«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН»: Бағдарламаның бүгіні мен болашағы қандай?

Өткен жылдың 12 желтоқсанында ел Үкіметі 2020 жылға дейін экономика, әлеуметтік және мемлекеттік басқару салаларының 12 негізгі бағытын ілгерілетуге бағытталған «Цифрлық Қазақстан» атты жаңа мемлекеттік бағдарламаны қабылдады. Ол алдағы уақытта «Экономика саласын цифрландыру», «Цифрландырылған мемлекетке көшу», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру» сынды міндеттерді кезең-кезеңімен іске асыруды межелеп отыр.

Байыпты  бағдарламаның тиімділігі сол, цифрланған экономика 2025 жылға дейін табыс көлемін 1,7-2,2 триллион теңгеге артыруға септігін тигізбек. Осы ретте, аталмыш бағдарлама жаңғыртудың үшінші толқыны аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының мемлекеттің дамуына бағытталған таяу арадағы және көпжылдық жоспарларды негізге ала отырып әзірленгендігін айта кету керек.

Болашақтағы дамудың алғышарттарының бірі күнделікті өмірге IT технологияларды қолдану және енгізу арқылы экономиканы жаңа «цифрлық құрылысқа» көшіру болып табылады. Өз кезегінде, біз жаңа цифрлы әлем кеңістігіне енгенімізді түйсіне отырып, өзімізге мемлекет, бизнес және қоғамның жаңа технологиялық құрылысқа көшуге дайындығы қай деңгейде деген сұрақты қойғанымыз жөн.

Белесті бетбұрыс

Цифрлық технология ХХІ ғасырда жаһандық экономикалық өсімнің жетекші факторына айналды. «Цифрлану» қоршаған әлемді көз алдымызда сәт сайын өзгертіп, қалыптасқан қасаң түсінікті жоюда. Ақпараттар көлемінің қарқынды өсуі әлемдік нарық пен бизнесті ынталандырып, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару салаларының ішкі және сыртқы ортасының түбегейлі өзгеруіне ықпал етті. Қазір ешкім де цифрлық технологияның біздің күнделікті өмірімізді, тұрмыс жағдайымызды қаншалықты өзгертуі мүмкін екендігін білмейді. Бірақ, үлкен бетбұрыстар кезеңі орын алады деуге толық негіз бар.

2017 жылы «Gartner» компаниясының сарапшылары әлемнің ақпараттық технология секторы дамуының 10 трендін атап көрсетті. Олардың қатарында  бұрын-соңды күнделікті қолданыста болмаған дамыған кәсіптік білім, зияткерлік, қосымшалар, «ақылды» заттар, виртуальды шындық, цифрлы қосарлану, блокчейн, сөйлеуге арналған жүйелер, желілік қосымшалар мен қызметтердің архитектурасы, цифрлы платформа және қауіпсіздіктің бейімделген архитектурасы секілді жаңа ұғымдар бар.

Алайда, бұлар жай ғана «сәнге» айналған сөздер емес. Бұл жаңа білім мен машықты талап ететін тұжырым. Сарапшылардың пікірінше, жақын арада кез келген компания мен жекелеген адамдардың табысты болуы оның озық цифрлық технологияларды қолдана алуымен анықталмақ. Мәселен, бір ғана «Интернеттегі сауда» қосымшасы арқылы желінің ауқымы кеңейіп, тек адамдар ғана емес, құрылғылар да өзара байланысқа түсу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі таңда қолданысқа енгізіліп жатқан технологиялардың негізгі үлесі өндірістік кәсіпорындарға тиесілі. Таяу жылдары интернеттегі өндірістік тауарлар  өнеркәсіп пен тасымалға және сауда-саттыққа өз әсерін тигізеді. Бүгінде әлем экономикасындағы барлық салалар бойынша цифрлық түрлендіру жайында сөз қозғауға болады. Өз кезегінде, Қазақстан да әлемнің дамыған алпауыт елдерімен бірге «цифрлық болашақтың» биігінен табылуы тиіс.

