Бағаны тұрақтандыруға басымдық берілуде

Ағымдағы жылдың 22 тамызы күні Сарысу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің ұйымдастыруымен Жаңатас қаласының орталық базарының аумағында негізгі азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында төмендетілген бағада «Жылжымалы азық-түлік» тауарлары халыққа ұсынылды. Тауарлар «Нұрғазы Аль-асад» пен «Сағындықова» жеке кәсіпкерліктерінің қолдауымен Тараз қаласындағы көтерме нүктелермен және тұрақтандыру қорымен келіссөздер жүргізу арқылы жеткізілді.

Халыққа жеміс-жидектің, көкөністің барлық түрі, одан бөлек сары май, қаймақ, сүт, күнбағыс майы, тауық еті сияқты негізгі азық түрлері де ұсынылды. Соның ішінде 6,5 тонна картоп жеткізіліп 80-90 теңгеден, 1.5 тонна  пияз жеткізіліп 60-65 теңгеден, 1,2 тонна сәбіз жеткізіліп 90-110 теңгеден,  0,4 тонна қырыққабат жеткізіліп 80 теңгеден сатылуда.

Жалпы, тұрақтандыру қоры арқылы алынған төмендетілген бағадағы тауарларды Жаңатас қаласы бойынша 6 дүкенде ашылған «Төмендетілген бағадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бұрыштарынан» алуға мүмкіндік бар.

-Бүгінде бизнес деген осы екен деп бағаны шарықтатып жіберетін кәсіпкерлердің бар екені жасырын емес. Дегенмен нарықтық экономиканың да өзіндік талаптары бар екенін ұмытпауымыз керек. Осы орайда Сарысу ауданы әкімдігінің бағаны тұрақтандыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары көңілімізден шығып отыр. Жауапты мамандар төтенше жағдай кезінде де, карантиндік шектеу шаралары тұсында да жеке кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бағаны негізсіз көтермеу керектігін ескертіп келеді. Бүгін ұйымдастырылған «Жылжымалы азық-түлік» тауарларының саудасы да сондай шараның бірі. Қажетті азық-түлік тауарларын төмендетілген бағада алып, үйге қайтып бара жатырмыз. Осындай шараларды алдағы уақытта да тұрақты ұйымдастырып тұрса нұр үстіне нұр болар еді,-дейді Жаңатас қаласының тұрғыны Қанат Смаилов.

Айта кету керек, «Төмендетілген бағадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бұрыштары» Байқадам ауылдық округінің  2 сауда дүкенінде, Жайылма мен Жаңаарық ауылдық округтерінде 1 сауда дүкендерінде де ашылған. Сауда нүктелеріндегі сөрелерге арнайы жазылған баннерлер ілініп, картоп, сәбіз, пияз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, тұз, құмшекер сияқты  азық-түліктер төмендетілген бағамен қойылды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *