Таңдаулы жаңалықтар:

Ауыл тынысы: Үлкен Сұлутөр

Бүгінгі таңда Қордай ауданы облыс, қала берді республика көлемінде қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі десек артық айтқандық болмас. Соңғы бірнеше жылдың өзінде ауданда жүздеген тұрғын үй, ондаған мектептер мен ауруханалар бой көтеріп, ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыды. Осының арқасында аудандағы үлкенді-кішілі ауылдардың тамырына қан жүгіріп, қараша халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып келеді.

Теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан Үлкен Сұлутөр ауылының жазы салқын, қысы жылы келеді. Ал, жайқалған көк майса шөбі, тау жоталарын бойлай аққан бұлақтары мен таза ауасы жанға шипа. Мұндағы жұртшылықтың басым бөлігі егін егіп, мал өсіріп, ата кәсіптен қол үзбеген. Аудан орталығынан 80 шақырым жерге жайғасқан мекен өткен ғасырдың 30-шы жылдары құрылып, Калинин атындағы ұжымшар аталған. Айта кетсек, сол кездегі үрдістен бір адым алшақтамаған үлкенсұлутөрліктер бүгін де өзіндік еңбекқорлығымен, ауызбіршілігімен ерекшеленеді.

Қазіргі таңда Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде 1600-ден астам адам тұрады. Ал, бұрындары ауыл халқының саны 5000-ға дейін жеткен. Бұл жерде жазушы Марал Ысқақбай, Сансызбай Сарғасқаев, академиктер Қуанышбек Қорабаев, Ғайша Егізбаева, физик Нысан Бекбасаров сынды Қазақстанға белгілі қайраткерлер, сонымен қатар қоғам қайраткерлері Мұратбай Жолдасбаев, Байжан Әденов туып-өскен.

Абаттандыру мен көгалдандыру мәселесіне келгенде Үлкен Сұлутөр ауылы үнемі көш ілгері жүреді. Тек көктем мен күз айларында ғана емес жалпы ауа райы мүмкіндігін ұтымды пайдаланатын ауыл азаматтары күшімен көтерілген жеміс-жидек ағаштары өсірілетін өз тәлім бағы көздің жауын алады. Бұл бақтың негізі 2008 жылы қаланғанымен, соңғы жылдары оны кеңейту, жас ағаштар мен түрлі көшеттер отырғызу игі дәстүрге айналған.  Сол кезде боз терек пен кәдімгі теректің әр түрінен 500 көшет Алматы облысының Шелек қаласынан жеткізілсе, кейін 1000 көшеттен қаламшалау тәсілімен 10000 жас терек өсіріліпті. Осындай әдіспен отырғызылған қарағаш көшеттері қазіргі таңда тамыр тартып, жайқалып тұр. Ал, жеміс ағаштарынан «Золотое превосходное» және «Красное превосходное» сұрыпты алмалар тәлімбақтың нағыз көркіне айналған. Осылайша, ауыл тұрғындарының еңбегімен бой көтерген бақ бүгінде көпшіліктің көзайымына айналып, мемлекет басшысының ауыл-аймақты көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы толыққанды жүзеге асты. Мұнымен қатар, абаттандыру жұмыстарына ауыл кәсіпкері С.Ермеков те сүбелі үлесін қосып, ауылдың кіреберіс тұсына ал-қызыл гүлдер, жасыл желек отырғызғанын айта кеткен жөн.

Ауылдың тыныс-тіршілігі турасында бізге ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл ақсақалы Мұқан Алтынбеков әңгімелеп берді. Ол қонақжайлық танытып, бізді үйіне шақырды. Ауылға кіреберісте орналасқан үйдің ауласында тамаша бақ бар. Таудан аққан сумен суғарылатын бақта 70-ке жуық алма, алмұрт ағашының жемістері де пісіп қалған. Ақсақалдың жары Айымхан Үмбетова ауылдық дәрігерлік амбулаторияда қызмет етеді. Ол ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылап, жұмыстан бос уақытында жұбайымен бірге бақшадағы жұмысқа араласады екен.

Мұқан Алтынбеков Қордай ауыл шаруашылығы техникумын аяқтағаннан кейін ұзақ уақыт бойы Калинин атындағы ұжымшарда мал дәрігерінің қызметін атқарған. Ауылда ардагерлер кеңесі маңызды рөл атқарады. Бүгінде құрамына 11 адам кіретін кеңестің жұмысы тура жолға қойылған. Ақсақалдар ауылда өтетін барлық мерекелік іс-шаралардың өткізілуіне атсалысып, тұрақты түрде жастар және жасөспірімдермен кездесулер ұйымдастырып, онда ауыл тарихын баяндап, ауылдың қалыптасуы мен дамуына атсалысқан азаматтар туралы әңгімелеп береді.

Сонымен қатар, ауылда билер алқасы бар. Берікбай Көпешов басқаратын алқада тағы екі мүше бар, олар Самат Белібаев және Төлетай Мұхамбетов. Билер алқасы жұмысының арқасында ауылда бірталай мәселе шешілген. Ақсақалдар көшелердің тазалығы мен абаттандырылуы, мал жаюды ұйымдастыру, бақташыны таңдау, оның еңбекақысын көбейту сынды ауылға маңызды мәселелерді қолға алып, оңтайлы шешімін тапқан.

Ал, ауылдық аналар алқасының құрамында 7 мүше бар. Шәрипа Толысбаева басқаратын аналар алқасы жастармен кездесіп, өмірлік тәжіибесімен бөлісіп, отансүйгіштікке, рухани құндылықты дәріптеуге баулып, өскелең ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелейді.

Еліміздің экономикасы нығайып, халықтың әл-ауқаты артқан тұста ауылдың да жағдайы жақсарды. Бүгінде мұнда орта мектеп, ауылдық дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар халыққа қызмет көрсетеді. Биыл жергілікті тұрғындардың күшімен ауылдық мешіт жанынан 250 орындық асхана құрылысы басталды.

Округте абаттандыру, санитарлық тазалау, көгалдандыру, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, газдандыруға аса көңіл бөлінеді. Округ әкімдігі мамандарының айтуынша, ауылда бірқатар ауқымды жұмыс жоспарланған. Олардың қатарында ауылішілік жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және ауыз су мәселесі бар. Қысқасы, жұмыс әлі де жалғасын таппақ.

Ауыл тұрғыны Қырықбай Ахметбеков еңбек демалысына шыққанға дейін тракторшы, жүргізуші жұмыстарын атқарған. Жары Нағима апаймен бірге 4 бала өсіріп-тәрбиелеген. Жетпістің бел ортасына келген ақсақал қолөнерді қолға алып, ата кәсіпке бет бұрған. Өз цехінде Қырықбай ата ат әбзелдерін жасайды. Ақсақалдың қолынан шыққан ер-тоқым, жүген, қамшы, ноқта ауыл тұрғындарының арасында зор сұранысқа ие. Мол тәжірибесі мен білімінің арқасында тапсырыстарды тез және сапалы орындайтын қария ата-баба дәстүрін жалғастырып қана қоймай, бұл істі табыс көзіне айналдыра білген. Ал, жағдайы нашар, мұқтаж азаматтарға Қырықбай ата ат әбзелдерін тегін жасап, ақысын алмайды екен. Қазір қария ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, бұл өнерге үшінші сыныпта оқитын немересі Әлиханды баулып келеді.

Ауылдағы қадірлі ақсақалдардың бірі — Кеңес Жұмахан. 80 жастағы қария киіз үй жасау мен қамшы өру өнерін игерген. Бүгінде оған немересі Әділ Асқарұлы көмектесуде. Атасы 10 сыныпта оқитын жасөспірімге қолөнердің қыр-сырын үйретуге барын салады. Тумасынан зерек бала өз бетімен киіз үйдің жабдықтарын жасап, мұнымен қатар домбыра, ертоқым жасап, қамшы өреді.

Айта кетерлігі, Әділ домбыра шертіп, терме өнеріне қызығушылық танытады екен. Әрдайым айтысқа қатысып, ақындар арасында ұйымдастырылатын ән байқауларының белсенді қатысушысы. Биыл мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жас ақындар арасындағы айтыс-та бірінші орынға ие болып, кейін облыстық байқауда да өз өнерін көрсетті. Әділге бұл өнер әжесі Айдариға Жұмахановадан дарыған. Ауыл тұрғындары арасында сый-құрметке ие, сырнай тартып, ән салатын кейуана немерелерін музыкалық өнерге баулып келеді.

Биыл Хатипа Естаева 98 жаста. Бүгінгі күнге ауылдағы жасы ең үлкен ақ жаулықты ана аудандық баспаханада әріп теруші қызметін атқарған. Еңбекке жастайынан араласып, малшы да, диқан да болып жұмыс істеген. Хатипа апаның 5 баласы, 36 немересі, 9 шөбересі бар.

Биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығы шаруаға сынақ болып тұрғаны рас. Сондықтан, шөп алдымен ауылға жетуі тиіс. Әсіресе «Қыс шанасын жазда сайлаған» жандарға ауыр болып отыр. Осыны ескерген Үлкен Сұлутөр ауылындағы Серік Ермеков басқаратын «Сұлутөр» шаруа қожалығы шөп шабу науқанында шабылған шөпті сыртқа шығармай алдымен ауылдастарын қамтуға кіріскен. Бұл бастама округте қолдау тауып, бүгінде шаруалар алдымен өздерін, үйінде уақ малы бар азаматтарды қамту үшін іске кіріскен. үлкенсұлутөрліктердің бұл бастамасы өзгелерге үлгі боларлық.

Үлкен Сұлутөр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Бақыт Қоңырбаевқа және ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұқан Алтынбековке көрсеткен көмектері мен ұсынған ақпараттары үшін алғыс білдіреміз.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *