Таңдаулы жаңалықтар:

АНАЛАР ЖӘРДЕМАҚЫНЫ ҮЙДЕ ОТЫРЫП РӘСІМДЕЙ АЛАДЫ | Zau.kz

Қазақстанда бала тууына және оның күтіміне берілетін жәрдемақыны ХҚО-ға бармай-ақ ресімдеудің бірнеше тәсілі бар. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері мәлімдеді.
Олардың айтуынша, жәрдемақыны Halyk Homebank немесе Kaspi.kz қосымшалары арқылы өтініш беріп, рәсімдеуге болады екен. Ол үшін аталған мобильді қосымшаға кіріп, «Мемлекеттік қызмет көрсету» бөліміне өтіп, баланың тууы немесе оның күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындау қызметін таңдайды. Ары қарай дербес деректердің дұрыс жазылғанын тексеріп, өтінішті растау қажет. Өтінімді жібергеннен кейін көрсетілетін қызметтің нәтижесі және тағайындалған төлем сомасы туралы PUSH-хабарлама және SMS жіберіледі.
«Бұрын жәрдемақыға өтінімді ХҚО, eGov.kz порталы немесе проактив тәсілімен жолданған смс-ке жауап беру арқылы ғана алуға болатын. Жақында жәрдемақыны банктердің қосымшасы арқылы алу мүмкіндігі туды. Сондай-ақ жақында бізде экстерриторриялды қағидат енгізілді. Баланың туылуына байланысты жәремақыны енді тұрғылықты жеріне қарамастан, кезкелген ХҚО арқылы да рәсімдеуге болады. Бұл жас аналар үшін жақсы мүмкіндік, олар жәрдемақыны артық уайымсыз рәсімдей алады», — деді Алтынай Татаева «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілі.
Көрсетілетін қызмет түрі тегін. Жәрдемақыға өтінішті бала туылғаннан кейін 1 жыл ішінде тапсыру қажет.