Берік Шаханұлының шығармалары насихатталды

«Парасат жолы» жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, қазақстандық жазушы, аудармашы Берік Шаханұлының туғанына 80 жыл толуына орай ойтолғам өткізді.
Іс-шараға республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Қуанышбайұлы, департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ардагер журналисттер, ғылыми қызметкерлер, профессорлар, ақын-жазушылар қатысып, қазақ көркемсөзінің беделді өкілдерінің бірі, ұлт прозасының ауыр салмағын көтерісіп, қаршадай кезінен өзін әдебиеттің ыстық-суығына қатар салып келген қабырғалы қаламгер Берік Шаханұлының өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісіп, өз ұсыныстарын білдірді.
Одан әрі кітапхана қызметкерлері ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің Берік Шаханұлына арнаған жыр жолдарын жатқа оқыды.
Қатысушылар адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, қамқорлық, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыруға бағытталған жобаның жас ұрпақтың санасын оятуға өз септігін тигізіп, елінің отансүйгіш азаматтарының біріне айналады деген сенімде.
Айта кету керек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Парасат жолы» жобасы аясында ағымдағы жылдың 3 ақпанынан бастап республика аумағында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Аталған жоба аясында Жамбыл обл ысында жалпы саны 70-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, іс-шараларға зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты түрде қатысып келеді.