Антикор 27 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

24/08/20201min520

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) қызметкерлері медициналық ұйымдарға қайырымдылық көмек көрсету үшін шамамен 27 млн.теңге жинады.

Агенттік қызметкерлері коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде бір күндік жалақыны аударуға шешім қабылдады.

Жиналған қаражатқа 25 оттегі концентраторы сатып алынды, олар өңірлер арасында тең бөлінетін болады.

Өнімділігі минутына 10 литрге дейінгі аппараттар тыныс алу жолдарының аса ауыр ауруларын емдеуде қолданылады.

«Әрбір ұйым әлеуметтік жауапты болуы тиіс. Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіміздің дәрежесін түсіне отырып, біз ауруханаларға оттегі концентраторларын сатып алу үшін бір күндік жалақыларымызды аудару маңызды және қажет деп есептедік. Сол арқылы СOVID-пен қарсы күреске жанашырлық танытамыз», — деді Агенттік төрағасы А. Шпекбаев.

Сондай-ақ, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Халықаралық Интеллектті дамыту институтының директоры, Корея Республикасының жергілікті өзін-өзі басқарудың лауазымды тұлғаларына арналған оқыту бағдарламаларын әзірлеуші, профессор Джо ГЮ Юнның өзара ынтымақтастығы аясында оңтүстік кореялық тараптан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберілгенін атап өткен жөн.

«Эйр Астана» әуекомпаниясының қолдауымен 50 мың АҚШ долларын құрайтын жалпы салмағы 1,5 тонна жүк Алматы әуежайына келді. Келіп түскен гуманитарлық жүк «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы медициналық мекемелерге жіберіледі.

Агенттіктің аумақтық бөлімшелері жұртшылық өкілдерімен бірлесіп жүкті соңғы тұтынушыға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді. Гуманитарлық тауарды мақсатсыз пайдалану тәуекелін болдырмау үшін барлық келіп түскен дәрі-дәрмектер мен бұйымдар «Гуманитарлық көмек – ТЕГІН» арнайы мөртаңбасымен таңбаланады.

Агенттіңтің қызметкерлері елге келіп түсетін барлық гуманитарлық көмекті бөлуді ашық бақылау процесін жолға қойғанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, Антикордың ұсынысы бойынша бірыңғай дистрибьютордың ресми сайтында арнайы бөлім құрылды, онда кез-келген адам елге келіп түскен гуманитарлық көмекті бөлу туралы толық ақпаратты көре алады.

Өз кезегінде, «Adaldyq alańy» жобасы аясында бағаны көтеру фактілерін болдырмау мақсатында еліміздің дәріханаларында ақпараттық брошюралар орналастырылуда. Онда Covid-19 және вирустық пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің шекті бағаларын көрсетілген. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін уәкілетті органның Call-орталықтарының нөмірлері мен  дәрілердің шекті құнын реттейтін нормативтік құқықтық актке сілтеме жасай отырып, QR-код орнатылды. Бұл бастама дәріханалардың сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеруінің тежеуші факторы болып табылады.


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru