1998 жылы сол кездегі Ақмола қаласы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ елінің астанасы болып жарияланғанда абдырап қалғандар аз болған жоқ. Оның өзіндік себебі де бар. Біріншіден, жас мемлекет тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауды әлі толық еңсере қойған жоқ-тұғын. Екіншіден, еліміздің оңтүстігіндегі әсем Алматыны Алатау бөктерінде қалдырып, ызғары бет қаритын солтүстіктегі  құлазыған атыраптан қала тұрғызу санаға сыймағандай  еді. Десе де,  бұл тәуелсіз Қазақстан үшін аса қажетті стратегиялық қадам болғанын бүгінгі уақыт айқын дәлелдеп берді.

Батыл бастама

Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана бүгінде жер-жаһанның жүзін өзіне бұрған сұлу шаһарлар қатарына енді. Елорда егемендікпен бірге еңсесін тіктеді, тәуелсіздікпен бірге толысты.

Дегенмен, астана ауыстыру идеясы бір күнде қабылдана салған жоқ. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Келісіп пішкен тонның келте болмайды» деген аталы сөзді алға тартқанын айрықша айту керек. Мемлекет басшысы  ең әуелі 1994 жылы Қазақстан Респубилкасы Жоғарғы кеңесінің жалпы отырысында депутаттарға қазақ елінің астанасын  Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс тастағаны белгілі. Әрине, өмірде қанша адам болса, сонша пікірдің қатар жүретіндігі заңдылық. Елбасы ұсынысы төңірегінде де әралуан пікірлер айтылды. Біреу қолдады, енді бірі жылы орынды суытудың қажет еместігін негізге алды. Бірақ, Президент астана ауыстырудың мән-маңызын дәлелді факторлармен астастыра отырып, отандастарымызды ортақ  ойдың төңірегіне ұйыстыра білді. Сөйтіп, араға аз уақыт салып, Ақмолаға қарай үлкен көш бағыт түзеді. Сол бір  тағдыршешті кезеңде  Қазақстан Парламенті  Сенатының депутаты қызметін атқарған саясаттанушы  Жандар Кәрібаев ол күндерді зор тебіреніспен еске алады.

1991 жылы партия тарап, Кеңес дәуірі келмеске кетті. Мен ол кезде Жамбыл облыстық партия комитетінде  ұйымдастыру, кадрлармен жұмыс бөлімін басқаратынмын. Сол кездері облыс басшысы Өмірбек Бәйгелді маған өңірдің  мәдениет саласын басқаруды ұсынды. 4 жылдан кейін, ҚР Парламенті Сенатына депутат болып сайландым. Қазақстан жаңадан нарықтық экономикаға бет бұрған кезең болғандықтан, еліміздің кез келген өңірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы өте ауыр еді. Жалақы, зейнетақы уақытында төленбей, мекемелердегі қызметкерлер саны қысқарып, тіпті кейбір өндіріс орындары жабылып жатты. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде Елбасымыздың астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі шешімін шынын айтқанда, біреу құптағанымен, біреу жөн санай  қоймады. Сол кезде, яғни 1997 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Парламенті алғашқылардың бірі болып  Ақмола қаласына көшіп барды. Сондағы қаланың сұрықсыз көрінісі көз алдымда. Пойыздан түскен біз қоғамдық көлікпен  орталықтағы  қонақ үйлердің бірінен орын алдық. Сарыарқаның сарышұнақ аязы мен өңменіңді тесіп өтердей ызғырық желі, қара жерге қабырғалары қақ ортасына дейін кіріп кеткен бәкене үйлердің көрінісі ешкімнің көңілінен шықпағаны анық. Әйтсе де, біз тәуелсіздігімізді жанға медет ете отырып, Мемлекет басшысының сол қаланы еліміздің орталығы ретінде бекерге таңдамағанын жан-дүниемізбен ұғынуға тырыстық. Халық қалаулылары  әрбір қуықтай бөлмелерде екі-үшеуден сығылысып отырып, еліміздің өсіп-өркендеуі мақсатында заңдық негіз жасауға білек сыбана кіріскен еді. Дейтұрғанмен, көпшілік сол сәтте Мемлекет басшысының елімізді геосаяси жағынан нығайту мақсатында осы іске батыл қадам жасағанын, мемлекет қауіпсіздігі үшін ел астанасы мемлекеттің қақ ортасында болуы керектігін ескеріп, Астананы Еуропа мен Азияның шектескен тұсы, Еуразияның кіндігіне орналастырмақ ниетте болғанын, солтүстік аймақты құрамы жағынан көп ұлтты өңiрге айналдыруды көздегенін ешкім екшеп жатпады. Десе де, бастапқы кездегі қиындықтар көп уақыт өтпей еңсеріліп, еліміз қарышты дамыды. Астанамыз әйгілі қала ретінде әлемге танылды. Бүгінде Астана барша қазақстандықтарды біріктірген, гүлденген қала ғана емес, әлем назарын тіккен бейбіт елдің мекеніне айналды. Қорыта айтқанда,  Сарыарқа төсінен орын тепкен Астанада тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы түзіліп, болашақтың іргесі қаланды, – дейді Жандар Кәрібайұлы.

Еңсесі биік Елорда

Жалпы, жаңа Елорда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Сындарлы сәтте өзіне тән даналық пен алысты болжай алар көрегенділігінің арқасында аман алып  шыққан Мемлекет басшысы Қазақстанды өркениет көшіне ілестіріп, әлемдік қауымдастық  санасатындай дәрежеге көтерді. Демек, азаттықтың ақ таңында Арқа төсінен бой көтерген Астананың іргелі қалаға айналып, кемелдене түсуі Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасы, төрткүл дүниені тамсантқан татулығымыздың жемісі. Бұлай сөз саптауымызға еліміздің бас шаһарында соңғы уақыттарда әлемдік деңгейдегі түрлі іс-шаралар мен халықаралық дәрежедегі жиындардың жиі өткізіліп тұратындығы дәлел бола алады. Негізінен, қазақстандықтыр – бейбітсүйгіш, бітімгер халық. Бұған дүниежүзі елдерінің көзі әлдеқашан жеткен. Ал, Астана алты құрлықты алаңдатқан мәселелер оң шешімін табатын ордалы мекенге айналып үлгерді. Мәселен, былтыр әлемді алаңдатып, соңы ушығуға дейін ұласқан Сирия мәселесінде Қазақстанның бейтарап ел ретінде Елорда  төрінен келіссөздер алаңын ұсынуы осы сөзіміздің бір дәлелі. Бұдан бөлек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, VII Қысқы Азияда ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Астана экономикалық форумы,  «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі, тағы да басқа көптеген жиындар  Астананың асқақ абыройын аңғарта түскендей.  Міне, бұл Елбасы саясатының жемісі, тәуелсіздігіміздің жеңісі.

Бүгінде жиырма жасқа иек артқан замандастарымыз өздерінің Астана қаласының құрдасы екендіктерін мақтаныш сезіммен әңгімелейді. Сондай жалынды жастардың бірі-Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің жергілікті мемлекеттік басқару факультетінің үшінші курс студенті Әбдусаттар Жораев.  Былтыр Астана қаласында өткен «ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде еріктілік қызмет атқарған оның пікірінен біз Астана қаласына деген ерекше сүйіспеншілігі мен елге, жерге деген ыстық махаббатын сезіндік.

– Астана қаласына барып, сұлу шаһарды өз көзіммен көру бала күнгі арманым болатын. Осы арманымның жүзеге асуына былтыр Елордада өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі үлкен мүмкіндік берді. Бұрын-соңды бас қаланы көрмеген мен үшін Астана қаласы ерекше әсер сыйлады. Бас қаланың келбеттеніп, сән-салтанатының артуын ондағы архитектуралық шешімнің жоғары деңгейде қабылданғандығының арқасында деп білемін. Өз басым осындай ару да әсем қаланың құрдасы болғанымды мақтан тұтамын, – дейді Әбдусаттар Әбдіжаппарұлы.

Тойдың болғанынан боладысы қызық

Елбасы «Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» деп баға берген бас қаламызға биыл  20 жыл. Астана тойы, ол әрине, елдік мерекесі. Сондықтан да ол кең көлемде атап өтілмек. Осы орайда «Ел жүрегі– Астана» атты мерекелік тұжырымдама да бекітілген. Аталған мерейтойдың аясында республикалық және халықаралық деңгейде 80-ге жуық шара өткізу жоспарланыпты. Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, мереке «Астаналар шеруі: Астананың 20 жылдығы – әлемнің 20 астанасы» атты халықаралық мәдени имидждік жоба негізінде басталмақ. Бұл тұрғыда   Париж, Берлин, Лондон, Токио, Сингапур, Бейжің секілді әлемдегі озық астаналардың  құттықтау таныстырылымдары көпшілік назарына ұсынылатын көрінеді. Бұдан бөлек, «Астана Опера» театры мен Бейжің ұлттық опера театры бірігіп ұсынатын Джакомо Пуччинидің «Турандот» атты әйгілі операсы және «Астана Мюзикл» театрының әлемге танымал «Notre Dame de Paris» мюзиклімен бірлескен қойылымы да мерекелік шаралар қатарында. «Астана – менің бақытым» атты телевизиялық фильмнің таныстырылымы, ел өнерпаздарының  Вена опера театры, Мариин театры, Нью-Йорк Сити балеті, Ұлы Жібек жолының халықаралық симфониялық оркестрімен бірлескен концерттері дүбірлі тойды тамашалауға келгендердің көңілінен шығатыны сөзсіз. Сондай-ақ  Третьяков галереясының коллекциясы (Мәскеу қаласы), «Ұлы Моғолдар. Тарих артефакттары» (Дели қаласы), Францияның Ұлттық музейлерінің бірлескен жиыны — Гранд-Пале (Париж қаласы), «100 оқулықтағы әлем тарихы» көрмелері (Лондон қаласы) көрермен көзайымына айналмақ. Сонымен қатар  Азия құрлығының жұлдыздары өнер көрсететін «Voice of Astana» халықаралық фестивалі, АҚШ, Польша, Нидерланды және Қытай елдерінің ең үздік балеттік труппаларының қатысуымен ұйымдастырылатын «Eurasian Dance Festival» балет өнерінің ІІ Халықаралық фестивалі өтеді деп күтілуде.  Әлемдік дәрежедегі киножұлыздардың және Испания, Ресей, Франция, Италия елдерінің театрларының қатысуымен өтетін  ІІ Бүкіләлемдік «Астана» театр фестивалі, заманауи этникалық музыка мен би қамтылған «The Spirit of the Dance» фестивалі де үлкен әсерге бөлейтіндігі сөзсіз. ТМД елдерінің ең танымал өнерпаздарының қатысуымен ұсынылатын бірегей жоба — «Astana Azil Stars Fest» халықаралық фестивалі мен ІІ Халықаралық «Бауыржан Fest» ойын-сауық шарасы және халықаралық сәулетшілер конгресі де той көрігін қыздыра түсетін болады. Ал,  спорт сүйер қауым үшін «Ұлы дала рухы» атты фестиваль, қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», спорттық марафон, «Бозоқ қазынасы» атты театрлық-спорттық шаралар, «Денис және оның достары» атты мұздағы шоу үлкен сый болмақ.

 Түйін:

Ерке Есілдің жағасында ерекше сәулеттік үлгімен еңсесін тіктеп келе жатқан Астана алты Алаштың абыройы. Иә, Еуразияның жүрегі саналатын бас шаһардың беделі қашанда биік. Елімізді өркениет көшіне жетелейтін жасампаз жобалар мен тың идеялар тудырған асқақ та арман қала біз үшін мәңгі мақтаныш. Жасай бер, жайнай түс, Астана!

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *