге толыққанды жұмыс сағаттары, тіпті кей мұғалімдерге қосымша жұмыс сағаттары енгізілген.
Кәсіподақ ұйымы мерекелік күндері мектеп басшылығымен бірлесе іс-шара өткізуде белсенді. Мерейтой, туған күн, зейнет жасына келген қызметкерлерге Алғыс хат және арнайы сыйлықтар ұйымдастырады. Сондай-ақ, еңбегі сіңген қызметкерлерге санаторийлерге жолдама табыстау жолын да қарастырады.

 

Кәсіподақ мушелерінің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғау 100 пайызға сақталған. Кәсіподақ комитетінің мектептегі оқу-тәрбие процесін жақсартуға ықпал ету жөніндегі ұйымдастыруышылық, тәрбие жұмыстары кәсіподақ мүшелерінің озат тәжірибесін насихаттау, озық әдістемелерді мұғалімдердің игеруіне көмек беру және өткізуге тұрақты түрде қолдау жасалады.
Ал, мектеп директоры Бахадир Усманалиұлы бірқатар мәселелерді ортаға салды. Бахадир Усманалиұлы «Педагог мәртебесі туралы» заң күшіне енгеннен кейін мұғалімдердің жалақылары артқаны үлкен қуаныш болғанын жеткізді. Дегенмен, мектеп директорлары, орынбасарлары, сондай-ақ, техникалық қызметкерлердің жалақысы бір орында қалғанын айтып, көтеру жолын қарастыруды сұрады.

Кездесуде сөз сөйлеген кәсіподақ мүшелері коронавирус індетін жұқтырған мұғалімдерге қандай да бір жеңілдік, демалыс орындарын ұйымдастыру, қосымша жәрдемақы төленуі бойынша арнайы сауалдарын қойды. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында жұмыс жасайтын әйел мұғалімдерге бастарына орамал тағуға заң аясында рұқсат берілуін сұрады.
Кездесуде сөз алған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрайымы Айгүл Мұқашева мектеп директорлары, орынбасарлары және техникалық қызметкерлердің жалақыларын көтеру бойынша Үкіметке арнайы ұсыныс дайындалып жатқанын жеткізді. Ал, басқа да мәселелер бойынша ҚР Кәсіподақтар Федерациясымен бірлесіп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылып, шешілу жолын қарастыратынын мәлімдеді.
Кездесуді қорытындылаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Утешев көтерілген мәселелер жауапсыз қалмайтынын мәлім етті.
Бұдан кейін Кәсіподақтар федерациясының қатысу үлесі бар шипажайларына баратын кәсіподақ мүшелерінің сауықтыруын және оқытуын біріктіруге бағытталған «Ем ал! Дем ал! Білім ал!» жобасына тоқталды.

Жоба аясында кәсіподақ мүшелері 10 күн ішінде қазіргі заманға сай оңалту процедураларын қабылдайды әрі Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінен жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесіне қатысты 10 түрлі тақырып бойынша дәріс алады.
Білім беру-сауықтыру жобасы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында пилоттық режимде жуырда іске қосылады. Ал 2022 жылдан бастап тың тәжірибе кәсіподақтық шипажайларға таратылады. ҚРКФ жоба арқылы бір күнтізбелік жыл ішінде 12 мың кәсіподақ мүшесін қамтуды жоспарлап отыр.
Нұрлан Сүлейменұлы кездесуді «Біз кәсіподақ мүшелерінің барлық өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешуге «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» деген ұранымызды ұстана отырып, қол жеткізе аламыз», – деп қорытындылады.