Бәрін де басынан бастау міндетті емес

Ақпараттық-коммуникативті дамытудың ғаламдық индексінің мәліметтері бойынша біздің еліміз 176 мемлекеттің ішінде 52-ші орынға табан тіреп тұр. Сәйкесінше, Қазақстан компьютерге және ғаламторға қолжетімділік көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдері арасында көшбасшы саналады. Бүгінде 6-74 жас аралығындағы қазақстандықтардың 75 пайызы интернеттің белсенді қолданушыларының қатарына жатады. 2010 жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға да жетпейтін.

Қазір интернет пен ұялы байланыстың барлық түрі еліміздің кез келген аймағында қолжетімді бола түсті. Компьютерді сауатты меңгерген тұрғындардың саны жыл санап өсіп келеді. Егер 2010 жылы ел тұрғындарының 43,7 пайызы компьютер пайдалануға қабілетті болса, қазір бұл көрсеткіш 76,2 пайызды құрайды.

БҰҰ-ның «Электронды Үкіметті» дамыту есебіндегі соңғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, жүйені қолданысқа тиімді енгізе алған Қазақстан ТМД елдері арасында көш бастап, рейтингте 33-ші орынға тұрақтаған. Ал, бұл тізімде Ресей Федерациясы 35-орыннан көрінсе, Әзірбайжан — 56-шы, Украина — 62-ші, Молдова — 65-ші және Өзбекстан 80-ші болып жайғасқан. Сондай-ақ, The Boston Consulting Group мекемесі сарапшыларымен экономиканы цифрландырудың деңгейі бойынша түзілген кестеде біздің еліміз 85 мемлекеттің арасында 50-інші орында тұр.  Соған қарамастан, Қазақстандағы жалпы ішкі өнімдегі цифрландыру секторының үлесі небәрі 3,9 пайызды құрап отыр. Әлемнің дамыған елдерінде бұл көрсеткіш 5 пайыздан жоғары. Мәселен, Оңтүстік Корея елінде бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Сәйкесінше, Ұлыбритания, Жапония, Швеция, АҚШ елдеріндегі  көрсеткіш  7-8 пайыздың төңірегінде.

Бүгінде  ұлттық компаниялар цифрлық технологияларды қолданысқа енгізу арқылы қызмет сапасын арттырып, заман ағымына сай қызмет көрсетуге көшті. Мәселен, әуе тасымалымен айналысатын «Эйр Астана» акционерлік қоғамы және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы «Жолаушылар тасымалы» мекемесі жаңа жүйеде қызмет көрсетуді бастады.  Бұдан бөлек, әуе тасымалына билеттер  іздеу, сатып алу, броньдаудың  «Aviata» жүйесі,  цифрлық коммуникация мен телекоммуникацияның құрал-жабдықтарын сату мен жеткізудің «Agency», «Adnet Network Advertising, ARLAN SI жүйелері де қазақстандық интернет кеңістігінде жиі қолданылатын қосымшаларға жатады. Сонымен бірге, ұялы телефон платформасы үшін интернет жобалар әзірлейтін «KAZNET Media» қосымшасы, бағдарламалық қамсыздандырудың «Columbus» жеткізушісі,  «ARTA» корпоративті платформа өндірушісі, «flip.kz», «OTTO Kazakhstan», «Арена S», «Белый ветер KZ», «Gulser Computers», «Технодом оператор» аталатын интернет дүкендері де қазақ интернетінде жоғары танымалдылыққа ие болып келеді.

