Таңдаулы жаңалықтар:

Қ.Р Президентінің 1 қыркүйектегі Жолдауындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі жаңа бастамалары түсіндірілді

09/10/20201min2120

«Antikorlive» жобасы барысында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев Президенттіміздің ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауынан туындайтын жаңа міндеттемелерді түсіндірді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алғандығын және оның пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

Ендігі кезекте жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн, — деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастырады.

Жолдауда, квазимемлекеттік құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәліметтерді және басқа да құнды деректерді бүкіл қоғамға қолжетімді ету үшін бірыңғай ақпараттық ресурс құру мәселесі де айтылды. Мемлекеттік органдардың шешімі жөніндегі ақпараттың ашықтығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуға септігін тигізеді.