Алик Шпекбаев IHS Markit зерттеу компаниясының бас талдаушысымен онлайн-кездесу өткізді

14/12/20201min510

Халықаралық рейтингтік ұйымдардың сарапшыларымен диалогты жалғастыра отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев IHS Markit бас талдаушысы Алекс Меликишвилимен кездесті.

Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының басшысы сұхбаттасушыны сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың соңғы өзгерістерімен таныстырып, заңнамалық новеллалар мен саяси жаңғырту шараларына баса назар аударды.

Спикер жаңа алдын алу институттарын іске асырудың алғашқы нәтижелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Олардың ішінде бірінші басшылардың отставкаға кетуі, НҚА-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі, комплаенс-қызметтер институтын енгізу, сыбайлас жемқорлық қылмыстар субъектілерін кеңейту, квазимемлекеттік сектор басшыларының сыбайлас жемқорлыққа және мүдделер қақтығысына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауаптылығы атап өтілді.

Агенттік төрағасы халықаралық ұйымдардың, соның ішінде IHS Markit ұсынымдарының орындалуына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар үшін мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою, құқық қорғау және сот органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін қатаңдату, мүдделер қақтығысының алдын алу бойынша шектеулерді кеңейту және шетелдік банктердегі шоттарды иеленуге тыйым салу, сондай-ақ бизнесті қорғауды күшейту атап өтілді.

Кездесу соңында тараптар ортақ мақсаттарға табысты қол жеткізу үшін диалогты жалғастыруға ниет білдірді.