Дүбірлі доп додасы: деректер мен дәйектер

Енді санаулы сағаттан  кейін Ресей жерінде футболдан XXI əлем чемпионаты жалауын көтереді.

Бұл менің ес біліп əлем чемионатын көріп жүргеніме 20 жыл толуын білдіреді.

Өз басым дүниежүзілік доп додасын ресми түрде 1998 жылғы Францияда өткен əлем чемпионатынан бастап көре бастадым. Жəне мен секілді сол кезден бастап футболды көре бастағандар арамызда өте көп болуы мүмкін.

Себебі, футбол əлемдегі ең танымал спорт түрі.

Енді аз-кем осы сиқырлы ойын туралы білгеніммен бөлісе отырайын.

Футбол XIX — ғасырда пайда болғанымен одан алғашқы əлем чемпионаты 1930 — шы жылы ғана өтті.

Оған дейін əлемдік деңгейдегі футбол олимпиада ойындарына кіріктірілген еді.

Ең алғашқы əлем чемпионатының ұйымдастырылуына Француз азаматы Анри Делоненің ролі зор болды.

Оның бастамасымен 1928 жылы футболдан алғашқы əлем чемпионаты 1930 жылы Уругвайда өтетіндігі белгілі болды.

Не үшін Уругвай таңдалды. Басты себеп; Уругвай ұлттық құрамасы алдында өткен екі олимпиада ойындарында футболдан чемпион болғандығында еді.

Алайда, ол кезде алыстағы Уругвайға Еуропаның барлық командасына баруға мүмкіндік болған жоқ.

Өйткені, жол тым ұзақ болатын.

Ол кездегіні айтпағанда, қазіргі ұшақтардың өзі Уругвайға 16 сағат ұшады.

Сондықтан ең алғашқы əлем біріншілігіне Еуропадан Франция, Бельгия, Румыния мен Югославия ғана қатысты.

Ең алғашқы мундиальда жалпы саны 13 команда бақ сынасты. Финалда алаң қожайындары Уругвай командасы Аргентинаны 4:2 есебімен жеңіп, əлем тарихындағы алғашқы чемпион атанды. Кейіннен бұл біріншілік кең көлемде жалғасын тапты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі екі үзілісті есептемегенде осы уақытқа дейін 20 əлем чемпионаты өтіп үлгерді.

1930 жылдан басталған 90 жылға жуық уақыт ішінде небары 8 елдің сайыпқырандары ғана жеңіс тұғырынан көріне білді. Өткен 20 — əлем чемпионатында Бразилия 5 рет, Италия 4 рет, Германия 4 рет, Аргентина 2 рет, Уругвай 2 рет чемпион болса, Англия, Франция жəне Испания 1 реттен əлем кубогын арқалады.

Енді, биыл өтетін чемионатта жұрт жаңа чемпиондарды көреді ма белгісіз.

Себебі, 1980 жылдан бергі 38 жыл уақытта тек екі- ақ жаңа чемпион шықты.

Ол Франция мен Испания болатын.

Егер, биыл Германия жеңіске жетсе титул жөнінен Бразилиямен теңеседі. Ал, Бразилия жеңсе 6 дүркін чемпион болып, алдағы онжылдыққа ешкімге дес бермей кетері сөзсіз.

Онсыз да Бразилия ұлттық құрамасы футболда талай рекордтардың авторы.

Бір ғана Пеленің өзі үш рет қатарынан əлем чемпионы болған жалғыз адам.  Ал, қатарынан екі рет əлем чемпионы болған 20 футболшы болса, оның оншақтысы бразилиялықтар. Сонымен қатар, Бразилия барлық 21 əлем чемпионатына үзбей қатысып келе жатқан жалғыз команда.

Олар бес рет чемпион болғанымен, əлем чемпионатының ең көп финалдарына шығушы. Футболдан əлем чемпионаттарының финалдық турларына алғашында 16 команда қатысса, 1980 жылдан бастап 24 команда қатысты. Ал, 1998 жылдан бастап 32 команда қатысатын болды. 2026 жылы ол 48 команда болады деп күтілуде.

Əрине, футболдан əлем чемпионатын өткізу оңай емес. Ол үлкен қаржыны қажет етеді. Биылғы əлем біріншілігін қабылдайтын Ресей осы турнирді өткізуге 352 миллиард рубль жұмсаған.

Ол он екі қалада өтетін стадиондар салу мен жөндеуге, инфроқұрылымды ретке келтіруге жұмсалған қаражат. Бұл шығыс Еуропа жерінде өтіп отырған алғашқы əлем чемпионаты болмақшы.

XXI  əлем чемпионатының ашылу салтанаты Мəскеу уақытымен 16:00 ге жоспарланып отыр. Ол «Лужники» стадионында өтеді.

Ашылу салтанатына Ресей презиенті Владимир Путин мен өзге де аса беделді саяси тұлғалардың қатысуы жоспарланған. 2018 жылғы əлем біріншілігінің ресми гимнін орындау атақты американдық əнші əрі актер Уилл Смитке тапсырылған екен. Ұйымдастырушылар бұдан өзге де көптеген жұлдыздар болатындығын айтып отыр.

Жалпы, Ресей біздің солтүстік көршіміз болғандықтан чемипионатты көруге онда баратын қазақстандықтардың саны да көп. Мəселен: əлемдік доп додасын көзбен көруге 4500 отандасымыз аттанған екен. Бұл бұрын-сонды болмаған жағдай.

Əрине, бір айға созылатын бұл əлем чемпионатында да талай қызықтың куəсі болатындығымыз сөзсіз…

Айбол ҚАРАШЕВ

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru