Берік Уәли студенттермен сырласты

Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті жаңа оқу жылы басталысымен жарқын жобаларды қолға алып, жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Соның бірі де бірегейі- танымал тұлғалардың студент жастармен кездесіп, емен-жарқын сыр-сұхбат құруы. Осы қатарда белгілі журналист, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли де оқу ордасына арнайы ат басын бұрып, жалынды жастармен жүздесті.

Айта кету керек, кездесу 1 сағаттан астам уақытқа созылды. Жүздесуде Алаш қозғалысы, баһадүр бабалар болмысы, азаттық айшықтары, Елбасы феномені, Астананың стратегиялық маңызы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, қазақ журналистикасының дамуы сынды көптеген ойлар айтылды. Берік Уәли басқосуда  «Шынайы жұмыс жасасаң жетістікке жетесің, еңбегің де өнімді болады» деп жастарды жігерлендіріп тастады. Тележурналистика туралы сөз қозғалғанда  «Журналистикада тікелей эфер көп болуы керек. Себебі, дәл қазіргі сәт өте маңызды. Ал, монтаж ақиқатты толық жеткізе алмайды» деген пікірімен бөлісті.

Өз кезегінде студенттер де көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ойға қонымды жауаптарға қанықты. Бір сөзбен айтқанда бұл жастарға рухани серпіліс сыйлаған шара болды.

Кездесу соңында Берік Уәли өзінің идеясымен жарық көрген «Алаштан қалған асыл сөз»  кітабын студенттерге табыстады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *