Берік Уәли Жамбылда не тындырды?

Белгілі журналист Берік Уәлидің Жамбыл жерінде жаңа қызметке тағайындалғанына жүз күннің жүзі болды. Бұл, әрине, көп уақыт емес. Дейтұрғанмен,  майталман маман үшін маңызды мүмкіндік. Сонымен телеарнада тәжірибесі толысып, мемлекеттік қызметтің мектебінен өткен басшы Әулиеата өңіріне нендей өзгерістер ала келді?

Халық даналығында «Жақсы басталған іс-жартылай біткен іс» деген сөз бар. Берік Уәли де жұмысты жақсы бастады. Ә-дегеннен ел-жұртпен етене байланыс орнатып, емен-жарқын кездесуге басымдық берді. Қашанда қазыналы қарттарын қадірлеген халықтың ұрпағы емеспіз бе, басқарма басшысы да алғашқы кезекте ардагерлер үйіне ат басын бұрды. Байыпты басқосуда облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері лайықты әңгіме өрбітіп, ой-пікір алмасты. Мұнан соң Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні аясында  телеарналар мен газеттердің редакциялардың тыныс-тіршілігімен танысып, мерекелік тілегін арнады. Бұл жолғы кәсіби мереке бұрынғыдан өзгерек, жоғары деңгейде аталып өтті. Сала мамандары қуықтай кабинетте емес, салтанаты жарасқан сәнді мейрамханада бас қосты. Ән мен жырдан шашу шашылып, тілектер тиегі ағытылды. Үздіктер облыс әкімі А.Мырзахметовтың  марапатына ие болды. Осының өзі басқарма басшысының ұйымдастырушылық қабілетін айқын аңғартып тұрды.

Әлбетте, ішкі саясат басқармасының жұмысы сан -салалы. Осы орайда Берік Уәли тек журналистермен ғана емес, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, әлеуметтік желіні белсенді қолданушы азаматтармен кездесіп, еркін форматта дидарласты. Мұндай жерде ұтымды ұсыныстардың айтылатындығы белгілі. Басқарма басшысының ортақ мақсат жолындағы ойлары да көпшілікті қуантты, қанаттандырды. Сонымен қатар жаңашыл басшы жанына жалынды жастарды топтастырып, бұқаралық спорттың дамуына ұйытқы бола білуде. Әсіресе, өзі капитан болып саналатын «Тараз Пресс» футбол клубының жігіттері жасыл алаңда жасындай жарқылдап, жүлдеден жүлде қоймай жүр. Әулиеаталық фулболшылар күні кеше ғана Ақмешітте Қызылорда облысы әкімінің кубогы сарапқа салынған республикалық турнирде екінші орынды еншіледі. Мұның өзі өскелең ұрпаққа өнеге.

Ал, бүгін басқарма басшысы   өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясына қатысып, тындырымды тірліктерді тілге тиек етті.

Бүгінде халық пен билік өкілдерінің байланысын нығайтып, барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жамбыл облыстық жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен «J-RECEPTION» интернет қабылдау сайты жұмыс істеуде.

Яғни, «Интернет-қабылдау» сайтында азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелерді қабылдау, тіркеу және қарау бойынша «интернет-қабылдау» сайтының модулі әзірленіп, азаматтардың билік органдарымен кері байланысы ұйымдастырылды.

Ал, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру» жобасы аясында облыстық, Тараз қалалық, аудандық  Қоғамдық кеңестері жұмыстарының ашықтығын көрсету мақсатында Q-KENES.KZ сайты жұмысын бастады.

Келесі жылы да осы сайттарды өзектендіру және ілгерлету бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

Айта кету керек, биылғы жылдың негізгі қоғамдық-саяси тақырыбы Елордамыз-Астана қаласының 20 жылдығы болды. Жыл ішінде бірқатар қоғамдық-мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, 29 маусымда «Астана – аймақтар арқауы» облыстық форумы өткізілді.

Елбасының Жарлығымен елімізде алғаш рет шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленіп, Жамбыл Жабаев ескерткіштерінің алдында 300-ден астам домбырашылар ұлттық күйлерді орындады.

Басқарма Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды тікелей үйлестіріп келеді. Бағдарлама аясында басқарманың ұйытқы болуымен халықты рухани тұрғыда байыту мақсатында республикалық деңгейдегі танымал азаматтар мен зиялы тұлғалар шақырылып, кездесулер мен ауқымды шаралар өткізу қолға алынды.

29 тамызда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, археолог Айман Досымбаеваның және басқа да азаматтардың қатысуымен «Тараз – тарих айнасы» ғылыми практикалық конференциясын өткіздік. 7 қыркүйекте ҚР Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің және Одақ мүшелерінің облыстағы зиялы қауым өкілдерімен «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді.

Осы күні М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде партизан жазушы, Халық қаһарманы Қ.Қайсеновтың 100 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды.

11-13 қыркүйек аралығында Кеңес одағының батыры, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Аманат арқалаған жан» атты Жамбыл облысына сапары ұйымдастырылып, облыс жұртшылығымен, студент жастармен және Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесті.

Айтыскер, ақын Әзімбек Жанқұлиевтың өмірден өткеніне 15 жыл толуына орай әдеби еске алу кеші өткізілді.

Сонымен бірге, облыс үшін жылдың айтулы жаңалықтарының бірі – «Мерейлі отбасы 2018» республикалық байқауында білім саласында ұрпақтар сабақтастығын жалғап жүрген Ниязқұловтар отбасы 1 орын иеленді. Бұл барша өңір жұртшылығының қуанышы болды.

Жалпы, Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру бойынша 2018 жылы 3 млрд 50 млн теңгеге 119 кіші жоба мен 73 іс-шара іске асырылуда. Оның ішінде 350 млн теңгесі жергілікті бюджет, 2,7 млрд теңгесі меценаттар есебінен қаржыландырылуда,-деді Берік Уәли.

Басқарманың негізгі жұмыстарының бірі – түсіндіру және ақпараттық саясатты жүргізу.

Бүгінде облыста 59 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. Оның ішінде 14-де мемлекеттің қатысу үлесі бар. /Мерзімді басылымдар саны – 50, телеарналар – 2, ақпараттық агенттіктер – 7./

Биылғы жылы жаңадан 4 БАҚ тіркелді. Оның ішінде: 1 журнал және 3 ақпараттық агенттік («СЭР» спортивно-экономическое ревю» журналы, «AQ JOL-AQPARAT», «ZAU.KZ», «08info»).

         Өңірде 40 бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ақпараттық саясатты   жүзеге асырып келеді.

Сонымен бірге, ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік желілердегі жұмыстарды жүйелендіру үшін облыс әкімінің «Интернет кеңістігінде ақпараттық жұмысты жүргізу туралы» №142 өкімімен облыс әкімдігінің басқармалары, Тараз қаласы жəне аудан әкімдіктерінің интернет желісіндегі ақпараттық жұмыстарын жандандыру жұмыстары ішкі саясат басқармасына жүктелді.

Осыған байланысты ішкі саясат басқармасының бастамасымен барлық аудандар мен Тараз қаласында «Ақпарат кеңістігінде жұмыс істеудің жүйесі» атты көшпелі оқу-семинары өткізілді. Естеріңізге сала кетейік, бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады.

Осы негізде арнайы түсіндіретін, үйрететін топ құрылып, барлық мекеменің ақпаратты тарату жұмысын кəсіби деңгейге көтеру үшін арнайы семинарлар  жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде:

— 10 аудан мен Тараз қаласы әкімдігінің фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары ашылды;

— жан-жақты ақпарат таратуды (фото, видео, анонс, релиз) бастады;

— баспасөз қызметіне жауапты мамандар оқырманмен кері байланыс орнатып, олардың сұрақтарына жауап беруді енгізді;

— Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқыту семинар-тренинг жұмыстары жүргізілуде.

         —ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес, барлық мемлекеттік мекемелерде, яғни облыс әкімдігінің басқармалары, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде баспасөзге жауапты мамандар бөлінді. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары басқарма тарапынан  жүзеге асырылып келеді.

         Мәселен, 17 тамызда Меркі ауданы, «Тұран» демалыс аймағында облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің 70-ке жуық баспасөз хатшылары мен журналистеріне, блогерлеріне арналған «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында 1 күндік семинар-тренинг өтті. Аталмыш шарада «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі, медиатренер Асхат Еркімбай және республикалық «El.kz» интернет жобасының жетекшісі, медиатренер Бэлла Орынбетова ақпарат таратудағы сауаттылық, бүгінгі журналистиканың талаптары, ақпаратты тексеру (фактчекинг) сияқты тақырыптарда дәріс оқып, семинарға қатысушыларға осы тақырыптар аясында кеңінен түсіндірді.

24 тамызда «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты семинар-тренинг өткізілді. Аталған шарада «Баспасөз қызметкерінің жауапкершілігі», «Мекеме жаңалықтарын ұйымдастырудағы баспасөз қызметінің рөлі» және т.б. тақырыптарда медиатренер, «Ақпарат саласының үздігі», республикалық «Нұр сұңқар» байқауының «ең үздік блогер» аталымының жеңімпазы Өркен Кенжебек және саясаттанушы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, 2017 жылы БҚО әкімі аппаратының баспасөз-хатшысы қызметін атқарған Жарқын Түсіпбекұлы дәріс оқыды. Семинарға 40-қа жуық Жамбыл облысының баспасөз саласына жауапты мамандары қатысты.

30 тамызда облыста алғаш рет Жамбыл облысы әкімінің кубогына арналған журналистер арасында кіші футболдан республикалық турнир ұйымдастырылып, оған Алматы, Астана және Шымкент қалалары, Алматы, Қызылорда облыстарынан және өзіміздің облыстан барлығы 12 команда қатысып, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен бірге, номинациялар бойынша үздіктерге де сыйлықтар ұсынылды,-деді басқарма басшысы.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда да нәтижелі жұмыстар жетерлік.

