Таңдаулы жаңалықтар:

Футбол: «Тараз» көш басында

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің төртінші турындағы алғашқы ойындары өтті.
Алғашқы ойында «Тараз» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдады. Алаң иелері қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт гол соқты.
Алдымен Фейт Фрайдер Обилор 29, 44-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Ал екінші кезеңнің 51-минутында «Тараз» сапынан Педро Эуженио тағы бір гол соқса, Ненад Адамович 90-минутта кездесу нүктесін қойды. Осылайша тараздықтар қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Аталған жеңісінен кейін «Тараз» турнир кестесінде он ұпаймен көш басына шықты. Олардың еншісінде екі жеңіс, екі тең ойын бар. Бұл турда дәл қазір Оралда жергілікті «Ақжайық» пен Петропавлдың «Қызылжары» шеберлік байқасуда.Әзіре есеп 0:0.
Сондай-ақ, бүгін 18.00-де Қызылордада «Қайсар» мен Ақтаудың «Каспийі» жасыл алаңға шығады. Бүгінгі ойындарды 19.00-де «Ақтөбе» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары қорытындылайды.
Ертең 10 сәуірде Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен Қостанайдың «Тобыл» клубтары кездессе, Алматыда «Қайрат» пен Түркістанның «Тұран» клубтары ойнайды. Аталған турдағы соңғы ойын 19.00-де елордада «Астана» мен «Атырау» арасында болады.