Таңдаулы жаңалықтар:

ҮЗДІК МЕКТЕП ТАҒЫ ДА ҮЗДІК КӨРСЕТКІШ КӨРСЕТТІ!!!

Қазіргі уақытта әлемдік пандемия салдарынан елімізде көптеген салаларда қиындықтар орын алғанынан бәріміз де хабардармыз. Оның ішінде, 2020 жылы COVID-19 коронавирусы әлемге қауіп төндіріп, біздің елімізде де төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап, білім беру саласында да түбегейлі тарихи өзгерістер жасалды. Соның ішінде, білім беру жүйесі қашықтан оқыту үдерісіне көшті.

Қашықтан оқытуды ұйымдастыру барысында көптеген қиындықтар, кедергілер болып, қоғамда мұғалімдер тарапына көптеген сыни пікірлер айтылды, соның ең бір өзектісі, білім сапасының төмендеуі туралы еді. Бірақ, бұл құбылыс барлық оқу орнында орын алды, барлық мектептердің білім сапасы төмендеді деп айту, жалған болар еді. Қашықтан оқыту барысында да, білім сапасын түсірмей, қалалық, республикалық, тіпті, халықаралық олимпиада, түрлі байқауларда жүлделі орындар алып жүрген білім ошақтары жоқ емес, соның бірі, бірегейі деуге болады, Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы.Қашықтан оқыту барысында да білім сапасын жоғары деңгейде көрсетіп, оқушылары да, мұғалімдері де ерен жетістіктерге қол жеткізуде. Білім сапасын айғақтайтын бірден-бір бақылау үдерісі – ҰБТ екені бәрімізге белгілі. Қашықтан оқыту барысында ҰБТ-ның өтілу форматы да өзгеріп, биылғы жылы алғаш рет оқушылар ҰБТ-ны электронды форматта тапсырды. Білім сапасының шынайылығы, ашықтығы осы үдеріс барысында анық көрінді. Осы бағытта А.Ш.Орынбеков 2012 жылы ашылғаннан басқарып келе жатқан №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша Шымкент қаласындағы 140-қа жуық мектеп арасында алғашқы орында келе жатқан болса, биылғы жылы электронды форматта да бітіруші түлектер өте жақсы нәтиже көрсетті.Мектепті 110 оқушы бітіріп, оның ішінде, мамыр айында 108 оқушы (2 оқушы денсаулығына байланысты өз еріктерімен бас тартқан) электронды форматта ҰБТ тапсырды. Маусым айында 104 оқушы ( 6 оқушы денсаулықтарына байланысты бас тартқан) ҰБТ тапсырды. Кеше 14 тамыз күні ЖОО-на түсу үшін конкурсқа қатысып, мемлекеттік Грант ұтып алған түлектердің тізімі жарияланды. 80-нен астам оқушы мемлекеттік Грант иегері атанып, 2 оқушы шетелде оқитын болса, қалған оқушылар ақылы негізде білім алатын болады. Атап айтар болсақ, 11 А сыныбынан 29 оқушының 25-і мемлекеттік Грант ұтып алса, 11 Ә сыныбынан 28 оқушының 21-і Грант иегері атанған, қалған сыныптар да жақсы көрсеткіш көрсеткен. Алтын белгі иегері – 3 оқушы, Үздік аттестат иегері – 4 оқушы. 2012 жылы мектеп жалпы орта мектеп мәртебесімен ашылғаннан бері: 60 Алтын белгі, 40 Үздік аттестат иегері шықты, мемлекеттік Грант иегері — 700-ден астам.
Мектеп-гимназия басшысы А.Ш.Орынбековтың «Жетістікке жететін адам қандай жағдайда да жетеді, қолынан келеді, ал қалғанының бәрі – сылтау» деген қағидасының қай уақытта да өзекті екеніне, осындай нәтижелеріне куә болып, көз жеткізіп отырмыз. Жаңа 2021-2022 оқу жылы басталып жатыр, жаңа оқу жылында да мектеп басшысының алтын қағидасын ұстаным етіп, ұжым ұстаздары мен шәкірттері әлі талай асуларды еңсеріп, биік жетістіктерге жететініне сенімдіміз!

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *