Аман Малдыбаев: «Осы күнге дейін ешқандай мемлекеттік наградаға ие болған емеспін»

 Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, күйші, сазгер Аман МАЛДЫБАЕВПЕН сұхбат

 —Күй – рухтың үні, жан дүниенің тылсым сыры, музыкалық поэзия. Сізге осы құдірет құсы кімнен қонды? Алғаш қолға қасиетті қара домбыраны алған кезіңіз, бәлкім сол өзіңіз туып өскен Есентөбедегі сәт есіңізде ме?

-Әлбетте, менің балалық шағымда әкемнің туған қарындасы потифон қоятын. Сол кездің өзінде ол кісі жетпістен асқан еді. Ташкенттен үйге қалың пластинка келетін, соның ішінде небір күйлер болатын. Ол кезде күйлердің атын да, тарихын да, авторын да білмеймін. Бірақ күйге деген ынтықтығым сол кезеңде басталды деп айта аламын. Беріліп тыңдайтынмын. Осылайша алғаш қара таныған кішкентай кезімде болашаққа мақсат қойдым, сол пластинкадағы күйлерді шебер ойнай алатын үлкен күйші болсам екен деп армандадым. Сол құштарлықпен есейе келе пионерлер үйіндегі үйірмеге қатыстым. Сол жерде Шекер Ахметжанов деген ұстаздан сабақ алдым. Алғаш рет сонда «Кеңес», «Келіншек» деген халық күйлерінен бастадым. Домбыраға деген құштарлығым бар ғұмырымның бір сәтінде де сейілген емес. 8-сыныптан кейін мәдени ағарту училищесіне оқуға түстім. Бірақ ол кезде оқуға түсе алмай қалып, оныншы сыныптан кейін қайтадан бардым. Алайда жасым сәйкес келмегендіктен, театр бөліміне оқуға түсу туралы ұсыныс айтты. Солай домбырада оқитын балалармен жақын араласып, олардың тәжірибесін үйреніп, оқуды қатар алып жүрдім. Әскерге барып келгеннен кейін қайтадан өнер жолына талпынып, Алматыдағы Чайковский атындағы саз училищесіне оқуға түстім. Нота үйрендім. Содан кейін алған білімімді консерваторияның дайындық бөлімінде жалғастырдым. «Мұрагер» фольклорлықансамблінде, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде ойнадым. Осылайша домбыраға, ұлттың күй өнеріне деген махаббатым мені тек алға жетелеп, талпындырды. Сол мақсатыма бүгінде жеттім деп ойлаймын.

-Күйдің сарыны сан алуан. Мысалы, Құрманғазының күйлері жігерлі, екпінді, ал Дәулеткерейдің күйлері терең толғауға, романтикалық лирикаға негізделсе, Тәттімбеттің күйлері қоңыр сазға толы шетпе түрінде, Қазанғаптың күйлері төкпе жыр іспетті болып келеді. Cіздің жүрек жанрыңыз қандай?

-(Бірнеше күйлерін тартып) Шертпе күйде «Көне Тараз», төкпе күйде «Абыз толғауы», «Шоқай датқа» туындыларым, ал заманымызға байланысты шыққан күйлер қатарында «Шағала жүрек» атты шығармамды айта аламын. «Шағала жүректе» ұлттық сарынмен үйлескен қазіргі заманның музыкасы да бар. Музыкасы өзімдікі, бірақ қазіргі қоғамның керуен көшіне бағытталған. Шағаланың шаңқылдаған дауысы домбыраның тілінде үн қатады. Яғни менің жанрым қазіргі дәуірдің ырғағына, заманның шынайы бейнесіне негізделген. Дегенмен, мен ә дегеннен күйші болып туған жоқпын ғой. Құрманғазының күйлерін ойнадым. «Қайран шеше», «Серпер» және  Сүгірдің күйлері менің күйші болуыма  үлкен үлес қосты. Оқуға дейін де, кейін де, «Мұрагер» фольклорлық ансамблінде,  Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде ойнап жүріп бүкіл әлемді шарладық. Ресей, Украина, Өзбекстан, кейін Франция, Германияның көптеген қалаларында концерт қойдық. Соның барлығында мен Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Сүгірдің, Дина апамыздың күйлерін ойнадым. Содан кейін ғана өз күйіме көшемін. Халқымыз бастан кешкен ғасырлардың пернесін басып, рухымыз таңбалаған күй құдіретін шетелдіктер қашанда жақсы қабылдап, жоғары бағалайды.

-Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өз заманында «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп тебіренген екен. Талай төл өнердің тынысын тарылтып тастаған тұрмыстың үстемдігі, нарық заманы күйдің келешегіне қалай әсер етуде?

-Қазіргі заманның өзі жаһандану ғой. Біздің балалық шағымызда күйді шығарған кісілер, оны тыңдаудың өзі бізге үлкен ғанибет етін. Ал қазіргі заманда барлығы астасып жатыр. Жастарды тәрбиелейін десең, олардың көбі эстрадаға кетіп қалады. Мәселен мен эстрадалық күйлерді де жазамын. «Тайшолпы», «Бәйшешек» секілді туындыларым сол бағытта жарыққа шыққан. Дәстүрлі күйлерім де бар. Бірақ, дәстүрлі күйлер классикалық негізде шыққан дүние. Қалай болғанда да нарық заманының шынайы өнерге кедергісі тиетіні анық. Тиіп те жатыр. Және қазір бабалар аманатының шырақшысындай болып жүрген күйшілердің, жалпы күй өнерінің жарнамасы аз. Республикалық радио мен телеарналарда, оның  өзінде ұлттық мерекелерде ғана  «Сарыарқаны», «Көңілашар» мен «Адайды» бір-екі рет оркестрмен дүбірлетіп өте шығу өнерді насихаттау емес. Соңғы кездері «Qazaqstan» ұлттық арнасы мен Еуразия арнасынан шықтым. Олар енді «Күй ғұмыры» деген фильм жасап, қолға алып жатыр. Елбасының ұсынысымен белгіленген шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күнінде  бір сәтте мыңдаған өнер ұжымы қазақтың әйгілі күйлерін шырқап, мұрамыздың мәртебесін асқақтаттық.  Ол да болса біз үшін маңдайымызға тамған теңіздей  тірліктің тамшыдай үлесі. Болашақта бұдан да жақсы болады деген сенімдемін.

-Расында күй өнері дегенде қазір көз алдыңа өз еліндегі жағдайға үнсіз қарап отырған, ұрпағына өкпелі данагөй қария секілді елестейді. Өйткені бабадан жеткен бекзада өнер бүгінде өзінің ең жақын, ғұмырлас сырласы, тағдырлас мұңдасы қазақ деп аталатын басты тыңдарманынан айырылып бара жатқандай. Есесіне құлаққа қорғасын құйғандай Батыс Еуропа елдері­нің, АҚШ-тың  даңғыр-дұңғырынан көз ашпайтын болдық. Халқымыздың жан дүниесіне айналған күй өнеріне қазіргі өскелең  ұрпақтың махаббатын қалай оятуға болады?

-Осыны мен де көптен бері жан жақты ойлап, зерделеп, ұлттық құндылықтармен ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне алаңдап жүрмін. Осы уақытқа дейін тұрақты түрде өңіріміздегі мектептерге арнайы ат басын бұрып, кездесулерде қолымнан келгенше насихаттап келемін. Жастармен көп кездесемін. Оларға әр күйдің оқиғасын, тарихын айта отырып, қызығушылығын арттыруға тырысамын. Дәл жаныңда отырып тыңдаған олар күйдің құдіретін сезініп, басқаша қабылдайды. Өзіңмен қосылып қолын сермеп, ойнағысы келіп ынталанады. Көздерінен от байқаймын. Музыкаға деген құштарлық бар. Дейтұрғанмен олардың барлығын басы бүтін заманның смартфон, планшеттері ғаламторға жіпсіз байлап тастаған. Телефонға телмірген күйі бар ғұмырын өткізіп алуы да мүмкін ғой. Осы менің жаныма батады. Біз кезінде асық атып, ләңгі теуіп далаға кетіп қалсақ, қазір ел үміт артып отырған жастар интернетке телміріп, көзін де, уақытын да соған құрбан етуде. Сондықтан, жалт еткенге жаны жайнап сала беретін жастарымыздың арасында төл өнерімізді насихаттау мақсатында 60 жасыма орай республикалық деңгейде күй тартудан конкурс өткіздім.  Себебі талантты жастарымыздың шығармашылығын шыңдау аға ұрпақ – бізге парыз. Байқауда бір күй, менің туындымды орындаса, екінші халық композиторларының немесе Әбдімомын Желдібаев сынды жерлес ағаларымыздың күйлерін тартты. Алла жазса, бұл байқауды болашақта дәстүрге айналдыруға тырысамын. Осы тұста айта кетсем, бұл байқауды өзімнен басқа ешкім қаржыландырып отырған жоқ. Маған қуат пен талант берген Жаратушымыздан басқа ешқандай демеушім де жоқ. Айлығым 60-70 мың теңгенің төңірегінде ғана. Соған қарамастан тәуекелге бел буып, шамам келгенше осындай шараны жасауды, іске асыруды ұйғардым.  Себебі болашақты тізгіндейтін жастарымыз көз алдымызда жаңа заманға жұтылып, жат мәдениеттердің жетегіне жегіліп, ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқаны жүректі ауыртады. Ал оған қарсы тұрар жалғыз иммунитетіміз – халқымыздың асыл мұралары, өсиет-өнегесі екенін ұмытпауымыз керек. Осы шараны қолға алу барысында  облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы немесе басқа да өнер жанашырлары тарапынан ешқандай қолдау көріп отырған жоқпын. Ешкімнің алдына барған да емеспін. Өзіміздің ұлттық өнеріміз үшін көмектесіңдер деп біреуге жалынып бармаймын ғой. Себебі ол ортақ құндылық, ортақ парыз. Шараның насихатын тек әлеуметтік желілер арқылы өзіміз таратудамыз.

-Қорқыт, Кетбұға, Асан Қайғы, Қазтуған, Байжігіт, Боғда, Тәттімбет, Құрманғазы, Абыл, Тоқа, Ықылас сынды абыз тұлғалар қазақ күй өнерінің көшін бастаса, Қазанғап, Байсерке, Шортанбай, Тіленді, Дайрабай, Өскенбай, Мәмен, Дина, Аққыз, Сүгір, Сейтек сынды тума таланттар саф сарынды жаңа сатыға жеткізді. Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Қали Жантілеуов, Қаршыға Ахмедияров секілді бекзат таланттардың ізін жалғаған өздеріңіз арда өнердің алдында адал еңбек етіп келесіздер. Бұл күнде осы ұлы аманатты арқалап жүрген жастар бар ма, өнердегі шәкірттеріңіз кімдер?

-Күні кеше ғана Байзақ ауданында музыкалық мектептің 45 жылдығы болып өтті. Соған бізді шақырды, бардық. Сол жерде менен тәлім алған байзақтық оқушыларым, консерваториядан келген өнерпаздар өздерінің керемет дәстүрлі күй тартысын көрсетті. Бір байқағаным, солардың ішінде де болашағы мықты домбырашылар бар екен. Үзбей дайындалса Ұлы даланың атын шығаратын, бүкіл елді өнерімен тәнті ететін жастарымыз жоқ емес. Ерболат Тауасаров, Дидар Басығараевты алдына мақсат қойса жететін балалар деп айтуға болады. Қалай дегенмен олар әлі жас. Алтын уақыттарын ардақты ата-баба аманатына айналған күй өнеріне арнаса, одан жаман болмайтыны анық. Менің өзім алпысқа келсем де қартайдым деп қаусап отырған жоқпын. Шығармашылығым шарықтау шыңына шығып, әлі де бергенімнен берерім көп екеніне көзім жетеді. Ал олардың болашағы тіпті алда. Өнер жасты талғамайды, ал оны бағалайтын халық қана. Көшеде кездескенде маған үлкен кісілер «сенің анау күйіңді тыңдаймыз» десе, маған алғыстың «көкесі» сол. Мен министрлік тарапынан мәдениет қайраткерлігін, шетелдің марапаттарын  алғаным болмаса, осы күнге дейін ешқандай мемлекеттік наградаға ие болған емеспін. Себебі мен үшін үлкен награда ол халықтың алғысы. Бағасы мен ризашылығы. Осыншама ән мен күйді мен  марапатталу үшін емес, халықтың игілігіне жараса, болашақта жұртшылықтың жүрегінен орын алып, жастардың жанына рух сыйласа деп жаздым. Осы мақсатым ойдағыдай орындалса өнер бақыты да сол шығар.  Себебі жастар қашанда біздің үмітіміз. Оларда ынта бар, талпыныс та жоқ емес. Тек қолдау жеткіліксіз. Тиісті мекемелер  қазақи бағыттағы құндылықтарға басымдық беріп, нақты іс-шараларға қозғау салса, жастарымыз ұлттық өнерді ұлықтар еді. Жоғарыда айтып өткенімдей, әр жердегі жиындарда  жұлмалап 1-2 күйді орындатып қою ұлттық өнерді насихаттауға жатпайды. Бізде көбіне эстрадаға басымдық берілуде. Әрине, эстраданы да жоққа шығаруға болмайды. Оның да өзіндік жанрлары бар, дәстүрлі, классикалық, рок, рэп секілді. Бүгінде қазақтың маңдайына біткен перзент Димаш Құдайбергенов бүкіл әлемді өнерімен таңғалдыруда. Димаш  қазағымыздың сан ғасырларда бір-ақ мәрте келетін мақтанышы. Ол фортепианоның қанша пернесі болса, соның барлығын дауыспен орындай алады. Сол секілді домбырашыларымыз да бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-домбырашы,  қазақтың барлық күйшілік мектебін жете меңгерген Нүркен Әшіров осында оқып кеткен. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы факультетінің деканы. Інім Мадияр Малдыбаев мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Белес» тобының жетекшісі болды. Ол Америкаға қазақтың қасиетті қара домбырасын арқалап барып, бас жүлдені жеңіп қайтты. Өзім бастаған өнер ұжымы Германияда ансамбльден лауреат атандық. Ұлым Рүстем екеуіміз Белоруссияға барып, 1-орын алып келдік. Оған Балтық жағалауы елдірінен, Украинадан кіл мықтылар қатысты. Ресейдің өзі жұптасып ойнауға келгенде бізден қалып кетті.  Петропавлда өткен  композиторлар жарысында екі актавалық «Бұлбұл»  деген әнім жүлделі екінші орын иеленді. Адам талаптанса, мақсатына жетеді. Іс тындырып, із қалдырады артына. Әйтпесе «әу дегеннің бәрі әнші емес, ән шығарғанның бәрі Шәмші емес» деген секілді күйдің де күйі, әннің де әні бар. Ол халықтың жүрегіне жеткен кезде ғана күйші, композитор болып саналады. Ал егерде өзі шығарып, өзі айтып, елдің ығырын шығаратын нәрсе болса оның құны көк тиын.  Өнерде 25 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп жүріп елге белгілі Дана Маханбаева, Досымжан Таңатаров, Мадияр Малдыбаев, Айбек Сейітов  (Бүркіт) секілді  шәкірттер тәрбиеледім.

-Сіздің орныңызға осындай қарым-қабілетті, таудан талантты басқа біреуге берсе, бәлкім ол табыс үшін туған жерден тайып тұрар ма еді? Ал сіз өз өлкеңізден ешқайда табан аударған жоқсыз. Неге?

-Өте орынды сауал. Жас күнімде өнер ордасы болғаннан кейін Алматыға кетуді ойлайтынмын. Небір оркестрлерге шақырды. Алайда бұл менің жалғыз анамның асыл аманаты болатын. Ол кісі маған «мені жер қойнына тапсырғанша жанымда бол» деп аманат айтқан еді. Астана мен Алматыға қанша мәрте қызметтер ұсынса да анамның аманатынан аттаған емеспін. Сол анам Алла берген ғұмырын сүріп, 103 жасқа келіп дүниеден қайтты. Ал туған жер маған сол анамның көзіндей, балалық шағымның мұрасындай қымбат. Осы жерде жүрсем де еліміздің түкпір-түкпіріндегі жұрт туындыларымды танып жатыр.

-«Ерінбеген – етікші, ұялмаған – өлеңші» бол­ған мына заманда қасиетті қара домбыраны бойтұмар етіп, талай тағдырлы, мағыналы тундыларды дүниеге әкелдіңіз. Әр күйдің өз тарихы бар. Осы ретте, әйгілі «Көне Тараз» күйі өмірге қалай келді?

-«Көне Тараз» күйінің тарихы 1986 жылдан бастау алады. Ел тарихындағы ауыр оқиғаның бірі желтоқсан көтерілісі  болғаннан кейін көңілім жабырқап, елге қайтқым келіп жүрген кез еді. Сол уақытта «Көне Тараз сағынышы» деген күй жаздым. Жалпы күйдің өзі жарыққа толғанып, тебіреніп, сағынған кезде шығады ғой. Сол уақытта ежелгі Таразды көз алдыма елестетіп, маң-маң басқан түйелер, қазақтың ғанибет заманы, жазира даласы, үлкенді сыйлап, кішіге ізет танытып, бір-бірін риясыз шынайы құрметтеп, жаз жайлауы, қыс қыстауы болған керемет шағын, Шахристанға келе жатқан керуендерді ойлап, көне заманнан бастау алып шығардым. Бұл жаққа келгеннен кейін Жақсылық Сәтібеков ағамыз «Аман, сен қазір туған жерде жүрген жоқсың ба?. Сондықтан күй атауындағы сағыныш деген сөзді алып таста» деді. Солай ағаның ақылымен күй «Көне Тараз» деп аталып кетті. Кей кезде біреулер «Ежелгі Тараз» дейді, ал интернетте бірде Құрманғазының күйі, бірде Аман Малдыбаевтың күйі деп тұрады. Құрманғазы бабамыздың күй құдіретімен теңестіріп жатқандарына рахмет деп қоямын іштей (күліп). 1986 жылы шыққанымен, мен ол күйді тығып тастадым. Оңашада өзім ғана тартып, нотасын жазып, сандыққа салып қойдым. Кейін біреулер тауып алып, ойнайды ғой деп ойладым. Сөйтсем, ешкім іздемейтін көрінеді. Елдер келіп жатыр, өмірден өтіп жатыр. Біреуді біреу іздеп жатқан ешкім жоқ. Қой, күйімді насихаттайын деп 1993 жылы композитор Бағлан Омаров екеуіміз отырып, эстрадалық түрде дәстүрлі музыкаларды қосып жаздық. Ертеңінде бірден стадионда халықтың алдында  ойнауға кеттім. Содан бері сахнадан түспей келе жатыр. Көптеген жиындарда, маңызды шараларда, мерекелерде тартылады. Шет мемлекеттерге барғанда да орындап жүремін. Бірде делегация болып Германияға бардық. Сапар барысында алдын ала музыкамызды тыңдауға алған болатын, барсақ менің күйімді радиодан беріп жатыр. Үлкен әсерде қалдым.

-Бір күй шығарғанда қандай күйде боласыз?

