Бір қорап темекі 4000 теңге тұрады

Өткен жылы Францияға барып келген бір Меркілік кәсіпкер ағамыз Парижде бір қорап темекінің 4000 теңге тұратындығын айтып таң қалдырып еді.

«Қайта әуежайдан шығар кезде бір блок темекі алғаным жақсы болыпты. Ол жаққа барғаннан кейін темекіні сол жақтан ала саламыз деп көсілген әріптестерім менің темекімді шекті» деп әзілдегені де бар еді ол кісінің.

Кеше жазда Жапонияға барған бір кісіден ол жақта қарбыздың 100 доллар тұратындығын естіп таң қалдым.  Яғни, қарапайым ғана бір қарбызыңыз 36 мың теңге тұрады екен.

Осыған қарап, біздегі бағаға шүкіршілік етейік дедім. Себебі, бізде қарбызың су тегін. Ал, темекі 4000 теңге емес, 400 теңге ғана)

Ал, кезінде «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда оқып келген бір азаматтың ол жақтағы коммуналдық төлемнің бағасын айтқанда жағамды ұстағанмын.

Сондықтан да, Еуропалықтар бәрін үнемдеп қолданады. Ол жақта біз секілді суды ағызып қою, үйде түнімен электр жарығын жағып жату жоқ. Өйткені, барлығы есептеулі әрі тариф қымбат.

Оған қарағанда бізде шүкіршілік екен. «Светті» түнімен немесе барлық бөлмені жағып қоясың. Суды есепсіз пайдалана бер. Бұл қазақтың кеңдігі…

Айбол ҚАРАШОВ