Алматыда VI сыбайлас жемқорлыққа қарсы дәстүрлі конференция өтті

08/12/20201min1060

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында 2020 жылғы 8 желтоқсанда алғаш рет онлайн-форматта Нұрсұлтан Назарбаев Қорының, ЕҚЫҰ және басқа да бірқатар серіктестердің қолдауымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен «Парасаттылыққа апаратын сара жол: айқындылықты, есептілікті және қоғамдық қатысуды арттыру» атты VI дәстүрлі конференция өтті.

Конференцияны ашқан Алик Шпекбаев Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясаты озық халықаралық стандарттар негізінде жетілдіруді жалғастырып келе жатқанын атап өтті. «Біз саяси жаңғыруға басымдық беру арқылы кешенді тәсілдің маңыздылығын түсіне отырып, жемқорлыққа қарсы реформалар жүргізудеміз», — деді Антикор төрағасы.

Сондай-ақ, Моңғолия мен Өзбекстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарының бірінші басшылары Д. Зандраа мен А.Бурханов, ҚХР Мемлекеттік қадағалау комиссиясы басшысының орынбасары Лю Си өз сөздерінде әсіресе, бүкіл әлемде мемлекеттік институттарға сенім төмендеген пандемия кезінде жемқорлыққа қарсы пәрменді күрестің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

БҰҰ ЕҚБ бағдарламалық кеңсесінің басшысы Н. Риаз және БҰҰДБ тұрақты өкілі Я. Бериш Қазақстанның БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының негізгі ережелерін енгізу бойынша орасан зор қадамдар жасап жатқанын атап өтті.

Қатысушылар жемқорлыққа қарсы бастамалардың тиімділігін бағалау тәсілдерін, ашықтық пен қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету тетіктерін, сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жауапкершілікке тарту тәжірибесін, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың цифрлық құралдарын талқылады.

Іс-шара қорытындысы бойынша шетелдік серіктестермен және ҮЕҰ-мен одан әрі ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізіліп, елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі дамытудың ықтимал бағыттары айқындалды.