Ғылымға ілтипат — ғалымға құрмет

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абайтану ғылымына ғұмырын арнаған абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Толық адам» ілімінің негізін қалаушы Мекемтас Мырзахметұлының 90 жас мерейтойына орай «Бауыржантану» ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі, Мекемтас Мырзахметұлының ғылымдағы шәкірті, Абай Құнанбаевтың шығармашылығын зерттеуде үлкен жұмыс атқарып жүрген зерттеуші Әлімбай Аманұлы Найзабаевпен «Ғылымға ілтипат — ғалымға құрмет» онлайн кездесу өтті.
Онлайн кездесуде Әлімбай Аманұлы екі дәуірде өмір сүріп, рухани тұтастық байланыстырған ұлт зиялылары Абай мен Мекемтас шығармашылығының терең дария екеніне тоқталып, Мекемтас Мырзахметұлының 123 негізгі ғылыми тақырыбы Абайтануға арналғанын, Абай шығармашылығын қуанғандар мен сынағандар, оның философиялық ойларын теріс көрсеткен дүниелердің де болғанын, Мекемтас Мырзахметовтың диссертациясындағы Абай шығармашылығының 3 мәні: 1-ші өзінің туған әдебиеті, 2-ші шығыс әдебиеті, 3-ші орыс, сол арқылы Европа әдебиеті екенін жүйелеп түсіндірді.
Сонымен бірге Жамбыл облысында Абайтану ғылымы бір жүйеге қойылып, мықты зерттеушілердің жұмыс жасап жатқанын, оның ішінде Ахан Бодықова, Темірбек Мұхашев, Рахат Саламатовалардың еңбектерін атады.
Сөз соңында Абай шығармашылығының насихатталуы, ол болмаса, айтылмаса ілімнің басылып қалатыны, заманынан оза туған Абайдың қай ғасырда болмасын, айтқандары жаңғыра, жаңара беретінін, адамзатқа берген ой-жемісінің толассыз екенін айтты.
Сұхбат барысында «Бауыржан» орталығының атқарып жатқан жұмыстары мен Төлеген Айбергеновпен рухани байланыстары туралы әңгімеледі.