Баспаналы болуға мүмкіндік мол

Тұрғын үй мәселесі қазіргі уақытта ең өткір мәселелердің бірі. Басыбайлы баспанасына қол жеткізе алмай жүргендердің қарасы қалың. Бұл ретте тұрғындардың пәтерлі болуы үшін түрлі бағдарламалар жасап, мол мүмкіндіктер қарастырған. Оның әуелгісі, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көрсететін қызметтері. Осы орайда, аталған банк өкілдері арнайы прес тур ұйымдастырып, 15 ықшам аудандағы соғылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жай-жапсарымен таныстырды.

Аталған ықшам ауданнан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 9 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы жылдың 4 тоқсанында 780 пәтердің 350-не тұрғындар қоныстаныпты. Олардың барлығы аталған банктің салымшылары және пәтер кезегінде тұрғандар азаматтар екен. Несие беру шарты 5 пайызбен берілуде. Айта кетерлігі, Әр үйдің бағасы шаршы метріне 140 мың теңге. Кредит 5 пайызбен берілетіндіктен орташа табысы бар азаматтарға ауырлық салмайтын көрінеді. Бүгінде 180 пәтерлі 3 тұрғын үй салынып жатыр. Оған 103 азамат конкурсқа қатысып, айлық табысы көрсеткіштері есептеліп жатыр. Бұдан өзге алдағы уақытта тағы 8 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмекші.

         – Таразда тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтерлерді тікелей сату ашылды. Біздің қоныс иелері өз үлгісінде пәтер сатып алу үшін жоғары ақы төленетін маман болу міндетті емес екенін көрсетті. Ол үшін тұрақты орташа табыс табу және жинақ жасау жеткілікті. Ал қалғандары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көмектеседі. Жыл сайын жаңа қоныстанушылар саны артып келеді. Қазір 15 ықшам ауданда 80 пәтерлік тұрғын үй іске асырылуда, – дейді тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы директорының орынбасары Талғат Жақсылықов.

Біз көрген ықшам аудандағы 3 бөлмелі пәтердің жалпы алаңы 68 шаршы метр құрайды екен. Ол үйлер 3-ші деңгейлі жайлылық бойынша соғылған. Ішкі құрылыс және ішкі әрлеу жұмыстарының барлығы отандық өнімдер қолданылыпты. Асханасында газ плиталары орнатылса, аталған бөлме 9 шаршы метрден кем емес. Ал үйлердің биіктігі 2,70 метрді құрайды. Үйдің сырты заманға сай материалдармен жабдықталған. Осы жерден үй алғысы келетіндер baspana.kz  сайтына кіріп, ашылған депозит арқылы тіркелуге болады. Осылайша аталған ықшам аудандағы пәтерлер бөлме сандары және фотоларымен анық көрсетілген. Өтініш бергеннен кейін 5 тәулік ішінде банкке құжаттарды тапсырып, несие рәсімдеуге мол мүмкіндік қарастырылған. Екі аптаның ішінде пәтер кілтін алуға болады.

         – Бүгінде пәтер алып жатқандар бар. Яғни, мұндағы үйлердің 60 пайызында тұрғындар тұрып жатыр. Қалғандарына қосымша қабылдаулар жүруде. Мәселен, 1 бөлмелі пәтерді алу үшін бастапқы жарна ретінде шамамен 1 миллион теңге төлейді. Ары қарай айлық табысы есептеліп, құжаттар рәсімделе бастайды, – дейді аталған банктің  І санаттағы құрылыс жөніндегі маманы Ерсұлтан Егізбаев.

Елімізде шілде айынан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Шарада аталмыш банктің бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бердияр Құттыбаевтың  аталған бағдарламаға тек қана 3 категория бойынша әлеуметтік аз қамтылған, яғни 4 және одан да көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған және толық емес отбасылар қатыса алатындығын атап өтті.

         – Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – олардың 5 жылдан бері атында баспана болмағандығын растайтын анықтама және «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болу. Бұрын осы қаржы ұйымының салышысы болмағандар құжат тапсырар сәттен бастап аталған банктен дербес шот ашуы тиіс екен. Пәтердің құны кез келген сомада болуы мүмкін, алайда банк Жамбыл облысының тұрғындары үшін тек 10 миллион теңгеге дейін несие береді. Несие 19 жылға 2 пайздық мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын ғана құрайды. Тұрғын үйді үй алғысы келген азаматтар өздері таңдайды. Олар бірінші нарықтан да, қайталама нарықтан да немесе жеке тұрғын үй де сатып ала алады. Азаматтар пәтерді облыстың кез келген аумағынан таңдауына құқылы, – дейді Б.Құттыбаев.

Шынболат Сейдуалиев


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru