Таңдаулы жаңалықтар:

ӘДЕБИ КЕШ ҚАЗАҚТЫҢ КЕМЕЛ ОЙЛЫ, КЕМЕҢГЕР ЖАЗУШЫСЫНА АРНАЛДЫ - Zau.kz

Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Кемел ойлы, кемеңгер жазушы» әдеби кеші өтті. Кездесу талантты қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, Дүниежүзілік өнер және мәдениет академиясының академигі Роллан Сейсенбаевтың 75 жас мерейтойына орай жазушы шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.

Роллан Сейсенбаев — шығармашылығымен бірге Лондондағы Абай үйінің іргетасын қалап, халықаралық Абай клубын құрған қазақтың дарынды тұлғасы. Халықаралық «Аманат» әдеби журналы арқылы қазақ әдебиетінің інжу-маржанын шетелге таратып, шетел классиктерін қазақ тілінде сөйлетуінің өзі жазушының Отанына, еліне деген адалдығын танытса керек.

Кеш қонақтары тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев пен жас Абайтанушы Әзімхан Исабек жазушының шығармашылығына тоқталып, ондағы қазақы мінезді әңгімеледі.

— Роллан Сейсенбаевпен бізді байланыстырып тұрған — Абай. Ол Абайды Қазақстан енді тәуелсіздік алып, жас мемлекет болып тұрған тұста, 1995 жылы Ұлыбританияда Абай үйін ашып, әлемге паш етті. Ол Абай арқылы әлемге қазақ елін танытты. Ол — тағдырлы жазушы. Кейбір шығармасын орыс тілінде жазса да, одан қазақылықтың иісі аңқып тұрды. Сонау Кеңес дәуірінің өзінде ол өзінің шеберлігімен, «Өзімді іздеймін» деген шығармасын жазды. Ол кезеңде өзімді іздеймін деп айтудың өзі қауіпті еді, — деп Қ.Анарбаев жазушы шығармашылығының өзектілігіне тоқталды.

Жас Абайтанушы Ә.Исабек ақын Абай мен жазушы Роллан арасындағы үндестікті баяндай келе, Абай Құнанбаевтың Шымкентте қалған ұрпақтары жөнінде тың мәліметпен бөлісті.
Жас оқырмандар Түркістан облыстық филармониясының әншісі Н.Төлегеновтың орындауындағы «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін тыңдады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *