Асқар Мырзахметов уәдесінде тұрды

Тараз қаласында 45 пәтерлі екі жатақхана пайдалануға берілді.

Жатақханаға ие болғандардың дені көпбалалы және азқамтылған отбасылар.

Айта кетейік, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметіне ресми кірісу рәсімінде тұрғын үй мәселесін шешу бойынша  түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударылатындығын баса айтқан еді. Осыған орай жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов көп балалы аналармен кездесіп, биыл жамбылдықтарға 8 жатақхана берілетіндігін мәлім еткен болатын. Өз уәдесінде тұрған өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, күні кеше «Қарасу» шағын ауданында 45 пәтерлі 2 жатақхана ел игілігіне берілді. Осылайша талай жылдан бері кезекте тұрған жандар пәтерлі болды. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 90 пәтер облыстың 80  жылдық мерейтойына орай 80 нысанның аясында беріліп отыр.

Асқар Исабекұлы тұрғындарға кілт тапсыру салтанатында пайдалануға берілген әрбір жатақхананың кәдімгі екі бөлмелі пәтер ретінде бой көтергенің тілге тиек етіп, әрқайсысының ауданы 35-40 шаршы метрді құрайтының жеткізді. Сондай-ақ оларды жалдау құны 3500 теңгеден аспайды. Мұқтаж отбасылар бұл жатақханаларды пәтер кезегі келгенше паналай алады.

Бұдан бөлек, халықты  қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.  Шаһар бойынша биыл жыл соңына дейін әрқайсысы 80 пәтерлі 4  әлеуметтік тұрғын үй  беріледі.

Көп балалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 323, сонымен қатар  қайталама нарықтан  144 пәтер сатып алынды.

Қазіргі таңда «Қарасу» және «Арай» мөлтек ауданында көп балалы отбасыларға арналған 6 көп қабатты әлеуметтік жатақхананың құрылысы жүргізілуде.

Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған   45 пәтерлі жатақхананың әр пәтерінде зал мен жатын бөлмелері, сонымен қатар өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі  бар.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *