Айтбай Назарбековке ескерткіш-бюст орнатылды

Айтбай Назарбеков- Жамбыл облысы, Сарысу ауданы Игілік ауылында кіндік қаны тамған көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері. Кеше осы Игілік ауылында Айтбай Назарбековтің  ескерткіш-бюстінің ашылу салтанаты болды. Бұл көптен көкейде жүрген туған елге деген, туған елді түлеткен абзал ағаға деген ақ парыздың өтелген күні еді. Осынау игілікті іске ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы ұйытқы болғанын айта кету керек. Ал ескерткіш-бюстің авторы Алтай Бейсенов.

Айтбай Назарбекұлы шөл далада жатқан Мойынқұм ауданының негізін қалап, сол ауданды ширек ғасыр біліктілікпен басқарып, Мойынқұм ауданын шөлден  «көлге»  айналдырып, ел маxаббатына бөленген тұлға.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Елордадан арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл Елбасы кеңсесінің басшысы Маxмут Қасымбеков пен ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева және ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын табыс етті.

-Осындайда жақсы бастамаға қолдау көрсеткен Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібекке және салтанатты іс-шараның басы-қасында жүрген Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Алпысұлына ел атынан раxмет айтамын!

Енді Айтбай Назарбекұлының асыл бейнесі туған жерінде өскелең ұрпаққа кісіліктің Темірқазығындай жол нұсқап тұратын болады,-дейді ақын Маралтай Райымбекұлы.

Жерлесіміздің тамаша тартуына орай әлеуметтік желіле де түрлі тілектер жазылып жатыр. Солардың қатарында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев:

«Күні кеше жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы өзінің туған ауылы-Игілікте кезекті рет игілікті іс жасады. Кезекті рет деуімнің себебі, арқалы ақын Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай осы өңірден шыққан дәулескер күйші Мәді Шәутіұлының еңселі ескерткіш-бюстін орнатып, қарымды қаламгерлер мен қазақ музыкасы жанашырларының қатысуымен ғылыми конференция ұйымдастыруға ұйытқы болған еді. Енді міне, дәл осы маңда Сарысу топырағынан түлеп ұшқан көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері,  Мойынқұм ауданын ширек ғасыр біліктілікпен басқарған біртуар тұлға  Айтбай Назарбековтың ескерткіш-бюсті бой көтеріп отыр. Дана қазақ мұндайда «Ауылына қарап азаматын таны» деп тектен тек айтпаса керек.

Туған жерге ту тігіп, тұғыры биік тұлғалардың даңқын асқақтатып жүрген Маралтай ақынға алғыс білдіремін. Абыройың асқақтап, беделің биіктей берсін, бауырым!» деген лебізін жеткізді.