         —Облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасымен облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдері кестеге сәйкес «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері брифингке қатысып, брифингтен кейін «JAMBYL» телеарнасының «1 студия» бағдарламасына тікелей эфирге шығуын тапсырған болатын. Облыстық ішкі саясат басқармасы бекітілген кестеге сәйкес брифинг пен тікелей эфирге мекемелердің бірінші басшысының қатысуына үйлестіріп келеді. Бұл мемлекеттік мекеме қызметтерінің транспаренттілік (ақпараттық ашықтылығы, ақпараттық қолжетімділік) деңгейін арттырып, халықтың әкімдіктер мен басқармалардың атқарылып жатқан жұмысымен таныстырып, атқаратын жоспарларымен бөлісуіне септігін тигізуде.

         Жалпы, жыл басынан бүгінгі күнге дейін БАҚ өкілдерімен 118 баспасөз-конференциясы ұйымдастырылды. Оның ішінде, жоспарға сәйкес — 45 баспасөз конференциясы, сондай-ақ, жоспардан тыс 48 брифинг өткізілді.

Ал, тамыз айынан бастап Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бекіткен кестеге сәйкес 34 брифинг жоспарланған. Оның ішінде: 8 ауданның әкімдері және 17 басқарма басшысы осы кестеге сай есеп берді. Бұл дәстүр келер жылдың басында да жалғасын табатын болады,-деді Берік Уәли.

         Сонымен қатар облыста азаматтық сектормен өзара әрекеттесу жұмыстары жандана түсуде.

         Ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспар, Азаматтық форумдағы ұсыныстарды, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылын жандандыру және ілгерлету жұмыстарын да жүргізеді.

Әділет органдарының мәліметі бойынша облыста 753 коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) тіркелген. Олардың 60,0% облыс орталығында, 40,0% аудандарда шоғырланған.

Облыстың ҮЕҰ-дың 200-ден астамы қоғамдық өмірге белсенді қатысуда, олардың 100-ге жуығының негізгі қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға бағытталған.

Үкіметтік емес ұйымдарын қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаражат көлемі, әлеуметтік жобалар саны мен қамтылған тұрғындар саны жыл сайын ұлғайып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың салалық принциптері кеңейтілуде.

         Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының 2018 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі жалпы жобалардың 6,2%-н құрайды және қазіргі уақытта 20 жоба жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, саясаткер әйелдер клубы, отбасы институты, тегін заңгерлік қызмет көрсету, сотсыз дау-дамайды шешу институты (Медиация), этникалық қазақтарды қоғамға интеграциялау, жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру және т.б. қызметтер атқарылуда.

Осы саладағы жаңалықтардың бірі – облысымызда алғашқы рет Үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Азаматтық орталық» ашылды. Аталған жобаға облыстық бюджеттен 8,9 млн теңге қарастырылған.

Бұл орталықта үкіметтік емес ұйымдар үшін ақпараттық-әдістемелік, консультативтік, құжаттамалық және азаматтық бастамаларды қолдау  бойынша қызметтер көрсетіледі.

Сонымен қатар, мемлекет пен азаматтық қоғамның ашық алаңына айналған Азаматтық форум 8-ші рет өтеді.

Осыған орай, 16 қазанда облыс деңгейінде Тараз қаласында үкіметтік емес ұйымдардың «Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» атты облыстық форумы өткізіледі.

Форумда пленарлық отырыс пен үкіметтік емес сектор дамуының өзекті мәселелері бойынша сұхбат алаңдары ұйымдастырылады. Форумға ҚР Қоғамдық даму министрлігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы өкілдері, сарапшылар, ҮЕҰ, мемлекеттік органдар, қоғамдық кеңестер, бизнес саласы, саяси партиялар мен кәсіподақ ұйымдарының қатысуы күтілуде.

Берік Уәлидің айтуынша, атқарылған жұмыстармен қатар алдағы мақсаттардың да ауқымы үлкен. Мысалы, қазан-қараша айларында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлы дала Рухы» фестивалі, «Латын әліпбиі – бүгінгі күннің өзекті мәселелері» тақырыбында конференция, «Жерлестер» Форумы, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеу институтының сарапшыларының қатысуымен семинар тренинг, Алаш Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына арналған «дөңгелек үстел» отырысы,  желтоқсан айында ҚР-ның Тұңғыш Президент күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция мен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өткізу жоспарда тұр.

Дана қазақ «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді. Осынау қыруар жұмыстың бәрін бір ғана адам атқарды десек әбестік болар. Мұның артында мықты команданың еңбегі мен берекелі бірліктің белгісі жатыр. Дегенмен, көп нәрсе көшбасшыға байланысты екенін көпшілік жақсы біледі. Мұндайда ата-бабамыз «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп тектен тек айтпаса керек.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru