Таңдаулы жаңалықтар:

ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП САНЫН АЗАЙТУ ЖОБАСЫ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ - Zau.kz

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында әзірленген жол картасында оқушы саны артып, сыйымдылығы аз мектептерге қосымша ғимарат салу мәселесі қарастырылған.

Бұл мәселені шешу үшін арнайы жоба қолға алынған. Мәселен, бүгінде Еңбекші ауданында орналасқан №46 мектеп-лицейіне қосымша 300 орындық ғимарат салу құрылысы жүргізіліп жатыр.

Құрылыс жұмыстарымен «Nur Otan» партиясы Еңбекші аудандық филиалының төрағасы, Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы және Шымкент қалалық маслихатының депутаттары Оспаналиева Рашкүл Жәлелқызы, Әшірбаев Байкен Әшірбайұлы, «Nur Otan» партиясы Еңбекші аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Реметов Сабит Аппасұлы танысып қайтты.

Бұдан бөлек, жобаға сәйкес оқушыларға арнайы дене шынықтыру залы, 110 орындық асхана, 10 мың кітап қорына арналған кітапхана және 8 орындық оқу залы бой көтереді.

Айта кетейік, білім ордасының жанынан салынып жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстары 2021 жылдың маусым айында басталған. Жоба 2022 жылға өтпелі.

Тапсырыс беруші: Шымкент қаласының құрылыс басқармасы, ал мердігер мекеме: «Корпорация Ақ ордасы» ЖШС болып отыр.
Жоғарыда аталған қосымша оқу ғимаратымен бірге жобада қарастырылған нысандардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген соң, 38 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.