Таңдаулы жаңалықтар:

БЕЙНЕКАМЕРАЛАР ҚАРАША АЙЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ - Zau.kz

Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3 740 камера орнатылды. Оның 1 500-і бейнебақылау жүргізсе, 2 240 камера әкімшілік құқық бұзушылық фактілерін автоматты түрде тіркеп отырады.
Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінде өткен брифингте департамент бастығы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді.

—Қазір бейнекамералар тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Қараша айының ортасында, мүмкін айдың соңына қарай толықтай іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Іске қосылатын күні нақтыланған кезде тұрғындарға қосымша хабарлаймыз. Сол кезде жол ережесін бұзғандарға әкімшілік айыппұлдар жазыла бастайды. Камералар Шымкенттегі 100 көше қиылысы мен 200 көше желілеріне орнатылған. – деді Ералы Мұсаәліұлы.

Генералдың айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының 10 бөлімінде көрсетілгендей, елді мекендердің аумағында көлік құралдары жылдамдығын сағатына 60 шақырымнан асырмауы тиіс. Сонымен қатар қаладағы 77 бала бақша мен 152 мектептің алдына сағатына 40 шақырымдық шектеу орнатылған. Тап осындай сағатына 40 шақырымдық шектеу жол көлік оқиғалары жиі орын алатын қауіпті-апатты 41 учаскеге де орнатылып отыр. Басқа жерлерде 60 шақырыммен жүруге болады.

—Кейбір азаматтар «Бейнекамера орнатуға бюджеттен 4 миллиард теңге жұмсалыпты, осы қажет пе» немесе «айыппұл мөлшері тым көп, көшеде жүре алмайтын болдық» деген сияқты сыңаржақ пікірлер айтуда. Бірақ, жыл басынан бері Шымкентте жол апатынан 48 адам қаза тауып, 248 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған. Адам өліміне әкеп соқтырған жол көлік оқиғаларының басым көпшілігі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруының салдарынан болған. Еліміздің басты байлығы – адамның өмірі мен денсаулығы емес пе?! Бюджеттің 4 миллиард ақшасын жұмсап қаза болған 48 адамның тым болмағанда біреуін өмірге қайта әкеле аламыз ба? Әрине, жоқ. Сондықтан бұл шаралардың барлығы азаматтардың қауіпсіздігі, халықтың амандығы үшін атқарылып жатқанын әрбіріміз түсіндіруіміз керек, – деді Е.Жұмаханбетов.

Айта кетейік, жаңа бейнекамералар бұрынғыларына қарағанда техникалық тұрғыда жетілген. Бұрынғысы 60 метр қашықтықты түсіретін болса, жаңасы 120 метрді қамтиды. Оған қоса бұл құрылғылар тек жылдамдық өлшеумен шектелмей, жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздік белбеуін тақпауын және өзге де құқық бұзушылықтарды тіркейді. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер белгілен орыннан жолды кесіп өткен жағдайда осы камералардың көмегімен оларға да әкімшілік шара қолданылады.