Еріктілер ел үшін аянып қалмайды

Бұқар жырау: «Ер жігітке жарасар, қолына алған найзасы, Би жігітке жарасар, халқына тиген пайдасы», – деп тізгін ұстап, атқа мінген азаматтарға жасын жырымен ой салған. Найзаның кезі емес, білім мен біліктің, іскерліктің уақыты екені бәрімізге мәлім. Қолында тізгін ұстаған ұғымтал жастар халқына еңбек етуден аянып жатқан жоқ. Мұндай өрелі істерді алыстан іздемей-ақ, Сарысу ауданындағы күнделікті тіршіліктен-ақ, көріп отырмыз.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев осы жылды «Волонтерлар жылы» деп айқындап кеткен болатын.
Басты мақсат ерікті қызметке азаматтарды, әсіресе жастарды тарта отырып белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыру болып табылады. Жастардың ой-өрісінің дұрыс қалыптасуы, патриоттық сезімдері, адамгершілік қасиеттері ертеңгі күні ел тағдырын айқындайтын болады.
Өз еркімен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушылардың ынтасын көтеріп отыру маңызды. Өйткені, аудандық жастар арасындағы достық қарым — қатынасты нығайту, қайырымдылық саласында жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, аудандық іс-шараларды ұйымдастыру– волонтерлық қызметтегі басты мақсат.
Осы орайда аудан әкімі Қанатбек Мәдібек аудандағы еріктілердің үйлестірушісі етіп, аудан көлемінде жастар көшбасшысына айналған Бауыржан Балғабайды бекіткен болатын.
Елімізде төтенше жағдай орын алып отырған кезеңде, ауданымыздың еріктілері де үнсіз қалмады. Еріктілер өз кезегінде, бетперделерді тігумен айналысты. Бетперделерді аз қамтылған отбасыларға тегін үйлестірді. Сонымен қатар жастар болып бірлесіп, Жаңатас қаласындағы аз қамтылған, көпбалалы көмекке мұқтаж отбасыларға арнайы азық-түлік пакеттерін таратты.
Акцияға қаламыздың кез-келген тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде 135 000 қаражатқа 27 отбасыға азық-түлік таратылды. Аудандағы еріктілердің үйлестірушісі Б.Балғабай, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын мәлімдеді.
Ия, расында ерікті болу – ерлікпен тең. Сөз соңында айтарымыз. еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Әрбір қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге дағды қалыптасса алынбайтын асу жоқ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *