«Күретамыр» күрделі жөндеуден өтпек

30/03/20191min1600

Арақашықтығы 176 шақырымды құрайтын Тараз-Жаңатас учаскесі жамбылдық теміржолдағы жүк тасымалының нағыз қайнаған бөлігі. Өйткені бұл бағыттағы болат жолдың бойында өңір тұрмақ республика химия өндірісінің көшін бастап тұрған алып химия кәсіпорындары орын тепкен. Мәселен, отандық химия индустриясының жүрегі саналатын «Қазфосфат» ЖШС-нің ірі зауыттары мен өндірістік цехтары осы учаскедегі станциялар арқылы өнімдерін елімізден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортқа шығарып келеді. Соңғы жылдары Жаңатас маңынан химия өндірісінің көрігін қыздыра түскен «Еврохим» компаниясы да экспорт көлемін арттыра бастады. Соған байланысты аталған учаске рельстерінің сапасын жақсартып, қауіпсіздігін күшейту «Қазақстан темір жолының» басты мақсаттарының бірі болып отыр.

Биылдан бастап ПЧ-51 Жамбыл жол дистанциясы 176 шақырымдық учаскенің жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алмақшы. Дистанция басшысы Жүнісбек Табылдиевтің айтуынша жол сапасының төмендігіне байланысты пойыздар бүгінгі күнде ол аумақтан жоғары жылдамдықпен жүре алмай келеді. Айта кетерлігі, бұл учаскеге күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 1954 жылы жүргізілген екен.

– Жылда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ағаш шпалдардың беріктігін арттырып қоятынымыз болмаса бұл жол күрделі жөндеуді жарты ғасырдан астам уақыт көрмеген. «Еврохим» жүк тасымалы көлемін көбейтіп жатқанына байланысты біз ең алдымен пойыздардың қауіпсіздігі мен жылдамдығын арттыруды көздеп отырмыз. Айталық, былтырдан бері Жұма-Тамды перегонының 65-79-шақырым аралығына сағатына 25 шақырымдық жылдамдық шектеуін қоюға мәжбүр болдық. Өйткені, ондағы 2-типті ағаш шпалдардың әлсіздігіне байланысты рельс пойыздардың үлкен жылдамдығын көтере алмайды. Бірінші кезекте осы перегондағы шпалдарды түгелімен темір-бетонға ауыстыруды жоспарлап, бүгінде Қазалы мен Балқаштан материалдар алдырып жатырмыз. Қазірге 4,8 шақырым жолдың шпалын жеткізіп алдық. Жұмысты алдағы сәуір айында бастауды жоспарлап отырмыз, – дейді дистанция басшысы Ж.Табылдиев.

Жалғызжолақты Тараз-Жаңатас учаскесінің 37 шақырым жолында бұйыртса биылдан бастап жөндеу жұмыстары қызғалы тұр. Ал 25 шақырым/сағат жылдамдықпен шектеліп, пойыздардың жүруін айтарлықтай бәсеңдетіп отырған перегонның жолын жөндеуге қарағандылық «ПЧМ Ағадыр» кәсіпорны мердігер болып отыр.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *