Таңдаулы жаңалықтар:

Алик Шпекбаев IMD (Халықаралық басқарушылық даму институты) сарапшыларымен онлайн-кездесу өткізді

10/02/20211min1350

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасы Алик Шпекбаевтың Халықаралық басқарушылық даму институтының (IMD) Операциялық бөлімі басшысы Христос Каболис және швейцариялық Лозаннада орналасқан Бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығының сарапшысы Марко Пистиспен онлайн-кездесуі өтті.

Презентациялық материалдармен танысқан Христос Каболис Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының іске асырылуын жоғары бағалап, «саяси жаңғырту призмасы арқылы оны жетілдірудің дәйекті және ойластырылған сипатын, сондай-ақ алдын алу-профилактикалық, тәрбиелік-білім беру және қылмыстық-құқықтық құралдарды қолданудағы кешенді тәсілді» ерекше атап өтті.

Жаһандық коронавирустық дағдарыс кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу шаралары сарапшылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Сарапшылар: «жазаның бұлтартпастығы, медициналық мекемелердің, дәріханалар мен қоймалардың мониторингіне азаматтық қоғамды кеңінен тарту, гуманитарлық көмекті сүйемелдеу, ең бастысы, осы процестің ашықтығы мен айқындылығы мемлекеттік аппараттың, бизнес-қоғамдастықтың және Қазақстан жұртшылығының осындай күрделі кезеңдегі жұмысының жүйелілігі мен шоғырландырылғанын көрсетеді», — деп атап көрсетті.

Марко Пистис өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативті хаттаманы ратификациялау туралы ақпаратты үлкен ықыласпен қабылдады. Сарапшы, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесін уақтылы енгізуге және үздік халықаралық тәжірибе негізінде ақпараттандырушыларды қорғаудың кешенді жүйесін (whistleblowers) жоспарлы енгізуге назар аударды.

Алик Шпекбаев шетелдік сарапшылардың сұрақтарына жауап бере отырып, дағдарысқа қарсы шаралар кешені туралы егжей-тегжейлі баяндады. «Ел басшылығының саяси ерік-жігерінің арқасында Қазақстанда 700 мың кәсіпкер үшін салық жеңілдіктері, зардап шеккен салалар қарыз алушыларының 80% үшін несиелерін кейінге қалдыру, даму бағдарламалары аясында 40 мың жобаны қаржыландыру түрінде экономиканы қолдаудың бұрын соңды болмаған шаралары қабылданды», — деп атап өтті Агенттік Төрағасы.

Бұдан басқа, Агенттік басшысы сұхбаттасушыларды «Адалдық алаңы», «Protecting business and investments» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларының, «Ашық бюджет» пен Ашық бюджет интерактивті картасының нәтижелерімен, сондай-ақ, Орталық Азия өңіріндегі өзара іс-қимыл аясындағы іс-шаралармен таныстырды.

Кездесу соңында тараптар сындарлы ынтымақтастықты, әсіресе цифрлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы шешімдер бойынша IMD тарапынан әдістемелік қолдау және кеңес беру бөлігінде жалғастыру туралы уағдаласты.