Таңдаулы жаңалықтар:

Әліпби ауыстыру – таңба өзгерту емес

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру арнайы жобасы Елбасының рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласының аясында жүзеге асырылып жатыр.

Ұлттық комияссия назарына қаңтар айында ұсынылған жетілдірілген латын әліпбиі мақұлданып, мемлекет басышысының мақұлдауына жолданған. Бұл процестің күзге қалғаны туралы ақпар бар.

«Мемлекет басшысының 2019 жылдың қазанындағы тапсырмасына сәйкес уәкілетті орган лингвист ғалымдарды тарта отырып, әліпбиді жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі кезге дейін үкімет жанындағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфаграфикалық топтың отырыстары өткізілді. Бауырлас елдердің латын графикасына көшу тәжірибесін зерделеу, тәжірибе алмасу мақсатында екі халықаралық конференция өткізілді. Екі республикалық ашық талқылау жұмыстары мен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатымен бірлескен талқылау жұмыстары да жүргізілді», — дейді Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек.

Қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі республикалық жоспарға өзгерістер енгізілуде. Қоғамдық қатынастардың барлық салаларына латын графикасын енгізу, соның ішінде көрнекі ақпаратты, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді, ісқағаздар ісін жүргізуді, азаматтардың төлқұжатындағы кирилл таңбалаларын латын графикасына ауыстыру және тағы басқа да жұмыстар осы жоспар аясында жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.

«Әліпби ауыстыру тек таңба өзгерту емес. Ол тілге жасалатын үлкен реформа. Тіліміздегі жазба коммуникациясын оңтайландыруға арналған біршама оң өзгерістер орын алады. Ол ережелерге шет тілінен енген сөздерді қазақ тілінің емле-ережелерге сәйкес қазақшалап жазу сынды өзгерістер енгізілді. Барлық кірме сөздерді қазақшалау жазарман үшін қолайсыздық тудырады. Осыны ескере отырып ғалымдарымыз реформаны эволюциялық жолмен жасамаққа бекінді», — дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы Анар Фазылжан.

Қазіргі кезде ғалымдар тарапынан орфоэпиялық сөздік, орфоэпиялық анықтағыш, орфографиялық сөздік, орфографиялық анықтағыштар жасалып жатыр. Сондай-ақ латын графикасына негізделген қазақ тілінің емле-ережелері де әзірленуде.

Ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан: «Жаңа әліпбиге қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан ұсыныстар легі әлі де бар. Десе де, жетілдірілген әліпби көпшіліктің көңілінен шыққанын әлеуметтік желі беттерінен, БАҚ мәліметтерінен көре аламыз. Институт осы ұсыныстарға жауап берумен де айналысатынын» тілге тиек етті.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *