Аудан әкімі жылды қорытындылады

Меркі ауданының әкімі Өмірбек Мейірхан Азатұлы 2019 жылы атқарған жұмыстары және 2020 жылға жоспарлаған міндеттері  туралы Ақтоған, Жамбыл және Меркі ауылдық округтері тұрғындары алдында есеп берді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауындағы көрсетілген міндеттер мен басымдықтарды, облыс пен аудан арасындағы межелерді орындауда, аудан халқының сұранысынан туындап жүрген өзекті мәселелерді шешуде ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілді.

Есепті кездесулерде ауылдық округтері әкімдерінен соң аудан әкімі ортаға шығып,  дәстүрге айналған баяндама оқымай, слайд арқылы өзінің атқарған жұмыстарын түсіндірді.

Атап айтсақ, 2019 жылы ауданда бюджеттің кірістер жоспары 16000,9 млн.теңгеге жоспарланса, ол  100,5%-ға орындалған. Слайдта барлық ауылдық округтердің кіріс салықтары туралы ақпарат 2018 жылмен салыстырмалы түрде көрсетіліп тұрды. Сонымен қатар,  аудан бюджетінің шығындары 16186,3 млн.теңгеге жоспарланып, 100,0% игеріліпті. Аудан әкімі өзінің жылды қорытындылау сөзінде аудан бойынша 2019 жылы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 5302,5 млн.теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 36,5% құрағанын жеткізді. Бұл көрсеткіштің төмендеу себебі «Меркі қант зауыты» ЖШС-нің 2019 жылдың қаңтар айынан бастап 25 қазан аралығында шикізат тапшылығынан уақытша тоқтап тұруына байланысты болған. Дегенмен басқа да шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 218,8 млн.теңгеге артып отыр.

Облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасымен 2019 жылы ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында жоба қабылданып жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Сұрат ауылдық округі пилоттық ауылдық округ болып бекітіліп, оған 630,0 млн.теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Оның ішінде үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып көкөніс егу арқылы табыс табу үшін Сұрат ауылдық округінің жалпы үй іргесіндегі егіске жарамды 462 ауланың 97,02 га жерінің, 438 ауласы 92,02 га жерімен жобаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Аула маңында мал өсіру, жылыжай, шеберхана салу т.б. кәсіп арқылы табыс табу үшін Сұрат ауылдық округі бойынша 182 адам өтінім білдіріп, құжаттарын «Тараз» ӘКК-ға өткізді. Бүгінгі күні қаржылары берілу үстінде. Қазіргі күні 63 азаматтың қаржысы есеп шотына түсіп, оның 8-і  қажетінше 104 бас мал сатып алған.

Сондай-ақ, пилоттық жоба аясында ауыл сыртындағы жерлерді ауыл тұрғындарымен бірлесіп пайдалану арқылы мал азығымен қамту, техника, тұқым және басқа да тауарлық құндылықтармен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігу арқылы жұмыс жүргізу, жобаларды қаржылындыру арқылы тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндік берілгелі отыр.

Жиын барысында ауыл тұрғындары көшенің жөнделуі, ағын су, жайылым жерлер туралы сұрақтар қойды.

Есепті кездесулерге келген аудан тұрғындары аудан әкімінің атқарылған жұмыстарына оң бағасын беріп, алғыстарын айтты. Өйткені ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының артқаны баяндама арқылы емес, атқарылған істерінің нәтижесінен-ақ  айқын  көрініп тұр.

 

 

Лаззат Серікбай

Еркін Жасыбаев

Меркі ауданы


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru