Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Бүгін – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні

0 279

Бүгін Алаштың көсемі, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 159 жыл толды.

Әлихан Бөкейхан мемлекет қайраткері ғана емес, Оксфорд, Кембриджде мойындалған қазақ ғалымы.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері. Ол қазақ халқының ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың  басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеялық негізін қалаушы әрі жетекшісі, қазақтың «Алаш» атты тұңғыш саяси партиясының әрі қазақ-қырғыз ұлттық-территориялық автономиясының атасы әрі төрағасы болды. 1917 жылдың желтоқсанында президенттік басқару тетігі бар шынайы демократиялық парламенттік республика ретінде дүниеге келіп, 1920 жылдың тамызына дейін жасаған Алаш автономиясы бүгінгі Қазақ елінің негізін, берік іргетасын қалап берді. Ә.Н. Бөкейхан — даңқты энциклопедист ғалым 2 жоғарғы білімі бойынша ормантанушы-ғалым, агроном әлі заңгер, табиғи дарыны бойынша тарихшы, экономист, этнограф, әдебиеттанушы, журналист әрі публицист, сондай-ақ жер пайдалану мен мал шаруашылығы бойынша теңдессіз маман болатын. Оның осы күнге дейін табылып, жинақталған ғылыми-публицисткалық мұрасы 15 томға жетті.

САЯСИ ҚЫЗМЕТІ

Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда Ә.Бөкейхан Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады.

«Народная свобода» (Халық бостандығы) партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп-жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.

1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізген. Қарқаралыда патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болған.

1905 жылы Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Бірақ ол 1-ші Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Ә.Н. Бөкейхан өз жұмысын бастаған кезде Дала өлкесі генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен 3 ай Павлодар абақтысында отырды.

Абақтыдан шығып Санкт-Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін сол кездегі Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Ә.Н. Бөкейхан да солардың артынан аттанып, Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды. 1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омичъ» және «Иртышъ» газеттерінде; 1908 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищъ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды.

1909-1917 жылдары «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді.

1911-1914 «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді.

20 ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұқар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім-тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді.

Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде-ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ, алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылып, онда тек ғылыми-шығармашылық қызметпен айналысуға ғана мәжбүр болды.

1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самардан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.

АЛАШОРДА

Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады.

Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 ж. желтоқсанында Екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады.

1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады.

Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай белсенділердің көрсетуімен ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылғы тамызда қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі.

1989 жылғы мамырдың 14 КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды.

1930 жылдардан кеңес одағы күйреген 1991 жылға дейін дерлік Ә.Н. Бөкейханның есімін атауға, оның өмірі мен сан қырлы қызметін зерттеуге қатаң тыйым салынды. Ал оның аса бай әрі өте мол саяси және ғылыми-публицистикалық мұрасы кітапханалар мен мұрағаттарда, оның ішінде КСРО КГБ-сы мен Қазақстан КГБ-сының мұрағаттарында көпшілік назарынан тасада шаң басып жатты.

2016 жылғы 25 қыркүйекте президент әкімшілігі Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атындағы аудан етіп өзгертуге рұқсат берді. Астана мен Көкшетауда қайраткер атына көше берілді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.