-Көбіне туындыны таңға жуық жазамын. Таңғы 3-4-тер шамасында жазылады. Содан ішімде қазандай қайнайды. Кейде кем-кетігі болады, оны жонуға тура келеді. Бірақ мотивті сақтауға тырысамын. Кей кезде жұп-жұмыр болып дөңгеленіп түседі. Бірақ әрбір туындымды ұзақ ойдың елегінен өткізіп, халықтың жүрегіне жетеді-ау дегенде ғана елге ұсынамын. Шала-шарпы күйінде халыққа ешқашан туындыны алып шыққан  емеспін. Олай етсем ешкім ойнамақ түгілі, тыңдамайтын да еді. 2017 жылы Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі  ойнап келді менің күйімді. Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі  де «Көне Таразды» орындады. Қызылорда, Жезқазған филармонияларының ансамблдері, оркестрлері ойнады. Әлі де партитурамды батыс, шығыс, басқа да өңірлер сұрап жатады. Қазір қоржынымда отызшақты ән, оншақты күй бар. Нақты уақытта соңғы жазылған «Абыз толғауы» мен «Шағала жүрек» екеуін ойнап жүрмін. Оны «Qazaqstan» ұлттық арнасына жаздық. Ал Нүркен Әшіров «Көне Таразды» ойнап  күйтабаққа түсірді. Жалпы туындыларымды еліміздегі көптеген күйшілер, соның ішінде жастар көп орындайды. Кейбір күйлерімді бишілер алып алады. Онда күйдің аты, авторы айтылмайды ғой. Өздері де біле бермейді оны. Сондықтан ұлттық өнерімізді дамытуға, насихаттауға әлі де көп басымдық беру керек деп ойлаймын.

-Өмірдегі ірілі-ұсақты әрбір деталь шығармашыл адамның көңілін бей-жай қалдырмайтыны анық. Ал Сізді қоғамдағы қандай жайттар толғандырады? Және алпыстың асуында алға қандай мақсат қойып отырсыз?

-Қазіргі заманда ең бастысы халықтың тыныштығын тілеймін. Шамасы келгенше жұртшылықтың жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелсе екен деймін. Еңбекақысы жақсы болса елдің көңіл күйі де көтеріңкі  болады. Абай хакім айтпақшы, «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» дегеннен сақтасын. Елбасы айтқандай, біз біртұтас мемлекет болуымыз керек.  Сонда ғана өмірде де, өнерде де, өндірісте де сапа болады.

Қазір қарап тұрсаң, дүкеннен сатып алған алма үйде қанша тұрса да бұзылмайды. Себебі ол химиялық қоспалармен уланған. Сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Ал баяғы ауылдың таза алмасын алып, үйге қойып қойсаңыз, ол кебе бастайтын, өзіне тән иісі де болатын. Бұл бір ғана мысал. Мұндай картина әрбір өнімге байланысты. Қалта мен қарынның қамын ойламай, тепсе темір үзетін іскер азаматтарымыз сапалы дүниелерді елге жеткізуді, халықтың денсаулығын, болашағын ойлағаны абзал. Осы мәселе мені қатты алаңдатады.

Дархан дала, мөлдір су-бабалардың бізге берген адал аманаты. Сондықтан табиғат-ананы аялауымыз қажет. Оны жөн-жосықсыз пайдалана беруге болмайды. Қазақстанымыздың мәңгі жасауы, келешегіміздің мықты болуы жастарға байланысты. Менің өмірімде де қиын сәттер көп болды. Денсаулығыма байланысты ауруханада жатқан кездерде 15 күн бойы нәр татпай, тек қара суды ғана қорек еткенімде де мойыған емеспін. Әлі күнге дейін Ы.Сүлейменов көшесіндегі үйімнен ТарМПУ-дың Сәтпаев көшесіндегі ғимаратындағы жұмыс орныма жаяу келемін.  Жастарға да осындай жігер, қажымас қайрат тілеймін. Әрбір азаматтың жан дүниесі таза болмаса, ол ешуақытта жақсы азамат болмайды. Ал таза болса, оны әрдайым қолдап, қорғап тұратын күш бар екенін ұмытпаған абзат.

Алда үлкен үлкен концерттер өткізсем деген ойдамын. Өйткені халық толығымен менің күйлерімді білмейді. Бірін білсе, бірінен бейхабар. Басқа да жазылатын, іштей жоспарлап жүрген дүниелерім, тың туындыларым  бар. Күй арқылы әрбір өскелең ұрпақтың жүрегі күмбірлеп, қазақ деп соққанын қалаймын. Сол үшін еңбек етемін.

-Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылығыңызға шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз.

Cұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *