5-ші толқында тараздық 5179 отбасыға көмек берілді

Республика бойынша осыған дейін 50 мың теңге алмаған, жеті санатқа жататын 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасына 50 мың теңге көлемінде төлемдер ұйымдастырылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке бірлесіп осындай жұмысты жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Осыған орай, «Birgemiz» қорынан берілетін бір реттік (50 мың теңге) әлеуметтік көмекті тараздық 5179 тұрғын алды.
Көмек 7 санат бойынша жергілікті атқарушы органның тізіміне сәйкес берілді. Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұл жетім балалар мен асыраушысының бірінен айрылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектер және соларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар.
Айта кету керек, «Birgemiz» қоғамдық қоры Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Ал біздің аймақта «Birgemiz-Jambyl oblysy» қоғамдық қоры жұмыс істеуде. Қор тарапынан бұған дейін әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын 33 мыңнан астам облыс тұрғынына материалдық көмек көрсетілген болатын.