Диірменнің тасындай, дөңгеленген дүние-ай…

Ас атасы — қара нанның қадірін қазақтай ешкім түсініп, білмесі анық. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ашаршылық жылдары қараша халық бір үзім нанға зәру болған. Осы ретте, небір нәубет-зобалаңды көзбен көріп, тағдыр талайын бастан кешкен қазақ халқы үшін диірмен сөзі — өмірдің өзімен астасып жатыр…

Аялдамада автобус тосып тұрған қарт әже іштей әлденені айтып көп күбірледі.  Қолтығына Қонаевтың кітабын қыстырып алыпты. Мүмкін, жөн сұрай алмай кібіртіктеп тұрған болар, кім білсін. Амандық-саулық сұрасып, жанына таядым. Кенет апам «Диірменнің тасындай, дөңгеленген дүние-ай…» деп үкілеп, қара бұлттай қатты күрсінді. Сөзге тоқтаған түрімді көріп, жол бойында қара нанмен (кириешка) қарша атысып тұрған екі балаға қолын меңзеді.

Өзін Нұргүл Әбиірбекова деп таныстырған апамның қолтығынан демеп, үйіне дейін ілесіп бірге бардым. Жол-жөнекей «Балам» деп бастады баталы әже әңгімесін.

— Қазір тоқшылық заман ғой, әлгі балалардың нанмен ойнап жатқанын көріп, жаным ауырды. Бұрын біз бір түйір нан қиқымын таппай қипақтап кететінбіз.  Алысқа кетпей-ақ, тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары тоқырау тұста ұн мен суға мұқтаж болғанымыз рас. Құр қарап отыру қайда, аш қалмаудың амалын іздеу керек. Сол тұста бала біткеннің бәрі масақ теруге кететін. Таң азаннан қара кешке дейін уыстап әкелген дақылын диірменге салып үгітіп, ұн қылатынбыз. Ол кезде диірмен деген «дефицит» болатын, қарағым. Біздің Талас ауданы Ойық ауылында диірмен мен келі-келсап тек бір-ақ үйде болатын. Оны алуға кезекке тұратынбыз. Жүгеріні шала қыздырып, оны ірі-ірі етіп тартып, келіге түйіп, одан көже жасайтынбыз. Мұнымен қоса,  қос-қос бидайды қазанның түбіндегі тоқмайға сүйкеп-сүйкеп быламық істейтінбіз. Осылайша он баланы аман-есен жеткіздік,- деп ескі әңгімесін еске алды алтын құрсақты ана.

Ойықтағы жалғыз диірмені бар үй қазіргі Жаңабай Досалиев қарияның отырған қара шаңырағы. Толқыннан толқын, ойдан ой туатыны анық. Жұт жылдары бір ауылды ашаршылықтан аман алып қалған диірмен тастың тарихына терең үңілмекке ниет еттік. Осылайша Жаңабай ақсақалдың үйіне жолымыз түсті.

-Қол диірмен мен келі-келсап әкемнен қалған. Үкіметтің қап-қап ұны шыққанша, олардың құны болмайтын. Ол кезде нан жоқ. Бұрынғының адамдары хат танымаса да, өмір сүруге бейім болған. Жұлдызға қарап жол тауып, жәндіктің қыбыр, қозғалысынан ау райын барлаған бабаларға таң қаламын. Мысалға, құмның жиегінде әжік деген шөп бар. Жаужұмырдың бір түрі. Оның еркегі мен ұрғашысы болады. Танитын адам алмаса, еркегін жеген адам уланып өледі. Соны қайнатып, жіпке тізіп, күнге кептіріп қояды. Кепкен соң қазанға салып қайнатып, жейсің. Кәдуілгі нанның дәмі болатын,- дейді қазыналы қария.

Жаңабай ақсақал әкесінен қалған диірменді, келі-келсап көзінің қарашығындай сақтап келеді. Атадан балаға мұра болып жеткен диірменнің тарихын немерелеріне жиі айтып отырады.

Иә, «Кедейдің етігіндегі бидайды тізесі қағып төгеді» деген. Бәлкім, Абай айтқан, «жұмысы  жоқтық, қарыны тоқтық — аздырар адам баласын» дейтін заман осы болар. Нанның киесінен қорқу керек, нансаңыз! Жә, диірменнің тасындай, дөңгеленген дүние-ай…

                                                                                                                                                                                                                                     Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ, Жамбыл облысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru