Ауылдар ажарлана түсуде

Төменгі Шу бойында Шығанақ, Қамқалы және Жайлаукөл аталатын үш ауыл бар. Кезінде үш бірдей кеңшардың орталығы болған ауылдар нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде қиыншылықты көрудей-ақ көрді. Шаруашылықтар тараған соң,тұрғындардың көбі екі қолға бір жұмыс іздеп облыс орталығына қарай үдере көшіп жатты.    Дегенмен, ауыл халқының ішінде ғұмырының бір белесі өткен кейбір аға буын өкілдері атамекенді қимай, сонда қалып қойды. Олар төменгі Шу бойы төрт түлікке жайлы қоныс, еңбек етемін дегенге мол табыс екенін білді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген сөздің қадірін ұғатын алдыңғы толқын Шу өзеніне қармақ салса да ұрпағының аш қалмайтынын сезді. Қамқалының тұз кен орындарына да ертең ел еңсесін көтерген соң жүздеген жұмыс күші қажет болатынын да болжады. Сөйтті де, мал-саққа үйір, еңбекке бейім ұлдарын қолдарында ұстап қалды. Бүгінде ол балалар өсіп-өніп, отағасы болып отыр. Құдайға шүкір, бүгінде үш ауылдың тұрғындарының да алдында мал, қарны тоқ, көйлегі көк дегендей.

Ауданға жаңадан тағайындалған әкімнің алғашқы жұмыс сапарларының бірін осы шалғай өңірге арнайтын дәстүр бар. Бақытжан Жақсылықов та сөйтті. Алыс ауылдардың адамдарын да, тыныс-тіршілігін де бұрыннан жақсы білетін ауданда басшылық қызметтер атқарған аудан әкімі Қамқалы ауылдық аймағында болғанда қарияларға сәлем беріп, тұрғындармен емен-жарқын әңгімелесті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзіне жүктеген міндеттерінен хабардар етіп, ауданның тыныс тіршілігін баяндады. Карантиндік шектеулер, індеттің алдын алуда атқарылып жатқан шараларды сөз етті.

Жайлаукөл ауылын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Итеке» жерінде орналасқан ауыз су бас тоғанының жұмысымен танысты. Шығанақ ауылының орталығындағы Сарыарқа көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылдағы медициналық пунктке ауыз су жүйесін тарту, Қамқалы ауылындағы Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектептің спорт залына және «Итеке» жеріндегі ауыз су бас тоғанына жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берді. Жайлаукөл өңірінде жұмыс істеп жатқан «Миллениум Сокол» агенттігі» ЖШС жұмысымен танысып, агенттіктің жұмысын жандандыру мақсатында біршама міндеттер жүктеді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *