Бертельсман қорының өкілдері: тиімді қоғамдық бақылау мен журналистердің қорғалуы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды факторлары

27/10/20201min160

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің демократияның сапасын, нарықтық экономика мен саяси басқарудың дамуын бағалайтын ең беделді халықаралық ұйымдардың бірі – Бертельсман қорының басшылығымен онлайн-кездесуі өтті.

Кездесуді Қазақстанның өзекті әлеуметтік-саяси және сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалары туралы шолу бейнеролигін көрсетуден бастаған Алик Шпекбаев жемқорлықты азайту мен саяси трансформация арасындағы ажырамас байланысты атап өтті.

«Президент парламенттік оппозицияның құқықтық мәртебесін реттеуден, жала жабуды қылмыстық сипаттан арылтудан, саяси партияларды тіркеуді жеңілдетуден және олардың тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізуден, бейбіт жиналыстар өткізуді либеризациялаудан басталған елді саяси жаңғыртуға ерекше назар аударады. Әсіресе, бюрократиялық кедергілер мен мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен азаматтардың құқықтары мен бизнесті қорғаудың сенімді кепіліне айналатын, 2021 жылдан бастап іске қосылатын рәсімдік-процестік кодекстен ерекше әсер күтілуде. Жақын арада іске асырылатын ауыл әкімдерін сайлау, қоғамдық бақылау туралы заңды қабылдау, азаматтардың ұсыныстары үшін онлайн-петицияларды енгізу бастамалары – жүргізіліп жатқан саясаттың қисынды жалғасы», — деп мәлімдеді Агенттік төрағасы.

Қор өкілдері жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары қызығушылық танытып, Қазақстанның жемқорлық пен демократия деңгейінің арасындағы тікелей байланысты түсінуінің маңыздылығын атап өтті.

Атап айтқанда, Еуразия бойынша өңірлік үйлестіруші Ханс-Йоахим Шпангер тиімді қоғамдық бақылау мен журналистердің қорғалуын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды факторлары деп атады.

«Жала жабуды қылмыстық сипаттан арылту туралы шешім шынайы демократияға бастаған маңызды қадам және азаматтар мен БАҚ-тың жемқорларды әшкерелеуге кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп баса айтты Шпангер мырза.

Қордың бас сарапшысы Хауке Хартман және оның әріптестері 2019-2020 жылдарға арналған «Трансформация индексі» зерттеуі аясында Қазақстанның кезекті шолуын дайындауды ескере отырып, мұндай таныстыру презентациялары сарапшыларға жүргізілген реформалар мен алдағы стратегияның келешегіне терең талдау жүргізуге көмектесетінін атап өтті.

Хартман мырза «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының халықаралық коммуникациялар үшін де өзекті екенін атап өтті: «… қандай да бір мемлекеттің белсенділік деңгейі неғұрлым жоғары болса, елдік бағалау да объективті әрі ашық болады. Бұл тұрғыда Қазақстанға лайықты баға беру керек».

Бертельсман қорының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігі жөніндегі соңғы есебінің қорытындысы бойынша Қазақстан өз көрсеткішін 2 балға жақсартып, бұл жетістіктің халықаралық қоғамдастық тарапынан оң қабылданып жатқанын атап өткен жөн.