Қазіргі таңда бізде экономиканы цифрландыруды әрмен қарай дамытуға мүмкіндік беретін базалық инфрақұрылым бар. Әлемнің алдыңғы қатарлы 85 мемлекетін негізге ала  отырып, экономикадағы цифрландыру үрдісін дамытуды кешенді бақылайтын «BCG e-intensity index» компаниясы жасаған талдау қорытындысы Қазақстан үшін бұл саладағы өсу көрсеткіші 23 пайызға жеткенін көрсетіп берді. Бұл шынында жоғарғы көрсеткіш. Бірақ, Қазақстандағы цифрлық сектордың дамуына ондағы бірқатар ішкі мәселелер тежеу болып отырғандығын айта кеткен жөн. Оған ақпараттық технология саласын реттейтін заңнаманың жеткіліксіздігін, экспорттың отын-энергетикалық, шикізаттық сипат алуын және қазақстандық тауарлардың ішкі нарық пен шетелдерде сұранысқа соншалықты ие болмауын, ішкі әкімшілік кедергілер мен жемқорлықты жатқызуға болады. Сонымен қатар, мемлекеттік құрылымдар қызметінің автоматтандырылу көрсеткіші мен жоғары технологиялы салалардың даму  динамикасының төмендігі, жоғары білікті мамандардың тапшылығы, аймақтар арасындағы жаңа технологияны пайдалану көрсеткішінің теңсіздігі де ел экономикасын цифрландыруға кері әсерін тигізуде.

Аймақтардың «Цифрлық ландшафты»

Экономиканы цифрландыруда аймақтардың «Цифрлық ландшафтын» қалыптастыруға баса назар аударылуы тиіс. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ақпараттық технология саласы бойынша қызмет көрсетуде Алматы қаласы көш бастап тұр. Алатау бөктеріндегі шаһарда жылына құны 34 миллиард теңге болатын қызметтердің әралуан түрі интернет арқылы көрсетіледі. Алайда, интернет арқылы көрсетілетін қызметтер нарығында Алматының үлесі былтыр 2016 жылмен салыстырғанда 54,9 пайызға қысқарды. Интернет қызметтерді тұтыну жөніндегі рейтингте тұрғындары жылына 18,7 миллиард теңгеге онлайн сауда жасайтын Астана қаласы 2-орынға жайғасқан. Елордалықтардың еліміздегі интернет кеңістігінде көрсетілетін IT қызметтердегі үлесі 29,7 пайызды құрайды. Аталмыш рейтингте үшінші орынға жайғасқан Қарағанды облысында көрсетілген онлайн қызметтердің құны 3,1 миллиард теңгеге жеткен.

Жалпы, елімізде 2017 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша компьютерлік бағдарламалау және кеңес беру бойынша көрсетілген қызметтердің жиынтық сомасы 63,1 миллиард теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 10,9 пайызға көп.

Жоғарыдағы аймақтар бойынша келтірілген статистикалық деректерді есепке ала отырып, цифрлық түрленудің жоғары жылдамдықпен қарқын алғанына қарамастан, бұл жүйені енгізуге еліміздің барлық аймағы дайын еместігін аңғаруға болады. Жекелеген аумақтарда ақпараттық- коммуникативті технологиялардың даму деңгейі тиісті көрсеткіштен төмен болып отыр. Оған мысалды республика аймақтарындағы сайттардың kz доменімен тіркелу картасына қарап-ақ келтіруге болады.  Сайттардың kz доменімен тіркелу көрсеткіші бойынша Алматы облысы көш бастап тұр. Елімізде kz доменімен жұмыс жасап тұрған сайттардың 57,39 пайызы  Алматы облысының, 18,43 пайызы Ақмола облысының, ал 7.06 пайызы Қарағанды облысының еншіне тиесілі. Осыған қарап-ақ, доменді атқа тіркеу көрсеткішіндегі көшбасшылар мен көш соңындағылардың арасында кәдімгідей алшақтық бар екендігін анық байқай аламыз.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы ерекше назар аударатын нәрсе — ауылды цифрландыру деңгейін арттыру екені жасырын емес. Бүгінде ол 21,3 пайызды құрайды. Жоғары жылдамдық интернетті ауыл тұрғындарының 6 пайызы  ғана қолдана алады.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанды цифрлы ету үшін жекелеген аймақтарда мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірқатар аса тиімді мәселелердің оңтайлы шешім табуы қажет.

