Таңдаулы жаңалықтар:

“БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ” БАҒДАРЛАМАСЫМЕН БАСПАНАЛЫ БОЛҒАНДАР САНЫ 243-КЕ ЖЕТТІ

Шымкент қаласында “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Бақытты отбасы” бағыты арқылы қазіргі таңда 243 отбасы несиелік баспанаға қол жеткізді. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тіркелген көпбалалы отбасылар саны — 98, толық емес отбасы- 17, мүгедек бала асыраушы отбасылар саны — 128.

Бұдан бөлек, бүгінде аталған бағыт бойынша ағымдағы жылы конкурстан өткен 346 қатысушы өздерінің төлем қабілеттіліктеріне сәйкес тұрғын үй іздеу үстінде.

«Бақытты отбасы» бағытының негізгі қатысушалары – тұрғын үй кезегіндегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, толық емес отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

Айта кету керек, жыл соңына дейін «Бақытты отбасы» бағыты арқылы жалпы саны 589 отбасы баспалы болу жоспарланған. Бағдарлама еліміздегі аз қамтылған отбасылардың жылдық 2 %-дық мөлшерлемемен тұрғын үй алуға мүмкіндік беруде.
Шымкент қаласы бойынша 2021 жылға бөлінген лимиттің аяқталуына байланысты азаматтар «Бақытты отбасы» бағдарламасына келер жылы «Отбасы банк» арқылы қатыса алады.