Таңдаулы жаңалықтар:

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

Шымкентте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл рәсім кемеңгердің туған күніне орай ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, ақын, абайтанушы Абай Қалшабек және басқалар қатысты.

-Ұлы философ, ақын, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ретінде өміршең құнды мұралар қалдырды. Қай шығармасын алсақ та, халқын білім-ғылым іздеуге, қоғамды өркендетуге шақырған әдеби еңбектері, адамзатты сүю мен ой тазалығы туралы пікірлері өзектілігін жоймайды. Ғылым таппай мақтанба өлеңінің өзі қандай?! Бала кезімізде оның мәнін, құндылығын дұрыс түсінбедік. Жаттап айтқанымыз есте. 9-10 сынып оқығанда ғана терең мағынасын білдік. Сондықтан Абай мұрасы әлі де зерттелу керек,-деді Бахадыр Нарымбетов.

Қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенованың айтуынша, Абайдың туған күніне арналған 12 іс-шара карантин талаптарын сақтай отырып, күні бойы жалғасады.