Таңдаулы жаңалықтар:

«ҮЗДІК ПЕДАГОГ — 2021» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Шымкент қаласында «Ұстаздар күні» мерекесіне арналған «Үздік педагог — 2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қала мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, байқауда үздік деп танылған педагогтарды марапаттады. 2021 жылдың 26-28 мамыр күндері педагогтерге арналған «Үздік педагог» конкурсының қалалық кезеңі өткізілген болатын. Қорытындыға сәйкес, «Үздік педагог» байқауының іріктеу кезеңінде 21 ұстаз жеңімпаз атанды. Үш педагог 27-29 қыркүйек күндері Қостанай қаласында өткен республикалық конкурста үздік деп танылды.

Шыңғыс Жұмабекұлы байқау жеңімпаздарына Алғыс хат және қаржылай сертификатын табыс етті. – Мемлекет басшысы ұстаздардың ағартушылық қызметі, жас буынды тәрбиелеу жолындағы тынымсыз еңбегі қашанда жоғары бағаланатынын айтты. Тәуелсіздіктің 30 жылында Шымкент қаласының білім саласы қомақты жетістіктерге қол жеткізді. Қаланың білім беру ұйымдарында 28 702 педагог жұмыс істейді. Олардың жалақысы 2020-2021 жылдары 50%-ға артса, 2022 жылы 25%-ға көбейеді. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға қаланың «Үздік педагог» атағы беріліп, айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген (875100 теңге) мөлшерінде сыйақы төленеді. Республикалық конкурстың жеңімпаздары «Үздік педагог» атағымен марапатталып, «Педагог мәртебесі туралы» Заңда көрсетілген тәртіпте сыйақы төленеді. Жеңістеріңіз құтты болсын, ұстаздар! Кәсіби мерекелеріңізде мерейлеріңіз арта берсін!, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары құттықтау сөзінде. Қала педагогтері «Үздік педагог» атағын беру қағидаларының ерекшеліктері бойынша жыл бойы әдістемелік орталық қызметкерлерімен бірлесе жүйелі түрде жұмыстар жүргізді. Байқаудың қалалық кезеңінде Жол-көлік, Саз, индустриалды-техникалық колледждің, мектептердің және балабақшалардың ұстаздары өз біліктілігін байқатты.

Республикалық кезеңде №122 «Ақжар» жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Ш.Бегманова, М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназияның математика пәні мұғалімі Т.Харченко, №1 дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатының биология пәні мұғалімі Ә.Тұрышова жеңімпаз атанды.