Сайранбай Дөненбаев: «Еңбегім де, табысым да-халықтікі»

Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының  (Жамбыл облысы)  төрағасыСайранбай Дөненбаевпен сұхбат. 

– Сайранбай Әліқұлұлы, өткен жылды «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып, абыроймен қорытындыладыңыз. Бұл атақ сізге не берді?
– Бұрын шаңырақ иесі, отбасымның асыраушысы, жан жарымның отағасы, балаларымның әкесі, халыққа қызмет етер қазақтың перзенті ретіндегі міндеттерімді сезінуші едім. Енді «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мені әлгі айтқандарыммен қоса, мемлекетімнің алдында Отаныма борыштар ұл екенімді салмақтап еске салып, жауапкершілігімді одан бетер арттырды. Алған атақтың абыройы менімен бірге қызмет етіп жүрген ел-жұртыма ортақ. Ал жүктер жауапкершілігі маған тиесілі екенін түйсіндім. Бұдан бұрын атқарған істерімді енді еселеп жүзеге асыруға міндеттімін. Және мұндай абырой тек еңбек етіп, табысты үстемелеп, байлықты бастыра жинағанға берілмейтінін білемін. Тапқанымды еліммен бөліскенімнің арқасында марапатқа ие болып отырмын. Сол себепті елге берерім де енді еселене түсуі тиіс деп білемін.
Осыдан он төрт жыл бұрын Елордада ауыл шаруашылығы саласына қатысты үлкен жиын ұйымдастырылды. Сол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында баяндама жасап, өз тірлігіммен таныстырдым. Шаруашылықтың жұмыстарына біраз кісі сенбегендей түр танытты. Сол сәтте Елбасыға шаруашылығыма келіп, мейман болып, бәрін өз көзімен көруін өтіндім. Сол алқалы басқосуда Елбасы мені екі-үш рет орнымнан тұрғызып, бір-екі сұрақ қойды. «Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ жассың ғой, байлық әлі бітеді. Адам байығанда өзгереді. Бірақ сен өзгерме. Сондықтан тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарайлас. Елдің батасын алсаң, жаман болмайсың, өсесің, өнесің» деген еді. Сол сөзі маған үлкен міндет жүктеген болатын. Көкейімде сол қалпында жатталып қалды. Арада бірнеше ай өткеннен соң, облысымызға арнайы іссапармен келген Елбасы шаруашылығымызды аралап, үйіме түсті. Онда да ризалығын байқатып кетті. Еңбегім де, табысым да – халықтікі. Халық болмаса, біз ешкім емеспіз.
Шүкір, бүгінде қожалығымызда 2 500 жылқы, 54 мың қой бар. Биыл 12 мың гектарға егін салдық.
– Әрине, мұндай байлық оңай келмегені белгілі. Кездескен кедергілер аз болмайтыны тағы анық. Сондай сәттерде сізге не көмектесті?
– Алдына нақты мақсат қойған адам соған жету жолында ешбір қиындықта кідіріп қалмайды. Көздеген мұратқа жету жолындағы талапты ештеңе де тоқтата алмайды. Табандылық пен төзім, сабыр болса –адамның алмайтын асуы жоқ. Шаруашылығымызды ашқанымызға биыл 22 жыл болды. Бастапқыда қарапайым қойшы болдым. Кейін саудамен айналыстым. Бертін келе шаруашылығымды ашып, осындай жұмысқа кірістік. Мал бағып, егін баптау оңай іс емес екенін бала күнімнен сезініп, қиын сәтте жол табу тәсілдерін әбден меңгергенмін. Талай жерде айтып та жүрмін, мен 5 жасымнан шаруаға араластым. Еңбекпен есейдім. Бес жасымда ағаш тасу, су әкелу деген секілді шаруалар менің мойнымдағы іс болатын. Әкем сауатты, зейінді кісі еді. Мен үшін қиынға соққан математиканы әкем күнде кешкісін малды қораға қамайтын сәтте санатып үйретті. 1970 жылы әкем колхоздан бір отар қой алып бақты. Мен әлі мектепке бармаған баламын. Күнде өрістен мал қайтқанда қора есігінің бір жағына мені қойып, екінші жағына өзі тұрып малды санатты. Сол күні әкем «Балам, біздің өміріміз есепсіз болды, ал сендердің өмірлеріңде есеп болады. Қой бағу мен есепті білсең аш болмайсың», деп айтқан өсиеті өміріме бағдаршамдай бағыт берді. Алғашқы күні қайта-қайта шатасып, қас қарайғанша 10-ға дейін санауды әзер үйрендім. Келесі күні оннан жүзге дейін санадым. Одан соң сандарды меңгеру өздігінен-ақ жалғаса берді. Сөйтіп, әкемнің тәрбиесінің арқасында мектепке математиканың бастапқы кезеңін меңгеріп бардым.
– Жастармен бір кездесуіңізде «Оқудың бәрін сырттай оқыдық» деп қалдыңыз…
–Төртінші сыныпқа дейін «үздік оқушы» атандым. Одан соң мектеп қабырғасындағы оқуымды сол уақытта Жамбыл аталған, қазіргі Тараз қаласындағы Макаренко атындағы мектеп-интернатта жалғастырдым. Апта басында екі күн сабаққа барып, келесі күні қойлы ауылға қайтамыз. Бес күн бойы ауылдағы шаруаға қолғабыс етеміз. Сөйтіп жүріп 8-сыныпты аяқтап, оқу қажет болғандықтан кешкі мектепті де сол қарқынмен тәмамдап шықтық қой. Себебі әкеме мал бағуға көмектесуім керек болды. Менің мектебім өмірдің өзі болды. Бірден-бір ұстазым – әкем. 1983-1985 жылдары әскер қатарында азаматтық борышымды атқарып келген соң 1986 жылы отау тіктім. Сол жылы әкем зейнетке шықты. Орнына мен шопан болып, ақ таяқты қолға алдым. Аға шопан, одан соң туып-өскен ауылым Жарлысудың басқарушысы болдым. Әкем 1994 жылы қатты науқастанып, артынша мәңгілік сапарға аттанып кетті.
Бірақ біздің кезімізде мұғалімнің алар орны да, рөлі де өте салмақты еді. Әлі есімде, еңбекке баулу пәнінен сабақ беретін Сәдірмек ағайымның қисық әрекетім үшін берген «таяғы» өмірлік сабақ болды. Сол ағайдың Абаш есімді жиен інісі менімен қатар оқыды. Ол «А», мен «Б» сыныбында едік. Көрші ауылдан келіп оқитын. Ер балалар арасында бір-бірімен күш сынасатын әдет бар емес пе?! Абаш та біздің ауылдың балаларына айбатын байқатыпты. Оны естіген мен қарап тұра алмай, Абашты соққыға жықтым. Мұғалім ағасына айтса керек, ертесіне Сәдірмек ағай мені жұмыс бөлмесіне қамап кетті. Көп ұзамай бір құшақ көк шыбық алып келіп, мені аямай сабады. Әрине, біраз сөздерді де ағытты. Мұғалімнің жазасын үйге айтып бару деген бізге мүлдем жат. Айтсам, әкем одан бетер сыбағамды беретінін білемін. Қазір баласына мектепте ұстазы артық ауыз ашып қалса, ата-анасы оқушылардың көзінше мұғалімді жерден алып, жерге салады. Ол кездегі ата-аналар баласын мұғалім жазаласа, әлденені бүлдірді немесе сабақ оқымады деп ұялатын. Мен де сол жазамды алғаннан кейін ұстазымның алдында ұятқа қалмау үшін еңбекке ерекше құлшындым. Бәлкім, олай жаза алмасам, қисық жолға түсіп кетер ме едім, кім білсін. Кейін ержетіп, өмірдің қыр-сырын ұққан соң сол ағайымның үйіне барып, мені талай әбес әрекеттерден тыйған сондағы «таяғы» үшін рақмет айттым.
– Бүгінде бүкіл елімізге танылған қожалығыңыздың аты нендей мағынада қойылған?
– Шәушен – әкемнің ел ішінде аталып кеткен есімі. Сонау ашаршылық заманда әбден арып-ашқан ел бір тістем нан таппай, жан-жаққа бытырап кетті емес пе?! Сол зұлмат жылдары әкем Әліқұл кішкентай бала, қу сүйегі шығып, шәушиіп азғандықтан жұрт «Шәуші, Шәушен» деп атап кетіпті. Атам мыңғырған мал баққан бай болыпты. Және жомарт болған екен. Малдарын ауылдастарына бөліп беріп, 1933 жылдың нәубетінде соңғы жылқысын да сойыпты. Он екі баласынан айырылған соң атамыз әжеме «Бұл жерде тұра берсек, артымызда тұяқ қалмайтын секілді. Баланы алып, басқа жаққа барып, жан сауғалаңдар», деп інісінің де тоғыздан жалғыз қалған баласын келініне тапсырып, екі әжемізге қос ұлды ертіп, ауылдан аттандырыпты. Әжелерім әкем мен немере інісін алып, айыр қалпақты ағайынның Таласын паналайды. Арада 4-5 жыл өткен соң ел іші тынышталып, жағдай бірыңғайланғанда әжем елге қайтпақ болады. Бірақ ол елден шығу қиынға соғады. Әжем еті тірі, өжет кісі еді. Қайсарлықпен түнделетіп қашып шығып, елге келсе, 700 үйлі ауылдан 70-ақ түтін қалыпты. Геноцидтік саясаттың қолдан жасалған ашаршылығында шейіт болғандар мен репрессия құрбандарына арнап, туған ауылым Жарлысудан монумент орнаттым. Кейінгі жасөспірім балалар кешегі күні талай боздақтардың құрбан болғанын біліп, бабалар рухына тағзым етіп тұрсын, өмірдің құндылығын ұғынсын деген мақсатпен.
Әлгінде айтқанымдай, әкем білімді, іскер еді. Бірақ оқуын отбасы жағдайына байланысты 2-курстан кейін тоқтатуына тура келеді. Оның іске деген қабілетін білген кеңшар директоры жауапты қызметтерді тапсырады. Бірақ 1970 жылы дипломы жоқтарды жауапты қызметтен босату бұйырылып, әкем де жұмыссыз қалады. Сол кезеңдерде өз алдына бөлек отар қой алып, кейін ұжымшар тараған тұста еңбегіне қарай сол малды берді. Негізгі қожалығымызды 1996 жылы 20 жылқы, 20 ірі қара, 500 қоймен ашқан едік. Мал да бабын таба білгенге бітеді. Тынымсыз тірліктің нәтижесінде бүгінгідей деңгейге жеттік, шүкір! Жастайымнан шаруаның қайнауында өскендіктен бе, мен үшін еңбектің үлкен-кішісі жоқ. Қазір қожалық басшысы болсам да қажет жағдайда қой бағып, мал соя беремін. Елордаға ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне барғанда қасапшым келмей қалса, сол жерде малды өзім соя беретінмін. Сонда басқа өңірлерден келген қожалық басшылары маған одырая қарағаны бар. Әрине, олар басшы орнын сақтап, қасапшысының келгенін күтеді. Ал мен бір адамды күтіп, істі қаңтарып қоя алмаймын, себебі менің артымда бір ауыл қауымы тұр. Мен тек өз отбасыма емес, бүкіл ауылыма жауаптымын.
– Бабалардан қалған даналық сөздің бірінде «Балық берме, қармақ бер» дейді. Сіздің меценаттық көмегіңіздің арқасында шаруасын тіктегендер бар ма?
– Рас, аш адамға дайын ас берсең, жеп қояды да ертесіне қайтадан мұқтаж қалпына түседі. Егер әрекет етіп, өз нанын таба алатын жолын көрсетсең, ары қарай дөңгелетіп әкетеді. Дана бабаларымыз бір-ақ ауыз сөзбен осыны меңзеген. Өз шаруашылығымда жұмыс істеп, малжандылығын танытқандарға еншілеп, алдына мал салып беремін. Соны күтіп-баптап, өз қожалығын құрып алғандар да бар. Бірнеше шаруашылықтың қорасын толтырып, алқабын жайқалтуына себепкер болып жүрмін. Осы жақында ғана Ақмола облысында болып келдім. Сол жақтан тағы бір шаруашылықты қолға алғалы жатырмыз.
Өткенде ғана Т.Рысқұлов ауданының 19 жасар қыз баласы келіп, жаңа іс бастамақ ойын айтты. Жұмыс жобасымен таныстырды. Қожалығымдағы мамандарды жинап алып, талапшыл қыздың жоспарын ортаға салдым. Мамандар жан-жақты талқылап, болашағы бар-жоғын анықтады. Кеңесе келе келешегі нәтижелі болатынына көз жеткізіп, 500 мың теңге қаржы бердім. Кешегі бейсенбіде кездесіп қалып сұрап едім, барлық құжаттарын рәсімдеп болыпты. Енді іске кіріспек. Менімен 4 айға келісімшартқа отырды. «Төрт айдан кейін ақшаңызды әкеліп беремін» дейді. Талапшыл баланың қадамына сүйсіндім, сәттілік тіледім. Міне, «болам» деген бала. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме?! Мақтанғаным емес, бүгінге дейін 23 шаруашылықты аяғынан тік тұрғыздым.