«Цифрлық бесжылдықтың» межелері

Қалай десек те, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы негізінде түзілген 23 жоба арқылы отандық экономикада «цифрлық бетбұрыс» жасау жоспарда тұр. Жеделдетілген цифрландыру стратегиясын қолдана отырып, Үкімет әуелі энергетика және агроөнеркәсіп кешенін, өнеркәсіп пен тасымал және ақпараттық технология секторын цифрландыруға күш салмақ.

Шынында, «Цифрланған агроөнеркәсіп кешені» деген сөзді алғаш естігенде көпшіліктің елең ететіні анық. Инновацияланған агроөнеркәсіп кешенінің моделіне үлкен мәліметтерді жинау, сараптама және интеллектуальды жоспарлау және кәсіпорын динамикасын цифрлық бақылау жүйесі кіреді. Яғни, агроқұрылым толығымен цифрлық технологиялардың бақылауында  болып, арнайы түзілген жүйе арқылы жұмыс жасайды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың алғышарты ретінде жергілікті өндірісті цифрландырудың қарқынын жоғарылатуға бағытталған жобалар мен оларды іске асырудың «жол карталарын» дайындау керек. Оған қоса уақыт оздырмай, салаға қажетті кәсіби мамандарды дайындау және қайта дайындау бағдарламасын жаңартуға кірісу қажет-ақ.

Тиісті біліктілік талаптарына сай келетін әрі кәсіби машықтанған  мамандар ғана «цифрландырудың» алғашқы бесжылдығына арналған жоспарды іске асыра алады. Ол үшін жергілікті жерлерге басшылық қызметтен бастап қарапайым маманға дейін ақпараттық технология саласы бойынша кәсіби білімі мен қарым-қабілеті бар азаматтарды тартудың арнайы механизмін қолға алу керек.  Осылайша біз Қазақстанның барлық аумағында ғаламтор желісін қолжетімді етіп, тек ақпараттық технология саласы ғана емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге жағдай жасай аламыз.

Қазіргі таңда біздің аймақтардағы цифрландыру қарқыны туралы көпке қолжетімді және объективті ақпараттардың өзінен хабарымыз жоқ. Сондықтан да, цифрландырудың аймақтардағы экономика, денсаулық сақтау, ғылым, білім, мәдениет салаларында іске асуына бағыт беріп отыратын  цифрлық дамытудың ұлттық индексін көпке түсінікті етіп жасап, оны насихаттауға күш салған жөн.

Цифрлық белсенділік индексі бойынша жыл сайын түзілетін рейтинг аймақтардағы атқарылуы тиіс жұмыстың барысынан хабардар етіп, цифрландыру ісінде даму байқалатын аймақты анықтап, түйткілді мәселелерді шешудің жай-жапсарын бағамдап отыруға мүмкіндік берер еді. Бүгінде ақпараттық технология саласы бойынша Астана мен Алматы қалаларында ғана даму нүктесі қалыптасқан деп айтуға болады.

Индустриядандыру күніне орай өткен жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Цифрлық Қазақстан» – бұл біздің болашағымыз. Бізде басқа таңдау және жол жоқ!», – деп, бұл бағдарламаның маңыздылығына ерекше назар аударғаны белгілі. Бағалы бағдарлама аясында лайықты қарекет жасайтын болсақ, межеленген міндетті мерзімінде еңсеретін боламыз. Сонда ғана ақпараттық технологияда алға жылжу республиканың барлық аймақтарын қамтитын болады. Бұл өз кезегінде әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу бағытындағы қарышты қадамымызды нықтай түспек.

Бақтияр АЛДАШОВ,
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты,
ТИГУ профессоры

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *