Екі ай ішінде еліміздің су қоймаларына 1,7 млрд текше метр тасқын су жиналды
Ақпан айының басынан бері еліміздің су қоймаларына 1,7 млрд текше метр тасқын су жиналды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі тасқын суды гидротехникалық құрылыстар арқылы қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп жатыр және оны өзен-көлдерге, дихандардың қажеттіліктеріне бағыттау үшін су қоймаларына жинайды. Былтыр тасқын суды сауатты бөлудің нәтижесінде қоймалар суға толтырылды, дихандар суармалы сумен толық қамтамасыз етілді.
«Батыс Қазақстан облысындағы көлдер жүйесіне тасқын су жіберіле бастады. Атап айтқанда, облыстағы Қазсушар филиалы Пятимар су қоймасынан Көшім өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдерге су жіберуде. Қалған өңірлер әзірге су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр. 1 ақпаннан бері осы күнге дейін еліміздің су қоймаларына 1,7 млрд текше метр тасқын су жиналды», — деді Мөлдір Әбдуалиева.