Қожалығымдағы жұмысшылардың іске адалдығына жете мән беремін. Өз ісіне шын берілген адамдарға барынша жәрдемімді аямаймын. Үймен де, материалдық қажеттілігімен де қамтимын, тек күтерім – адал еңбек. Сонымен қатар туған ауылымды бір сәтке де естен шығармаймын. Кіндік қаным тамған жерімнің көркеюіне қолдан келгенінше барымды салуға әзірмін. Дегенмен ауылды жөндеу жұмыстарына тұрғындарды түгел тартқанды жөн көрдім. Себебі базбір кісілер әп-әдемі етіп жасап қойған дүниені сындырып-бүлдіріп кететінін көріп жүрміз. Әрине, «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегеннің кері ғой. Егер сол дүние өз қалтасынан шыққан ақшаға жасалса, оның бүлінбеуін қадағалайды. Сол себепті ауыл ішін жөндеу жұмыстарына кететін қаржыны әрбір тұрғынның өз иелігінде бар малына байланысты ақша шығарттық. Сөз жоқ, сол шығынның бәрін өзім-ақ қожалығымның есебінен өтей салуыма болар еді. Бірақ ортақ дүниеге әркімнің де жанашырлықпен қарағанын қаладым.
– Жаратушыдан жиі тілейтін дұғаңыз қандай?
– Әрине, алдымен елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігіміздің мәңгі жасауы. Содан соң күндіз-түні Алладан «Зекетімді арттыра көр!» деп тілеймін. Құранда бірнеше рет қайталанатын «зекет» сөзі араб тілінен аударылғанда «тазару, өсу, өну» деген мағынаны береді. Бұл – мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін дәулетті мұсылманның Жаратушының разылығын көздеп, байлығының белгілі бір бөлігін шариғатқа сай жылына бір мәрте міскін, жоқ-жітікке беруі. Мағынасына үңілсеңіздер, зекет адамның дәулетінің артуына байланысты. Алла беріп, дәулетің артып, берер зекетіңнің мөлшері көбейсе, ризығың да үстемелене түседі.
– Өзіңіз де білесіз, қазіргі уақытта жастардың негізгі проблемасы – жұмыссыздық. Табысты кәсіпкер ретінде осы мәселенің оңтайлы шешілуіне қандай кеңес берер едіңіз?
– «Жұмыс жоқ» деген жай ғана жалқаудың сылтауы. Дені сау, өз еркі өзіндегі кісіге жұмыс кез келген жерден табылады. Тек еңбектенуге ниет болуы керек. Мейлі, белгілі бір мамандықты меңгерген дипломы болмай-ақ қойсын, қандайда бір іске қыры бар болса жеткілікті. Айтып отырмын ғой, мен мектепті де, техникум, институтты да сырттай оқыған адаммын.
«Жұмыс жоқ» деп сенделіп жүрген жастардан байқағаным – тер төгіп, шаршамай тап-таза кабинетте отырып ақша табуды көздейді. Әйтпесе біз шаруа қожалығымызға ауыл шаруашылығының мамандарын іздеп, таппай жүрміз. Мысалы, шопан, жылқышы, сауыншыны айтпағанның өзінде мал дәрігері, тұқымдарды зерттейтін химик, биолог секілді мамандар бізге өте қажет. Өткенде маған ауыл шаруашылығы саласында оқып жүрген екі бала келді. «Іс-тәжірибеден өтті деп мөр басып, қол қойып беріңізші» дейді. Жарайды, тілдей қағазға жаза салу, сия сүйкеп, қол қоя салу қиын емес. Бірақ ол сонымен маман болып кете ала ма? Ертеңгі күні жұмысқа орналасса, сол қызметін дұрыс атқара ма? Шын мәнінде іске араласпаса, тәжірибені қайдан алмақ? Міне көрдіңіз бе, әйтеуір диплом алса болды. «Оқыған, дипломы бар» деген атақ – діттегендері. Содан кейін дипломы бар, жұмысы жоқтардың қатарына қосылады.
Ауылымнан балабақша ашқанымды білесіздер. Соған «әйтеуір бір күзетші немесе сол секілді тағы басқа жеңіл-желпі жұмысқа алыңызшы» деп келетін жігіттер бар. Қыз баласы болса мейлі ғой. Тепсе темір үзетін, бір отбасының асыраушысы болатын жігіттердің жеңіл-желпіге үйірлігі қарнымды аштырады. Ауырдан қашып, жеңілге жүгірген жігіт қалай отбасын асырап, бала тәрбиелемек?
Шын іздегенге жұмыс та, табыс та бар. Жаратушы Иеміз де ниетіңе қарай береді емес пе? Ниетімізді түзетпейінше, ұжмаққа бармаймыз. Жастар осыны ескерсе екен.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА