Таңдаулы жаңалықтар:

Асар-2 елдімекенінде тұрғын үйлерді суға қосу жұмысы жүруде - Zau.kz

Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетовпен Асар-2 елдімекені тұрғындарымен кездесіп, инфрақұрылыммен қамту мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Бүгінде аталған шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту құрылысы аяқталып, тұрғын үйлерді суға қосу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Бүгінге дейін Асар-2 елдімекеніндегі 100-ге жуық абонент сумен қамтылды. Қалған үйлерді қосу жұмысы рет-ретімен жүргізіліп жатыр.

Осы тұста, тұрғындардың өздері әрбір үйге дербес шот ашу үшін жер телімінің мемлекеттік актісінің көшірмесін және жәке куәлігінің көшірмесін мердігер мекемеге ұсыну қажет. Белсенді түрде көше және елдімекен биімен бірлесіп, құжаттарды тапсыруға атсалыссақ, елдімекенді суға қосу жұмысы да тезірек аяқталады.

Сонымен қатар, Асар-2 елдімекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылысы да аяқталған. Бүгінде электр тогының қосылу көзі болып табылатын «1-М-1» қосалқы станциясының құрылысы аяқталып, іске қосуға дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі жиында мәлім еткеніміздей, Асар-2елдімекенін ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз.